Сенатор аймақ басшылығынан фарфор зауытын қалпына келтіруге көмек сұрады

9 Шілде 2022, 02:30 1160

Сенатор Владимир Волков Қонаев қаласында болып, аймақ активімен, облыстық және қалалық мәслихат депутаттарымен кездесті, деп хабарлайды EL.KZ сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында еліміздің саяси жүйесін сапалы трансформациялауға бағытталған конституциялық реформаның негізгі ережелерін талқылады.

Республикалық референдумда бекітілген түзетулер Конституция баптарының үштен бір бөлігін қамтиды. Бірінші кезекте, реформа адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесін нығайтуға, азаматтардың саяси процестерге қатысуын кеңейтуге, билік институттарының ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған, - деп атап өтті Владимир Волков.

Сенатор құқық қорғау органдарының өкілдеріне арнаған сөзінде жұртшылық құқық қорғау және сот жүйелерінен нақты өзгерістер күтіп отырғанын айта келіп, полицияның озбырлығына, біліксіз прокурорлар мен ымырашыл судьяларға орын болмауы керектігін атап өтті.

Сенатор Владимир Волков өз сөзінде Парламенттің заң шығару қызметі туралы таныстырды. Оның ішінде қазақстандықтарды әлеуметтік қорғауды күшейту және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған заңнамалық актілер туралы айтылды. Владимир Волков Конституцияның жаңартылған нормаларын және еліміз Президентінің басқа да бастамаларын іске асыру үшін 20-дан астам заңға өзгерістер енгізу қажет екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы атап өткендей, жаңа Қазақстанның ең басты байлығы – оның халқы, ал біздің басты мақсатымыз - адамдардың бақытты өмір сүруіне жағдай жасау, өйткені әрбір азамат саяси өзгерістер мен экономикалық өсімнің жемісін көруі тиіс, - деді депутат.

Сенатор сонымен қатар өңірдегі инвестициялық жобалардың жүзеге асу барысымен де танысты. Ол теңіз балығын Қазақстанда және шетелде сату мақсатында өсіруге арналған балық өнеркәсібі мекемесі мен салынып жатқан ойын-сауық-сауықтыру кешенінде болды.

Сапар барысында фарфор зауытына қатысты мәселелер де көтерілді.  Қазіргі уақытта кәсіпорынның жұмыс істемейтіні және оның басшылығы 570 млн теңге көлемінде несие алуға өтінім бергені туралы депутатқа айтылды. Владимир Волков өз кезегінде өңір әкімінен бұл мәселеде жан-жақты көмек пен қолдау көрсетуді сұрады, өйткені зауыт жұмысы қалпына келетін болса қосымша жұмыс орындарын ашуға және отандық өнімді дамытуға мүмкіндік береді.

EL.KZ
Бөлісу: