Сенатор Дархан Қыдырәлі алтын өндіру саласындағы заңсыздық мәселесін көтерді

7 Желтоқсан 2023, 12:00 1246

Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі премьер-министр Әлихан Смайылов пен Бас прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сенатор Дархан Қыдырәліге Түркістан облысы Абай ауылының 127 азаматы қол қойған ұжымдық хат келген. Тұрғындардың жан айқайын жеткізген хатта көрсетілгендей «AURUS» ЖШС мекемесі 2019-2023 жылдар аралығында Көкбұлақ ауылына қарасты Қайыршақты өзенінің бойында алтын өндіру бойынша барлау жұмыстарын жүргізген.

Хат иелері «Қазба жұмыстары жүргізілген Қайыршақты өзенінің бойы адам шошырлық экологиялық апаттық жағдайда қалған. Оңды-солды, бей-берекет қазылған жерлерде ойдым-ойдым қазан шұңқырлар пайда болған, ойраны шыққан, лас көлшіктерге толған орындар тегістелмеген, қайта қалпына келтірілмеген. Қайыршақты өзені суы тартылған арыққа айналған. Осылар енді қиянатын Абай ауылының Үлкен және кіші Көкбұлақ өзендеріне жасағалы отыр» деп, араша сұрайды. Аталған елді мекендердің атақты Ақсу-Жабағылы қорығына жақын екенін ескерсек, расында тұмса табиғаттың талқандалғаны, тұнығының лайланғаны, бұлағының басы байланғаны жанға батады, - дейді депутат Дархан Қыдырәлі.

Осындай жағдайлардың Шығыс Қазақстан, Ақмола, Алматы, Жетісу, Жамбыл облыстарында болғанын баспасөзден жақсы білеміз. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында алтын іздеушілер Құлынжон өзенінің арнасын өзгерткен. «Қара қазушылар» қатары көбейіп келеді. Лицензияларында көрсетілген шектеулерден асып кеткен немесе тіпті, арнайы рұқсаты, білікті маманы жоқ оңай олжа іздеушілер экологиялық талаптарды ескермейді. Қазба байлықтарын барлауда жаңа технологиялар қолданылмайды.

Есесіне, заңсыз жер қойнауын өндірушілер жабайы жолмен тау-тасты талқандап, бульдозер, грейдерлермен астаң-кестеңін шығарады. Құрылыс материалдары үшін өзен жағалауларынан құм, тас, шағыл қазып алып, орнын толтырмай кететіндер де көбейген. Жағалауларды жекешелендіріп алған кейбірі халық су ішіп отырған өзендерге түрлі химиялық реагенттер қолданады. Бұл үшін компания жазаланбайды, олардың лицензияларын қайтарып алмайды, көбіне уақытша басқарып отырған менеджерлерге айып-пұл салынумен ғана шектеледі. Мұнда жең ұшынан жалғасып жатқан сыбайластық жоқ па? Археологиялық сараптама алмағандардың вандализмге барып, көне заманда кен орындары болған тарихи орындар мен тасқа түскен таңбаларды, петроглифтерді талқандап жатқаны БАҚ беттерінде талай рет айтылды. Хатта жазылған «Қайыршақты» сондай тарихи орынның бірі. Сондықтан «Қайыршақты» өзенінің төңірегін қайта қалпына келтіру керек.

Сенатордың айтуынша, геологиялық барлау туралы Президент тапсырмасы сапалы орындалуы тиіс. Мамандар елімізде қазба байлықтарының 35% ғана анықталғанын айтады, қалған 65% зерттеу кезінде спутниктен бақылау сияқты жаңа технологияларды пайдалану керек. Қазба байлықтардың цифрлы картасын жасау да маңызды. Салаға қаржы бөлу, мамандар даярлау ісі де өзекті. Жалпы салаға мемлекеттік реттеу қажет. Заң бұзғандарды жазалау, ол үшін жер қойнауын пайдалану инспекцияларын күшейткен абзал.

Ата заңда Қазақстан жерінің үсті мен асты халықтың игілігі екені тайға таңба басқандай жазылған. Елдің иесі болса, жердің киесі бар. Кейбір барлау жүргізушілер осыны ескермей, халықтың қарсылығына қарамастан, түрлі заңбұзушылыққа барып отыр. Осыған орай төмендегідей сұрақтар туындайды: Біліктілігі, тәжірибесі жоқтарға неге лицензия беріледі? Лизенцияда көрсетілген талаптар неге сақталмайды? Арнайы лицензиясы жоқтар неге қадағаланбайды? Жалпы геологиялық барлау жұмыстарының кешенді жоспары бар ма? Бұл саланы цифрландыру қашан аяқталады?, - деп сұраны сенатор.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: