Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қаралып, мақұлданды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Аталған заң Конституциялық соттың 2023 жылы қабылданған №4 және №22 нормативтік қаулыларын іске асыруға бағытталған.
Сенатор Қайрат Тастекеевтің сөзінше, заңмен мемлекеттік, әскери қызмет, құқық қорғау, арнайы мемлекеттік органдары қызметтері саласындағы кадрлық саясатты жетілдіруге бағытталған бірқатар норма енгізіліп отыр.
Атап айтатын болсақ, заң құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдарында басшы кадрларды іріктеу жүйесін нығайтуға, құқық қорғау органдарында аттестаттау тетіктерін жетілдіруге, құқық қорғау органдарына қызметке қабылдау мен жоғарылатудың жаңа тетіктерін анықтауға бағытталған нормаларды көздейді. Сондай-ақ мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы құқық бұзушылықтар үшін тәртіптік, әкімшілік және қылмыстық жауаптылық шараларынан туындайтын құқықтық шектеулердің мөлшерлестігін белгілейді, - деді сенатор.
Осылайша, заңда мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін қызметтен шығарылған азаматтардың мемлекеттік қызметтегі лауазымдарға орналасуына өмір бойына тыйым салу алынып тасталып, нақты мерзімдері айқындалады. Өкілеттігін тоқтатқан судьяларға өкілеттігі тоқтатылғаннан кейін қандай да бір уақытша шектеусіз бірден мемлекеттік қызметке кіру мүмкіндігі беріледі.
Қорытындылай келе, заңды мақұлдау мемлекеттік қызметке үміткерлерді қабылдау жүйесін жетілдіруге ықпал етеді, сонымен қатар азаматтардың мемлекеттік қызметке кіру жөніндегі конституциялық құқықтарының сақталуы мәселесін де шешуге мүмкіндік береді.