Сенаторлар Палата отырысының күн тәртібін бекітті

27 Ақпан 2023, 12:52 693

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата Бюросының отырысы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. Бұл туралы Сенаттың ресми сайтында жарияланды.

Онда 2023 жылғы 2 наурызда өтетін Сенат отырысының күн тәртібі бекітілді.

Өз сөзінде Сенат Төрағасы өткен жұма күні болған «Ұлттық мүдде» диалог алаңының отырысын қорытындылады. Отырыс барысында депутаттар, зиялы қауым өкілдері және сарапшылар Әділетті Қазақстанның ортақ құндылықтары жөнінде пікір білдіріп, оларды дәріптеуге қатысты ұсыныстарын жасаған еді. Мәулен Әшімбаев қоғамды алаңдатқан өзекті мәселелерді талқылып, оларды шешу жолдарын бірлесіп табу үшін осындай алаңдардың маңызды рөл атқаратынын айтты.

Алдағы Палата отырысында сенаторлар «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда қарайды.

Сонымен қатар «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы да Сенат отырысының күн тәртібіне шығарылды. Құжат нормалары Ресейдің арнайы экономикалық аймағына импортталған ЕАЭО тауарларына қосымша құн салығын төлеу мәселелерін реттейді.

Келесі «Еуразиялық экономикалық одақта тасымалдауды қадағалау үшін навигациялық пломбаларды қолдану туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы тасымалдаудың әрбір кезеңін қадағалау басталған кезде навигациялық пломбаларды қолдану процесінің тиімділігін жетілдіруді көздейді. Соның нәтижесінде бұл құжат халықаралық тасымалдардың ашықтығын орнатуға мүмкіндік береді деп болжанып отыр.

Сондай-ақ сенаторлар Палата отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі арасындағы Өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарайды. Құжаттың негізгі мақсаты – елге карантинге жатқызылған өнімді әкелу кезінде фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шаралар мен өзара іс-қимылды нығайту.

Сенат отырысында қаралатын келесі мәселе «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң. Бұл заңның нормалары жер заңнамасының жекелеген ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті белгілейді. Одан бөлек, жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органдарға әкімшілік істерді қарау және тиісті жазалар қолдану өкілеттіктерін береді. Сауда қызметі бойынша енгізілетін түзетулер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға оң әсерін тигізеді деп күтілуде.

EL.KZ
Бөлісу: