Сенатта Қазақстан мен Қытай арасында азаматтардың құқығын қорғау бағытындағы заң мақұлданды

16 Мамыр, 10:45 934

Сенаттың жалпы отырысында «1993 жылғы 14 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы Азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң қаралып, мақұлданды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сенатор Амангелді Толамысов хаттамаға 2023 жылғы 17 мамырда Қытай Халық Республикасының Сиань қаласында қол қойылғанын атап өтті.

Жалпы, хаттаманың негізгі мақсаты – екі ел азаматтары мен заңды тұлғаларының құқықтарын қорғауға бағытталған Азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың тәртібін тағы бір мәрте нақтылау.

Хаттамамен құқықтық көмек көрсету кезіндегі Тараптардың қарым-қатынас тәртібін анықтайтын шарттың 2-бабына өзгерістер енгізіледі. Өзгерістерге сәйкес, азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы өтінішпен жүгінген кезде өзара қатынас жасалатын тараптардың орталық мекемелерінің қатары Қазақстан тарапынан – Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотымен, Қытай Халық Республикасы тарапынан мемлекеттің Жоғарғы халық сотымен толықтырылады, - деді сенатор.  

Осылайша, хаттамамен өзара қарым-қатынас жасайтын орталық мекемелер ретінде Қазақстан тарапынан Жоғарғы сот, Бас прокуратура және Әділет министрлігі айқындалған болса, Қытай тарапынан Әділет министрлігі, Жоғарғы халық прокуратурасы және Жоғарғы халық соты белгіленген.

Сонымен қатар хаттамамен шарттың тараптары орталық мекемелері өзгерген жағдайда, ол туралы бірін-бірі дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда дереу хабардар етуге міндеттеледі. Шартқа енгізілген өзгерістер екі ел азаматтары мен заңды тұлғаларының жеке және мүліктік құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелерін тезірек шешуге ықпал етеді.  Сондай-ақ азаматтарға құқықтық даулар мен басқа да құқықтық мәселелер туындаған жағдайда, қажетті құжаттарды рәсімдеу мен басқа да құқықтық көмек алуларына негіз болады, - деді Амангелді Толамысов.

Баяндалғандардың негізінде Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті «1993 жылғы 14 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы Азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңын Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабы 4-тармағына сәйкес мақұлдауды ұсынды.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: