Сенатта Бюджет кодексі жөнінде заң қаралды

Бүгiн, 11:35 169

Бүгін Сенатта ҚР Бюджет кодексі жөнінде заң бірінші оқылымда қаралып, екінші оқылымға жіберілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауын іске асыру мақсатында Бюджет кодексін қабылдау бойынша: бюджеттік процесті түбегейлі жеңілдетуге, «бюджетті басқарудан» «нәтижелерді басқаруға» ауысу арқылы бюджет саясатының үлгісін реформалауға, блоктық бюджет элементтерін енгізуге, бюджеттік саясаттың шекті параметрлерін айқындауға, фискалды орталықтан шығаруды күшейтуге бағытталған.

Сенатор Сұлтанбек Мәкежановтың айтуынша, кодекстің негізгі міндеттері бюджеттік процесті жеңілдету, мемлекеттік қаржыны басқарудың әдіснамалық негізін құру, бюджеттің кіріс бөлігін жоспарлау сапасын арттыру, бюджетаралық қатынастарды жетілдіру, мемлекеттік инвестициялық жобалардың жүйелік кемшіліктерін шешу, нәтижеге бағдарланған бюджеттің қағидаттарын күшейту және нәтижелерді басқару құралдарын жетілдіру болып отыр.

Біртұтас бюджеттеу жүйесін құру мыналар: бюджеттік процеске қатысатын мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын белгілеу, мемлекеттік сектордың активтері мен міндеттемелерін шоғырландыру, бюджетті мақсаттарға сүйене отырып және бұрын қабылданған шешімдерді сақтай отырып қалыптастыру, мониторинг, бағалау нәтижелерін қолдану, транспаренттілік пен есептілікті күшейту, барлық процестің өзара байланысы арқылы қол жеткізіледі, – дейді Сұлтанбек Алмасбекұлы.

Сенатордың сөзінше, нәтижеге бағдарланған бюджеттеу қағидаттарын күшейтуге бағытталған «Қазақстан Республикасының бюджеттеу негіздері» атты жаңа бөлім енгізілді. Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының қаржылық қамтамасыз етілуін айқындау үшін негіз ретінде мемлекеттік органдардың немесе өңірлердің, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің даму жоспарлары көзделеді. Бюджеттік процесте басқару шешімдерін қолдану және қабылдау үшін нәтижелерді басқару құралдарын жүйелеу, бюджеттік, стратегиялық және инвестициялық бағыттар бойынша шығыстар шолуын енгізу, нәтижелерді мониторингтеу, бағалау, сондай-ақ бюджеттеу тұрғысынан мемлекеттік аудиттің қатысуы бойынша тәсілдер айқындалған.

Нәтижеге бағдарланған бюджеттеуге көшудің шарты бюджеттік ақпараттың ашықтығы және бюджеттік құжаттаманы жариялау арқылы іске асырылатын халық алдындағы есептілік болып табылады. Лауазымды адамдар мен бюджеттік процеске қатысушылардың жауапкершілік аймақтарының аражігі ажыратылған, - дейді ол.

Заңда «Мемлекеттік қаржыны басқару» бөлімі де көзделген, онда 2030 жылға дейін Мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасының ережелерін іске асыру мақсатында бюджеттік қағидалар жүйесі, мемлекеттік сектордың борыштық міндеттемелерін басқару, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қаржы параметрлерінің 10 жылдық кезеңге арналған ұзақ мерзімді болжамын енгізу, бюджеттік тәуекелдер туралы, сондай-ақ салық шығыстары туралы талдамалық есеп қолданылмақ.

Мемлекеттік қаржыны басқару бөлімінде Ұлттық қор және бюджеттен тыс қорлар бойынша тараулар енгізілген. Ұлттық қор қаражатын пайдалануға қазақстандық эмитенттердің ішкі қаржы құралдарына инвестициялауға, бюджеттің ағымдағы шығыстарын қаржыландыруға тыйым салу түрінде шектеулер енгізілді. Ұлттық қордан нысаналы трансферт есебінен шығыстарды қаржыландыруға қойылатын талаптар күшейтілді, нысаналы трансфертті мақсатсыз пайдаланғаны үшін мемлекеттік органның бірінші басшысының жауапкершілігі енгізілді, - дейді сенатор.

Нысаналы талаптардың көлемін пайдалану бөлігінде «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын енгізуге байланысты нормалар, сондай-ақ республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есептің құрамында инвестициялық табыс және «Ұлттық қор – балаларға» бойынша ақпарат ұсыну көзделген.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: