СЕНЕРІМ – АЛЛА, ТҰҒЫРЫМ – ХАЛЫҚ

25 Тамыз 2014, 10:28

Абзал ҚУАНЫШҰЛЫ, дəстүрлі əнші, республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты:

Абзал ҚУАНЫШҰЛЫ, дəстүрлі əнші, республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты:

– Абзал, сіз аспандағы аққуға үн қосып, дəстүрді дəріп- теген дүлдүл əншілер Қайрат Байбосынов пен Бекболат Тілеухановтың шəкіртісіз. Сізді «Ұстаздан жолы болған əнші» десек, қателеспейтін шығармыз...

– Жалпы, менің өнер жолына түсуіме септігін тигізген азаматтар көп болды. Əңгімені əріден бастасам, туып-өскен жерім – Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Кеңес одағының батыры Нұркен Əбдіров атындағы ауыл. Біздің ауылдан ақын да, батыр да, журналист те, сатирик те шыққан. Сахна саңлағы, КСРО халық артисі Шолпан Жандарбекова да сол қасиетті мекенде дүниеге келген. Жарты ғасыр өмірін фарабитануға арнаған Ақжан Машанидің де кіндік қаны сол жерге тамыпты. Республикаға аты танымал журналист Тілеуқабыл Байтұрсынов туған нағашым болып келеді. Жеті жыл семіп қалған екі бүйрекпен алысып, ақпан айында 42 жасында өмірден өткен Мартбек Тоқмырзамен бір үзім нанды бөле жеген бөлеміз. Осындай айтулы азаматтардың арасынан ұлы көшке ілесіп, қолыма қара домбырамды ұстап шыққан жайым бар. Өз атам Жұманбай да заманында Қарқаралы, Ақтоғай, Балқаш өңіріне шешендігімен танымал болған көрінеді. Кезінде Ақселеу ағамыз жазып, бұрынғы «Мəдениет жəне тұрмыс» журналына жариялаған «Жынды Ысқақтың əңгімелері» деген əңгімедегі кейіпкер Ысқақтармен қатар жүрген екен. Бірақ мен атамды көрген емеспін. Əкем əншілігімен, қара сөзге дес бермейтін шешендігімен ауыл-аймаққа мəлім азамат. Таяуда ғана 63 жас- қа толды. Бір қызығы, əкем батыстың дəстүрлі əн мектебін жақсы көреді. Біздің бала күнімізде Мұхиттың «Айнамкөз»,

«Үлкен айдай», «Кіші айдайын» «əннің төресі осылар» деп аузынан тастамайтын. Анам да əу бастан отырған жерін əнге бөлеп, думанға айналдырып отыратын сауықшыл жан. Маған өнер сол кісілерден дарыса керек. Ең алғаш бес жасымда Жеңіс күні мерекесінде Мұқан Төлебаевтың «Кестелі орамал» əнін орындадым. Қызық болғанда, елдің алдында тұрып, екінші шумағын ұмытып қалмасым бар ма?! Жұрт қол шапалақтап, қолпаштап жатыр. Қипақтап əрі тұрдым, бері тұрдым. Баянмен сүйемелдеуші ұстазым Мейрам Əрінов қайырмасын қайта қайта ойнайды, бірақ шумағын енді айтайын десем, түк есіме түспейді. Бұл қорлыққа күйіп кеткенім соншалық, сахна сырты- нда тұрған əкеме мұңымды шағып, ал кеп бақырып жылайын... Содан бастап əкем, Айман деген домбырашы апайым мені өнерге түбегейлі баулыды. Кейіннен мектеп директоры Жəні- бек Жаманқұлов, ауылымыздың басшылары марқұм Салықбай Нарымбеков, Көкенай Мұстағұлов, Ернияз Ахметчин деген ау- ыл азаматтары тіреу болып, нағашым Тілеуқабыл Байтұрсынов 1989 жылы Алматыдағы А.Жұбанов атындағы мектеп – интернатқа алып келді.

– Сіз ол кезде неше жаста едіңіз?

– Он екі-он үш жастағы баламын. Ауылдан бірінші шыққан бетім. Жер жаннаты – Жетісу, Алатау бөктеріндегі Алматы мен үшін арман қала, əлемде теңдесі жоқ шаһар. Алмасы үлкен қалаға бала кезімнен қатты ғашықпын. Қазір елдің бəріне Ас- тана қандай ыстық көрінсе, маған Алматының əлі күнге дейін орны бөлек. Ең бірінші келгенде журналист ағамыз Сəулебек Жəмкеновтің үйіне тоқтағанбыз. Сол кісі музыкалық мектепке ертіп апарды.

Жолым болып, домбыра класына оқуға қабылдандым. Мек- тепте Бекболат Тілеуханов əн факультативінен сабақ береді екен. Ол кісі сол кезде консерваторияның екінші əлде үшінші курс студенті-тін. Маған əп дегеннен Иман Жүсіптің əнін үйрет- ті. Менің тұңғыш рет үйренген дəстүрлі əнім осы еді. Кейін Жүсіпбек Елебековтен дəріс алған Қанат Құдайбергеновтің қолына түстім. Қанат аға «мынау, сенің еліңнің əні» деп Ақыл- байдың əнімен таныстырды. Кейде «бала, ауылыңды сағынған боларсың. Ақылбайдың əнін айтшы, Ақылбайдың əнін сенен артық айтатын адам жоқ» деп, қанаттандырып, мақтаңқырап алатын. Не керек, Жұбанов мектебінде алтыншы сыныптан, се- гізінші сыныпқа дейін оқыдым. Жоғарыда атап өткен бөлем Мартбек Тоқмырза «ҚазМҰУ»-дің журналистика факультетін 1992 жылы бітіріп, елге жол жүретін болды. Мен үлкен қалада жалғыз өзім қалмайын деген оймен, Қарағандыдағы Тəттімбет атындағы музыкалық колледжге түсіп, бөлеме ілесіп, ауылға қайттым. Мартбек ағам облыстық телеарнаға жұмысқа тұрды. Қайда істесе де мені ұмытпайтын. Үлкен көмегі тиді. Əндерімді жергілікті радиоға жаздырып, телеарнаға хабарлар түсіртті. Мұнда да домбыра класынан білімімді жалғастырдым. Əн са- бағын қосымша Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мей- ірхан Адамбековжүргізетін. Олкісі Біржансалдың«Сырғақты», Мəдидің «Қарқаралы», «Қаракесек», сияқты əндерді бойыма сіңірді. Өзім бала кезімнен халық артисі Нұрғали Нүсіпжановқа қатты еліктейтінмін. Бертін келе, марқұм Жəнібек Кəрменовтің əндерін көп тыңдадым. 1993 жылы Жүсіпбек Елебеков атында- ғы І облыстық дəстүрлі əншілер байқауы өтіп, дипломант атан- дым. Осы сəттен бастап дəстүрлі өнерге біржола бет бұрдым...

– Киелі өнер – күйшілік қол болмады ма?

– Домбырадан Əбілтай Шоқанбаев деген ағам сабақ берді. Бірақ қанша республикалық күйшілер байқауына қатыссам да ешқандайжүлдеалмадым. Əйтеуір, бағымжанбады. Сөйтіп, күй тартудан көңілім қалып, əнге көштім. 1996 жылы колледждің соңғы курсында оқып жүргенімде Жүсіпбек Елебеков атындағы облыстық дəстүрлі əншілер байқауы екінші мəрте өтті. Сонда Бекболат Тілеуханов қазылар алқасының құрамында отырды. Мен жүлделі екінші орын алып, Бекболат аға консерваторияға, бұрынғы – Халық аспаптар, қазіргі – Халық музыкасы факуль- тетіне шақырды. Төрт жыл бойы Қайрат Байбосынов, Бекбол- ат Тілеуханов, Сəуле Жанпейісова, Ержан Қосбармақов, Берік Жүсіптен тəлім-тəрбие алдым. Осы жерде Жүсіпбек Елебековтің зайыбы Хабиба апаймен таныстым. Дəстүрлі өнерде жүрген əншілермен араласа бастадым. Ербол Айтбаев, Еркін Шүкіманов, Ақан Əбдуəлі, Сержан Мұсайынов, Мұрат Əбу- ғазы, Тілеулес Құрманғалиев, Саян Мұхамедияровтармен бірге оқыдым. Біздің арамызда сол кезде əннің сайысы, əннің базары қайнап жататын. Бөлмеміз қонақтан арылмайтын. Біздің сабаққа дайындығымыз сол – кешкісін отырып бір-бірімізге əн салып, бір-біріміздің жігерімізді жаныдық. Бірімізге қарап біріміз қателігімізді көрдік, артықшылығымызға сүйсініп, кем- шілігімізді түзедік. Құдайға шүкір, олардың барлығы қазір белгілі өнер майталмандарына айналды.

– Сіз шығармашылық жолыңызға септігін тигізген адамдарды айттыңыз, бірақ кез келген əншінің өнерінде де, өмірінде де қолдап жүретін жанашыр ағалары болады. Сізде ондай қамқор адам бар ма?

– Менің көкем де, қолдаушым да, сүйенерім де – бір Алла. Қазір қолдаушы іздеп, біреуге «көке» деп барсаң, ол бергеннен кейін қайтарымын сұрайды. «Қазіргі заманда берген емес, ал- ған жомарт» дейдi ғой. Алғаннан кейін қайтару керек. Сондық- тан тірі пенденің алдында кіріптар болмай, бір Аллаға ғана сенемін. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» дейді хакім Абай. Менің демеушім – Алла, тұғырым – халық. Сүйемелдеушім – жоғарыдағы ұстаздарым. Мен қанша жетістікке жетсем, оның барлығына сеп болған сол игі-жақсылар. Артық-кемімді асырып, жетпей жатқан жерімді жасырып, түзеп, тезге салып, төрелігін айтатын төл ұстазым – Мейірхан Адамбеков. Алхалық– өнерімніңсыншысы. Сахнадан түсе салып, көпшіліктің ортасына кірген кезде, елдің берген ба- тасы мені шексіз бақытты етеді. Төбем көкке жеткендей күй кешемін. Халқым аман болса, тіршілігіме мығым болсам, дəм-тұзым таусылмаса, өнерім өсіп-өркендей беретіні сөзсіз. Мен өнерде көкесіз жүрген азаматпын, іздемеймін де.

– Сіздің алдыңыздан қандай мəселе жиі шығады?

– Кейбір достарым «Сен неге эфирден көрінбейсің?» деп үнемі сұрайды. Эфирде болатындай хабар бар ма, қазір. Мы- салға, бүгінгі таңда «Қазақстан» ұлттық арнасында «Сегіз қыр- лы» деген дəстүрлі əндерге арналған бірақ бағдарлама бар, онда да оған менің шығуым ыңғайсыз. Ұстаз болып жүргенде жаңадан шығып келе жатқан іні-қарындастарыммен жағаласып нем бар?! Біздің көрінетін жеріміз халықтың ортасы, той-томалақ, тұсаукесер, сүндет той, тілашар, шілдехана, бесік той... Сонымен қатар алпыс жылдық, жетпіс жылдық, сексен жыл- дық...

– Эфирде жоқ болсаңыз да, тойшыл қауым қызықшы- лықтарына өздері тауып алып жатыр ғой...

– Құдайға шүкір... Халыққа деген ризашылығым шексіз. Бір ғасырда бір туатын қазақ өнерінің майталманы, тарпаң мінез, кесек тұлға Нұрғиса Тілендиев «Мен халыққа еркелеймін. Менің еркелігімді көтерген халыққа мың алғыс!» деген екен. Халық бар жерде өнер бар, өнер бар жерде Абзал сияқты өнер- паздар бар.

– Өнер академиясында сабақ бересіз бе?

– Иə, Өнер академиясына келуімнің өзі бір қызық оқиға. Консерваторияны бітіргеннен кейін Қарағандыдағы Тəттімбет атындағы өзім оқыған музыкалық колледжде жұмыс істедім. 2001 жылы Алматыға қайта келдім де, үйде екі ай бос жаттым. Қанша талпыныс жасасам да өз мамандығым бойынша еш жер жұмысқа алмайды. Содан «екі қолға бір күрек» деп, күздің күні елдің бəрі сабаққа кіріскен кезде мен құрылыс саласына кеттім. Бір жылдан кейін Алматыда бірінші ашылған кір жуғыш ұнтақтар шығаратын зауыттан бір-ақ шықтым. Бірінші кезде жүкші болып орналастым. Сол кезде ауыр жұмыстың барлығын бастан өткердік. Ауылда туғаным, жастайымнан еңбекке ара- ласқаным, əкемнің үнемі айтатын ақылы дəл сол жерде көп көмектесті. Əкем Алматыға кетіп бара жатқанымда «Балам, сен ешкімнен артық емессің. Елдің сен сияқты əнші балалары жүр ғой, қалада қаңғып, сен де қаңғырсың. Бірақ жасыма, жігіт атыңа лайық бол» деген сөзі қанат бітіретін. Жұмыста өзімді əншімін деген жоқпын. Ел қалай жұмыс істесе, мен де солардан қалыспадым. Тура өзімнің төл мамандығымдай бар жан-тəнім- мен еңбек еттім. Ел қатарлы ақша таптым, бала-шағамды асырадым. Жаман болғаным жоқ. Бірақ сол кезде өнерден біржолата кеткен шығармын деп ойлайтынмын. Құрылыста да, зауытта да домбырамды қасымнан бір елі тастамадым. Өнерлі адам қай жерде де өнерлі екеніне сонда көзім жетті. Құдайдың берер несібесі таусылмайды екен, 2003 жылы музыкатанушы Гүлзада Омарова деген апайым Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына əнші-оқытушы іздейді. Сонда қазақтан шыққан кəсіби  жалғыз  сыбызғышы  Талғат  Мұқышев  мені  ұсынған екен. Апай «Ол қайда жүр?» деп сұрайды. Ол кезде мен зауыттың буып-түю бөлімінде оператор болатынмын. Жұмыста лауазымым өсіп қалған. Əлеуметтік жағдайға ойланбастан, өнер үшін, өзімнің болашағым үшін, шығармашылық ізденісім үшін бір Аллаға тəуекел еттім. Бұл менің өнер əлеміне, киелі сахнаға екінші рет келуім еді. Кезінде бірге оқыған, бірге жүрген достарым өнерге қайтып оралуыма қатты қуанды.

– Қазір А.Жұбанов атындағы музыкалық мектеп- интернаты директорының тəрбие ісі жөніндегі орынбасарысыз. Бастығыңыз Ақан Əбдуəлі – өмірдегі, сахнадағы əріптесіңіз. Дос адамдардың бірге жұмыс істеуі олардың сыйластығына сына түсірмей ме? Жұмыс барысында ескерту, сын айтылмай тұрмайды. Сондай сəтте достығыңыз- ға арқа сүйеп, құлақ асқыңыз келмей, қит ете қалмайсыз ба? Немесе «жұрт көзінен жасырып, оңашада айтпады» деп тоңтеріс мінез көрсетпейсіз бе?

– Ақан екеуміз «Қазақстан» ұлттық арнасында «Қазақтың 100 əні» тележобасында да бірге еңбек еткен, өнердің, өмірдің қызық-шыжығын, ащы-тұщысын, ыстық-суығын қатар көріп кележатқансыралғыжолдаспыз.Директорболсын-болмасын,өз орны, сый-сияпаты бар азамат. Үзеңгілес достан да үйренетінің көп. Сабырлылығын, сөз саптауын бағамдайсың. Мерейін тасытып, аяқ-қолын жерге тигізбей, мадақтағалы отырған жоқ- пын. Менсіз де мақтаулы жігіт. Мен оны мақтамаймын, оған көз тимесе екен деймін. Жұмыс барысына тоқталсам, мектепке ол кісіден бұрын келгенмін. Аптасына бір-екі рет барып, баяғы кезінде өзім Бекболат Тілеухановтан сабақ алған факультативті жүргізетінмін. Бір күні басшылыққа Ақан келіп, «Тəрбие ісін қолыңа алсаң, қайтеді?» деді. Жатпай-тұрмай артылған сенімді ақтау – бойымда бар қасиет. Егер маған жұмыс барысында сын айтылса, оны дұрыс қабылдаймын. Басшымен жағаласып, жұл- қыласпаймын. Жалпы, басшыға сын айтқанды жақсы көрмей- мін. Құранда «Ханға қарсы сөз айту – Аллаға қарсы сөз ай- ту» делінген. Бастық та солай. Бастық қай уақытта да қол астын- дағыларға сыншы. Сынды қабылдай білген адам, жұмыс істей алады. Қабылдай алмаған, басынан сөз асырмай «мен-мен» деп басқа шауып, төске өрлеген адам ұзаққа бармайды. Менің салама қатысты жиналыста да, көпшіліктің ортасында да маған ескерту жасамайды емес, жасайды. Қате кеткен жерімді көрді ме, мен оны қайталамауға, түзеуге тиіспін. Талапты орнымен қояды, мен оны орнымен орындауым керек. Менің қағидам – сол. Одан басқа «Дос едік қой, көзің жақсы, сөзің жақсы» деген əңгіме жоқ. Жұмыста дос емеспіз, қызметтес, əріптеспіз. Ол – басшы, мен – оның орынбасарымын. Мектептен тыс уақытта, сахнада, өз ортамызда доспыз. Ол менен артық дүниені талап етпейді. Мен де тапсырылған істің «Қылшығын шығарам» деп, былшығын шығармаймын. Халықтың, келешек ұрпақтың қамын күйттеген азаматтың бір жағына шығысқанды, болыс- қанды жаным сүйеді. Əуелі өзімнің емес, оның идеясының, арманының іске асқанын тілеймін.

– Сенім артқаннан кейін тəрбие саласында ізденіс жасадыңыз ба?

– Əрине. Мектепте ең алдымен тəрбиеге көп көңіл бөлінеді. Оқушыларға өз ісінің нəтижесін көрсетуге тырысып келеміз. Талантты шəкірттеріміз қайда бармасын, барған жерлерінде жүлделі орынмен қайтып жүр. Қазіргі баланы ертегі айтып алдай алмайсың. Бұрын бізді ертегімен, ойыншықпен алдаған шығар, бүгінгінің баласы өзіңді алдайды. Балаға күнде ұрыс- саң, жексұрын боласың. Арқасынан қағып, басынан сипап, мақтап тұрып айтсаң, нəтиже береді. Қаракөздерімізді орыс балаларының бойындағы өжеттілікке үйреткім келеді. Кейбір өнер адамдарын қарап отырсаңыз, музыканы, əнді жоғары дең- гейде жеткізгенімен, сөзге шорқақ. Ал орыстар əнді шырқай біледі, сөзді де айта алады. Біздің балалар жасық емес, ұяң, іш- кі ойын жасырып қалады. Сұрасаң да, сыртқа шығармайды, тіс жармайды. Өтірікке жол беретіндері де кездеседі. Дүниеде бала- ның өтірік айтуы деген адамның жүрегін сыздатпай қоймайды. Олармен өзіңмен тең сөйлесіп, нақты тапсырма беріп, нақты ісіңмен, нақты мінезіңмен ғана үлгі болу керек деп ойлаймын. Қазіргі сəтте ертең дəстүрлі өнердің құлағын ұстайтын кем дегенде он бес шəкірт тəрбиелесем деп жүрмін.

Жалпы, өмірде де, өнерде де қарапайымдылықты ұнатамын. Шынайылықты жақсы көремін. Өнерде шынайылық керек, қиялдан түк шықпайды. Бірақ бостан-бос өзімді алға тарта бермеймін.

– Сонда арманға қол созу, алдағы күнге ұмтылу деген жоқ па? Дөңгелеген дүниенің дүрмегімен ілбіп, көптің ішін- де елеусіз күн кешкіңіз келе ме?

– Ұмтылыс бар, шамадан тыс тыраштанбаймын. Қолдан жасанды мінез көрсетпеймін. Қайда жүрсем де «Бетегеден биік, жусаннан аласа» болып жүруге тырысамын. Шын жүрегіммен халықтың келешегі үшін, ұрпақтың қамы үшін, елдің ертеңі үшін жаным ауырады. Жанымда жүрген достарым да ұлттың ұлы мақсаттары жолында жан аямауға бар. Мен де солармен біргемін. Аллаға мінəжат етіп тұрып, халыққа жақсылық сұрай- мын. Ел аман, жұрт тыныш болсын деп тілеймін.

– Шақырған жерден қалмайсыз ба?

– Қалмаймын, өйткені думанды жақсы көремін. Көпшілікті жақсы көремін. Көпшілік бар жерде қызықты əңгіме болады, көзің ашылады, жаңалық естисің. Жаңалық болғанда, өсек тың- дау үшін бармаймын. Халықтың жағдайын білемін. Ел үшін қуанамын. Біреудің қуанышына қуана білген дұрыс. Қуана ал- масаң, неменесіне қонаққа барасың?!

– Қонаққа барып, дастарқанның бір шетінде отырып, ішіп-жеп, үндемей келіп, үндемей кететін қонақтар бар. Келген-келмегені, бар-жоғы білінбейді. Керісінше өз көңілін көтеріп, қонақтардың көңілін аулап, той үй иесінің төбесін көкке жеткізгендей етіп кететін қонақ бар. Сіз қандай қонақсыз?

–  Құдайға шүкір, мен барған жерімде қонақпын деп отырмаймын. Мен қонаққа шақырған адамның қонағын күтуге тыры- самын. Қонағын күткенде елдің алдынан ыдыс-аяғын, ет таба- ғын алып жүгірмеймін. Дəмді сөз, жақсы əн айтуға тырысамын. Халыққа ақыл айтып қажеті жоқ. Ақыл-нақылдың барлығы айтыпжүргендəстүрліəндеріміздіңішіндетұныптұр. Көпшіліктің ортасында көрініп отырсам екен дейтін мінезді жақтырмаймын. Өнері бар адам онсызда көрінбей отыра алмайды. Өзіңді-өзің мақтап, жарнамамен шығарғаннан көрі, халықтың қолдауымен шыққанға не жетсін?! Бірақ аяқтан шалғанды ұната қоймаймын. Ондай пиғылға кектеніп қалатыным да бар...

– Жұма сайын мешітке барып, сəждеге басқоятын мұсылман баласына кек қайтару жақсы қасиет пе?

–    Дінге ден қойғалы біреуден кек алдым деп те айта алмаймын. Оңтайлы жері келді, екі-үш рет оқталып, ақыры ақымды ала алмадым. Қайтарғым келді, бірақ жеме-жемге кел- генде жүрегім батпады. Ол маған иттік жасаса да мен оған ит- тік жасай алмадым. Өзіме жамандық жасаған, жаныма тиген, күйіндірген адамды аядым. «Өтіп кетті ғой, бүгініме шүкір» деп кешіріммен қарадым. Іштей тас түйін болғаныммен, көңілім дауаламады. Жұмсақ жүрегім Құдайдан қорықты.

– Аяқтан шалғандар болды ма?

– Болды. Бір жерге барсаң кекетіп, мұқатқысы кеп тұратын пенделер бар. Мен оларға құлақ аспаймын. Күңкіл сөздерін керек қылмаймын. Талай рет мені кекеткісі келген адам сол ортадан таяқ жеп шығып кеткен кездер кездесті. Жалпы, қандай жағдайда болсын, ер азамат болғаннан кейін өзімді сабырлы ұстаймын. Мысалы, жасы үлкен адамдар ашуға мініп, айқайлап жатқанда, оған сен қоса айқайласаң, кішілігің, ізеттілігің қай- сы?! Үлкенге сыйың, көрсеткен құрметің кəне? Дауыс көтерді екен деп, əкең мен шешеңмен салғыласып жатсаң, сен қайбір жетіскен баласың?!

Құдайдан бірінші тілейтінім – абырой. Лепіріп сөйлегеннен гөрі, нақты ісімді көрсеткенді жақсы көремін. Бір сағат тілек айтқаннан, екіəнайтқанымартық. Болмайтынсайтаниойғабері- ліп, бос нəрсеге сөз шығын қылып, əркімнің сөзіне құлақ асып, қор болғым келмейді.

– Қызылды-жасылды жылтырақ дүниеге қалай қарайсыз?

– Пенденің көзі байлықта,

Дүниеге тоймайды.

Моласына бірақ та,

Алтыннан белгі қоймайды.

Бағыңда өскен бəйтерек,

Терің тамса солмайды.

Арманы биік асыл ер,

Ұрпақтың қамын ойлайды, –

деп Жəнібек Кəрменов айтқандай, жүректі дүниеге бағындырғым келмейді.

Əрине, нəпақаға келгенде кім жақсы ақша тапқысы келмейді?! Кім жақсы жұмыс істегісі келмейді?! Кім жақсы көлік мінгісі келмейді?! Бірақ абыройды алдымен ойлау керек. Содан кейін жақсы өмір сүр, жақсы үйде тұр. Армансыз адам болмайды. Армансыз болсаң, несіне өмір сүресің?! Алла «Тіле, ниет ет, сосын əрекет қыл» дейді. Құдайға шүкір, əрекет етіп жатырмыз. Ниетіміз түзу болсын. Бос əуреге құмар емеспін. Ол мен үшін ұсақтық.

– Жалпы, ер адам үшін ұсақтық қой...

– Менің əкем «ұсақтыққа барма, ұсақ болсаң, тірлігің оңал- майды. Ұсақтық мінезің көбейсе, абыройың кетеді» деп оты- рады. Əрине, барған жеріңде өзіңнің еңбегің үшін алатын тиесілі несібеңді алсаң, ол ұсақтық емес. Қанағатшыл болған дұрыс.

– Кімді үлгі тұтасыз?

– Кейде Абай сияқты ұстазым болса екен деп армандаймын.

Қазақта Абайдай тəрбиеші жоқ. Менің үлгі тұтарым – Абай!

– Дəстүрлі өнер дəріптелмейді... деп айта аласыз ба?

– Осы проблема туралы көп айтып, таусыла бергенді қаламаймын. Қазіргі заманда жоқ дей берсек, бар дүние жоға- лып жатыр емес пе?! Көз жасыңды көл қылып, төге бергеннен түк шықпайды. Дəстүрлі өнердің жағдайын қайдам, соны наси- хаттаушының жағдайы туралы көп айтылып жүр. Əрине, салыстырмалы түрде алсақ, эстрада əншілеріне қарағанда жағдайымыз төмендеу. Бізге қарағанда олардың аты да, бет- жүзі де танымал. Мен бұған налып отырған жоқпын. Шындығы сол. Ал дəстүрлі өнерді дамыту дəстүрлі əншілердің міндеті. Біз бірігуіміз қажет. Дəстүрлі өнерді қалай дəріптеу керек еке- нін ізденуіміз керек. Əрқайсымыздың пікіріміз əр қилы. Сосын бір-бірімізді тасада тұрып сынауға мықтымыз. «Анау əнші, мынау əнші емес» деп айтатын əріптестеріміз бар. Бұлай баға беретін ол кім? Бізге төреші – халық, халық ол əншіні əнші деп төбесіне көтеріп отыр. Мен халықтан асып қайда барамын? Əн- шіні «əнші емес» деп айтудың өзі əбестік. Кез келген БАҚ-тағы музыкалықредакция, руханиятбөлімінежауаптыбасшылардəс- түрлі өнердің дəріптелуіне жанашырлық танытса екен деймін. Бірлі-жарым басылымдар, бірді-екілі журналистер радиодан, кей концерттерден əнімізді естіп, сұхбат алып жатады. Соның өзіне қуанып қаламыз.

– Қазір лауазымды қызметтесіз. Түбінде əншілігіңізді лауазымға айырбастап жіберуіңіз мүмкін бе?

– Менің бұл орынға келуім бір Құдайдың сыны мен басшының сенімі деп білемін. Бұл қызметте де халыққа қызмет етіп жатырмын. Өнер – мəңгілік, лауызым уақытша дүние. Халықтың ыстық ықыласына не жетсін!

Қаншайым Байдәулет, «Тəуелсіздік тудырған таланттар», 2010 жыл.

Бөлісу: