Сенат Қазақстан мен Қытай азаматтарына қатысты ақпарат алмасу туралы заңды қабылдады

5 Қазан 2023, 11:42 1102

Сенат «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы тараптар мемлекеттерінің азаматтарына қатысты ақпарат алмасу туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды мақұлдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Келісімге мемлекет басшысының Қытайға сапары барысында биыл 17 мамырда Сиань қаласында Қытай Халық Республикасы және Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрлері қол қойды.

Келісім келесі 4 бағыт бойынша ақпарат алмасу формасында ынтымақтастықты қамтамасыз етуге бағытталған:

- визасыз кіру және шығу, сондай-ақ тараптар мемлекеттерінің аумағында болу мақсаттары бойынша тараптар мемлекеттерінің азаматтарына берілген визалар саны;

- бір тараптың өз мемлекетінің азаматтығына қабылданған немесе азаматтығы қалпына келтірілген екінші тараптың азаматтары туралы мәліметтер беру;

- екі тарап мемлекеттері азаматтарының мүдделерін қорғау үшін осы Келісім күшіне енгенге дейін өз азаматтығын ауыстырған тараптар мемлекеттерінің азаматтары туралы мәліметтермен өзара алмасу;

- Тараптар келу, болу және кету ережелерін бұзған екінші тарап мемлекетінің азаматтарына қатысты бір-бірін хабардар ету.

Анықтама ретінде айта кететін ақпарат: азаматтық туралы мәліметтер тек сұрау салулар бойынша дипломатиялық арналар арқылы берілетін болады. Тегі, аты-жөні, туған күні мен жері, азаматтығы, ұлты, паспорттық деректері туралы ақпарат, фоталары тоқсан сайын ұсынылатын болады. Бұл мәліметтер қос азаматтыққа қарсы күрес, заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу үшін қажет, - деді Сенат депутаты Мұрат Қадырбек.

Қазақстан жағынан Ішкі істер министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. Қытай жағынан Сыртқы істер министрлігі мен Көші-қон істері бойынша мемлекеттік басқарма белгіленген. Бұл органдар Тараптар азаматтарының дербес деректерінің қорғалуы үшін жауап береді.

Келісімде егемендікке, қауіпсіздікке қауіп төнген және заңнамаға қайшы келген жағдайда, сұрау салуларды орындаудан бас тарту көзделген. Бүгінгі күні осындай екі жақты келісім 5 елмен (Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан) жасалған. Сондай-ақ Ресеймен, Армениямен, Қырғызстанмен көпжақты шарт бар, - деді депутат.

Миражан Махан
Бөлісу: