Сенат ТМД елдерімен қызмет көрсету туралы келісімді мақұлдады

17 Сәуір, 10:19 305

Сенаттың жалпы отырысында «Көрсетілетін қызметтердің еркін саудасы, инвестициялардың құрылуы, қызметі және жүзеге асырылуы туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының заңы қаралып, мақұлданды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Көрсетілетін қызметтердің еркін саудасы, инвестициялардың құрылуы, қызметі және жүзеге асырылуы туралы келісімге 2023 жылғы 8 маусымда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Үкімет басшылары кеңесінің отырысы шеңберінде қол қойылды.

Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Сүйіндік Алдашевтің айтуынша, келісімнің мақсаты тараптардың сауда-экономикалық ынтымақтастығын, қазақстандық көрсетілетін қызметтерді экспорттаушылар үшін әріптестер нарығына қолжетімділікті, қазақстандық капиталдың қатысуымен кәсіпорындар құру үшін мүмкіндіктерді кеңейту және инвестициялар тарту және өзара инвестицияларды қорғау үшін қосымша жағдайлар жасау болып есептеледі.

Келісімнің негізгі міндеттері – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының еркін сауда аймағының орнықты дамуын қамтамасыз ету.  

Келісім ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің экономикасының одан әрі өсуі үшін біріншіден, әріптестік нарықтарда ТМД-ға қатысушы елдерден көрсетілетін қызметтерді жеткізушілер үшін неғұрлым тиімді жағдайлар белгілеу, ұсыну және қамтамасыз ету, оның ішінде көрсетілетін қызметтердің өзара саудасын кеңейту және оны ырықтандыру деңгейін арттыру үшін жағдайлар жасауды, екіншіден, экспроприациядан қорғауды және капиталды еркін аудару кепілдігін қоса алғанда, инвесторлар үшін құқықтық кепілдіктер жасауды, үшіншіден, екінші тарап инвесторларының инвестицияларына оның аумағында толық қауіпсіздік пен қорғауды ұсынуды көздейтін қолайлы жағдайлар жасайды, - деп атап өтті Сүйіндік Алдашев.

Келісімде инвестицияларды реттейтін ережелердің болуы қатысушы мемлекеттердің қолайлы бизнес-ахуалын қамтамасыз ету үшін елеулі ынталандыру береді, сондай-ақ инвестицияларды қорғау және көтермелеу туралы қолданыстағы екіжақты келісімдерді дамытуға мүмкіндік береді.

Келісімді ратификациялау қазақстандық көрсетілетін қызметтер экспортын әртараптандыру, Өзбекстан мен Тәжікстан нарықтарындағы бизнестің позициясын нығайту, сондай-ақ инвесторларға тәуекелдерді азайту үшін құқықтық негіз жасайды. Келісім теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға алып келмейді, сондай-ақ республикалық бюджеттен қосымша қаржылық шығындарды талап етпейді, - дейді комитет төрағасы.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: