Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің арасында кедендік әкелім баждарының сомасын аударуға қатысты бөлікте өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының заңы қаралып, мақұлданды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбековтің айтуынша, 2014 жылғы 26 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 26-бабына сәйкес, төленген кедендік әкелу баждары мүше мемлекеттердің бюджеттері арасында есепке алынуға және бөлінуге жатады.
Шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттамада, ұлттық (орталық) банктер арасында кедендік әкелу баждарын есепке алу және бөлу кезінде туындайтын қарсы міндеттемелерді өтеудің, уақытша балама тәртібін енгізу көзделген. Бұл ретте кеден баждарының сомаларын одаққа мүше өзге елдердің бюджеттеріне бөлу және есепке алу тетігі өзгерген жоқ. Хаттама ережелеріне сәйкес, Ұлттық банк заңнамада көзделген мемлекетішілік рәсімдерді аяқтауы қажет. Осыған орай ратификациялауды жүзеге асыру, мемлекетішілік рәсімдердің дұрыс аяқталуын білдіреді, - деді сенатор.
Сонымен қатар Сенат депутаты аталған әдісті енгізу уақытша болып саналатынын атап өтті. Оның мақсаты – Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің бюджеттік кірісіне кедендік баждарды аударудың үздіксіздігін қамтамасыз ету.
Қазіргі таңда одаққа мүше мемлекеттердің арасындағы сауда айналымының басым бөлігі осы 5 елдің ұлттық валюталарымен жүргізіледі. Ұсынылған хаттама тек кедендік әкімшілендіруді және мемлекет бюджеттерін бөлу механизмін айқындайды. Сондықтан бұл нормалар нарық пен саудаға әсер етпейді.