Сенат Қазақстан мен Ресейдің біртұтас энергожүйелерінің қатар жұмысын қамтамасыз ету туралы заңды мақұлдады

Бүгiн, 10:23 185

Бүгін Сенатта «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының біртұтас энергетикалық жүйелерінің қатар жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының заңы қаралып, мақұлданды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Аталған келісімнің мақсаты – энергетикалық жүйелердің қатар жұмыс істеуі процесінде пайда болатын тараптар арасындағы қарым-қатынастарды рәсімдеу, сондай-ақ олардың өзара іс-қимылының негізгі шарттарын айқындау.

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сүйіндік Алдашевтың айтуынша, Қазақстан мен Ресейдің бірыңғай энергетикалық жүйелерінің қатар жұмысын қамтамасыз ету мақсатында тараптар бірнеше шараны қабылдайды.

Бірінші, Ресей Федерациясынан Қазақстанның бірыңғай энергетикалық жүйесіне беруге жоспарланған электр энергиясының көлемдерін жыл сайын келісу. Екінші, электр энергиясын сатып алу мен сату құнын «KEGOC» акционерлік қоғамы мен Ресейдің «Интер РАО БЭЖ» компаниясы арасында жасалған келісімдер бойынша электр энергиясының рұқсат етілген нақты мемлекетаралық сальдо ағындары шегінде де, одан асырылған көлемде де айқындау. Үшінші, Қазақстанның энергия өндіруші ұйымдары жаппайтын электр энергиясын тұтынудың жоспарлы көлемін жабу үшін Ресей Федерациясынан Қазақстан Республикасына берілетін электр энергиясын сатып алуды коммерциялық негізде жүзеге асыру. Төртінші, Мемлекетаралық қималардағы қуат ағындары сальдосының жоспардағыдан ауытқуларының технологиялық негізделген орташа сағаттық шамаларын айқындау әдістемесін келіскенге және бекіткенге дейін электр энергиясы ағындарының нақты мемлекетаралық сальдосының жоспардағыдан ауытқуының рұқсат етілетін орташа сағаттық шамасы 150 МВт-қа тең болып белгіленеді. Бесінші, ауытқулардың рұқсат етілген диапазонынан (150 МВт-тан жоғары) асып кеткен жағдайда электр энергиясына ақы төлеу, оның ішінде «Россети» акционерлік қоғамы және «Бірыңғай энерго жүйелерінің жүйелік операторы» акционерлік қоғамы желілері бойынша электр энергиясын жедел-диспетчерлік басқару бойынша беру жөніндегі қызметтерге ақы төлеу, электр энергиясын сағаттық негізде қалыптастырылатын Ресей Федерациясының теңгерімдеуші нарығының бағалары бойынша сатып алу кіреді. Ресейлік компаниялар үшін рентабельділік нормасының мөлшері ағындардың рұқсат етілген шектерінде 0,5%, ал асқан кезде 2,5% құрайды.

Айта кететін жайт, 2024 жылдың қорытындысы бойынша елімізде электр энергиясын тұтыну көлемі өндіріс көрсеткіштерінен асып түсті. Нақты айтқанда, электр энергиясының өндірісі 117,9 млрд кВтс, бұл ретте тұтыну 119,9 млрд кВтс құрады. Өткен жылы Ресейден электр энергиясын импорттау көлемі 3,1 млрд кВтс болды. Уәкілетті органның болжамына сәйкес, 2025 жылы электр энергиясына тапшылық 5,7 млрд кВтс құрайды, бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 46%-ға артық, – деді Сүйіндік Алдашев.

Келісімге сәйкес, Ресейдің энергетикалық жүйесі Қазақстанның біртұтас энергетикалық жүйесінде жиілік пен кернеуді рұқсат етілген шектерде қолдайды, сонымен қатар Қазақстанның бірыңғай энергетикалық жүйесіндегі өндіріс пен тұтыну арасындағы сағаттық ауытқуларды өтейді.

Келісімді ратификациялау Қазақстан мен Ресейдің бірыңғай энергетикалық жүйелерінің қатар жұмысын қамтамасыз етіп, электр энергетикасы саласындағы одан әрі тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ Қазақстанның бірыңғай энергетикалық жүйелеріндегі реттеуші қуат тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: