Сенаторлар экономика саласындағы қылмыстардан арылу мәселесін талқылады

24 Қараша 2023, 19:43 1132

Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің депутаттары Қаржы мониторингі агенттігінде көшпелі отырыс өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларын іске асыру аясында экономикалық қызмет саласындағы қылмыстарды бұдан былай қылмыстан тыс деп тану талқылаудың негізгі мәселесі болды.

Комитет төрағасы Нұрлан Бекназаров кездесуді аша келіп, Президенттің халыққа Жолдауында елімізде қолайлы кәсіпкерлік ахуал қалыптастыру және билік пен бизнес арасында сындарлы диалог өрістетудің маңыздылығын атап өткенін еске салды.

Біздің мемлекет экономикалық қылмыстарға қатысты қылмыстық саясатты ізгілендіру процесін, сондай-ақ оларды қылмыстан арылту мәселесін дәйекті түрде жүргізіп келеді. Сондай-ақ, санкцияларды жеңілдету арқылы сол қылмыстарға айыппұл санкциясын қолдануды кеңейту, қоғамдық және түзеу жұмыстарына тарту мен бас бостандығын шектеу түріндегі бас бостандығынан айыруға балама жазалар белгілеу, әкімшілік жауапкершілік саласына ауырлығы аз бірқатар қылмыстарды аудару не қылмыстық жауаптылықты алып тастау жөнінде Қылмыстық кодекске тиісті түзетулер енгізілді, - деді Нұрлан Бекназаров.

Шара барысында әділет министрінің орынбасары Алма Мұқанова мүдделі органдардың қылмыстан арылту мүмкіндігін қарастыратын нормаларға жүргізген талдауы туралы айтты. Ол сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізетін орган іс жүзінде аз қолданылатын және сирек болуына байланысты қылмыстық заңнаманың кейбір нормаларын алып тастауды ұсынатынын атап өтті. Сонымен қатар, отырысқа Қаржы мониторингі агенттігінің, Бас прокуратураның және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты.

Сенатор Нұрлан Бекназаров шара соңында Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау және кәсіпкерлердің қорғалу деңгейін арттыру мақсатында ҚР Парламенті мен мүдделі мемлекеттік органдардың алдында экономикалық қызмет саласындағы бірқатар қылмыстық құқық бұзушылықтарды қылмыстан тыс деп тану туралы Қылмыстық кодексті одан әрі жетілдіруге бағытталған заңнамалық нормаларды әзірлеу міндеті тұрғанын атап өтті.

Берік Арманов
Бөлісу: