Сенат төрағасы Алматы облысының тұрғындарымен АЭС салу мәселесін талқылады

17 Қыркүйек, 20:05 443

Мәулен Әшімбаев облыс жұртшылығымен кездесуде мемлекет басшысының АЭС салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум өткізу туралы бастамасының маңызына назар аударды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бүгін біз президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың АЭС салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдум өткізу туралы бастамасын талқылау үшін арнайы келіп тұрмыз. Мұндай маңызды мәселені дауысқа салу «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жарқын көрінісі екені сөзсіз. Бұл ретте әр азаматтың даусы үлкен мәнге ие. Сондықтан біз елдің болашағы үшін дұрыс шешім қабылдауымыз керек, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенаттың баспасөз қызметінің мәліметінше, штаб мүшелері «GREEN Land ALATAU» жылыжайына барды. Онда отандық кәсіпорындарды энергиямен тұрақты қамтамасыз ету мәселесіне баса мән берілді. Қазіргі таңда елдің энергетикалық секторы негізінен көмір электр стансаларына тәуелді. Кездесуде сенімді және қауіпсіз энергия көзі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің тұрақты дамуы үшін де аса маңызды екені сөз болды.

Өңірдегі шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесу барысында Сенат Төрағасы жаңа жұмыс орындарын ашудың және ірі жобаларды іске асыруға ықпал ететін инфрақұрылымды дамытудың маңызына тоқталды. Сондай-ақ ғылыми-техникалық прогрестің, энергетикадағы инновациялық технологиялардың, жоғары технологиялық сектордың және Қазақстандағы ғылыми зерттеулердің маңызы да әңгімеге арқау болды.

Алматы облысына сапар аясында Халықтық штабтың мүшелері Ш.Шөкин атындағы Қапшағай ГЭС-інің қызметімен танысып, станса мамандарымен және басшылығымен энергетика саласын дамыту перспективаларын талқылады.

Перизат Саденова
Бөлісу: