Сенат отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар қаралып, бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Сенатор Әсем Рахметованың айтуынша, аталған заңмен 7 кодекске және 14 заңға мына мәндегі өзгерістер мен толықтыруларды енгізу көзделіп отыр:
Бірінші, құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуы шектелген адамдардың тізімін нақтылау бойынша тиісті нормалар.
Екінші, құмар ойындарға тәуелді адамдарды медициналық оңалту тәртібі белгіленіп, консультациялық медициналық бақылау енгізілген.
Үшінші, ұялы байланыс операторларына электрондық казино, интернет-казино, құмар ойындар, бәс тігу жарнамасы бар мәтіндік хабарламаларды жіберуге тыйым салу көзделген.
Төртінші, лотерея билеттерін тек лотерея операторы және таратушысы (агенті) арқылы ғана тарату жөніндегі талаптар белгіленген. Бесінші, лотерея билеттерін тарату, өткізу орындары нақтыланған.
Сондай-ақ тұрғын үйлер мен жатақханаларда, мәдениет ұйымдары орналасқан жеке тұрған ғимараттарда, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарында, ғибадат үйлерінде лотерея билеттерін таратуға және терминалдарын орнатуға тыйым салынған.
Алтыншы, ғимараттарда, көлік құралдарында, бұқаралық ақпарат құралдарында, кино-бейне және анықтамалық қызмет көрсетудегі сыртқы жарнамада букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды жарнамалауға тыйым салынған.
Жетінші, Қазақстан Республикасының аумағында лицензиясыз шетелдік букмекерлік кеңселердің, тотализаторлардың интернет-ресурстарын қызметіне тыйым салынған.
Сегізінші, букмекерлердің аппараттық-бағдарламалық кешендерін Мемлекеттік кірістер комитеті мен қаржы мониторингі агенттігінің қолданыстағы ақпараттық жүйелерімен интеграциялауды қамтамасыз ету көзделген.
Тоғызыншы, ұтыстарды төлеу, әрбір қатысушы және қабылданған ставкалар туралы ақпаратты жинау, өңдеу және сақтау функциялары бар бағдарламалық қамтамасыз ету ретінде бірыңғай есепке алу жүйесінің (БЕАЖ) қызметін регламенттейтін түзетулер енгізілді.
Оныншы, 21 жасқа толмаған адамдарға тікелей немесе сатушының қатысуынсыз сауда автоматтары, механикалық құрылғылар арқылы энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салу көзделген.
Он бірінші, мемлекеттік еңбек инспекциясын жергілікті атқарушы органдардан еңбек жөніндегі орталық уәкілетті органға беру көзделген.
«Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңымен ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелері бойынша заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейту көзделіп отыр.
Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті жоғарыда айтылғандардың негізінде екі заңды Қазақстан Республикасының Заңдарын Сенаты регламентінің 58-тармағына сәйкес бірінші оқылымда мақұлдауды ұсынды.