Сен неге сөйлемейсің, Сеговиа?

16 Қыркүйек 2014, 04:56

Аяпак – үндіс тайпасы. Ал аяпак тілі – Мексика аумағындағы 70 үндіс тілінің бірі. Үндістердің бұл қонысын испандық конкистадорлар жаулап алып, қанды қырғындармен ғажайып өркениетін жоқ еткені белгілі.

Аяпак тілі

Бөбегім, адам баласы үшін сөйлесудің  мәні қандай зор десеңші. Әсіресе, туған тіліңде тілдесуге не жетсін! Сен бірден енді астың, сөздік қорыңда ондаған сөз ғана болса да, біз бір-бірімізді еркін түсінеміз. Екеуміз күн ұзақ әңгімелесеміз!  Өмірге, анаңа деген шексіз махаббатыңды осы он сөзге  сыйдырып тұрғаныңа сүйсінем. Ертең сен ер жетесің, шұрайлы  ана тіліңде сөйлеп,  тек ана тілінде ойланасың. Күлгеніңде де, жылағаныңда да – туған тілің саған сүйеу болады. Бөбегім, адам баласының шын бақыты осы. Шын бақыт емей немене?! Ал мына аяптық ақсақалдар шын бақытсыз!  Мексиканың Табаско   штатының Аяп ауылында  көне аяпак тілінде сөйлейтін екі адам ғана қалды. Олар бір-бірімен сөйлеспейді. Мұның себебі – екеуінің арасындағы жанжал. 75 жасар Мануэль Сеговиа мен  69 жасар Изидро Веласкестің арасындағы араздық қашан басталғанын жергілікті халық ұмытып та қалды. Бірақ, қыңыр шалдардың бір-біріне деген өкпесі жазылар емес. Екеуі, тіпті, аяпак тілінің соңғы сөйлеушілері екенін де түсініп тұрған жоқ.

Аяпак –  үндіс тайпасы. Ал аяпак тілі – Мексика аумағындағы 70 үндіс тілінің бірі. Үндістердің бұл  қонысын испандық конкистадорлар жаулап алып, қанды  қырғындармен ғажайып өркениетін жоқ еткені белгілі. Мына ащы ақиқатқа қараңызшы?! Мексика жерін мекен еткен жергілікті үндістер Кетцалькоатльға арналған  қасиетті қорғанға табынатын еді.  Кетцалькоатль, яғни Құдай  күндердің күнінде сақалды ақ адамның бейнесінде  бұл қорғанға  аяқ басуы керек болатын.  Испандық Эрнан Кортес бастаған басқыншылар   аңыздан хабардар еді. Конкистадорлар  өздерін құдды Жаратушыдай ұстап, аңызға сай әрекет етті.  Күллі халық оларды қуанышмен қарсы алып, ас ұсынды. Жаугер тайпалар қару-жарағын тастап, Кетцалькоатльға ағылды. Жауыз басқыншылар алты мың адам жиналған қорғанға кіріп, бір шоғырын қақпаға қалдырды. Қарсы алу салтанаты басталған тұста қақпалар тарс жабылып, аз конкистадор алты мың адамды жайратып салды. Қатігез  Эрнан Кортес  бұл  қорғанды – үндіс өркениетінің  «миына, басына»  теңеген еді. Ол «Алдымен, үндістердің басын жұлып тастау керек» деген жоспарын жауыздықпен жүзеге асырып, қорған сыртындағы үрейленген  жұртшылықты оңай жаулап алды...

Сол жұлынған бастың қаны әлі сорғалап тұр. Қасірет қой.  Бір-біріне ренжіп, өзара тілдеспей отырған екі ақсақал да бүгін испан тілінде сөйлейді. Балаларының тілі де испанша шыққан. Аяпак тілінде екі сөздің басын құрай алмайды. Сеговиа туған тілінде соңғы рет  он жыл бұрын дүниеден озған ағасымен тілдескен. «Бала күнімде елдің бәрі аяпакша сөйлейтін еді. Енді бұл тіл менімен бірге өлетін шығар» деп жалғызсырайды ол.  Жалғызсыраса да,  ағалық қадам жасап, Веласкеске баруға батылы жетпеді.

Жуырда Индиана университетінің лингвистері Аяп ауылына арнайы ат басын тіреді. Ғалымдардың мақсаты – көне аяпак тілінің негізін зерттеп, сөздігін жасау болатын. Бірақ,   аяптық екі ақсақал ғалымдарға көмектесуден бас тартты. Олар туған тілдерін сақтаудың соңғы мүмкіндігінен айрылғанын сезген жоқ. Себебі, бұл зерттеу жұмысына қыруар қаржы бөлінген еді...

Бөбегім, бұл дүниеде халқыңның  мүддесінен, ұлтыңның мұратынан артық ештеңе жоқ екенін ұмытпа!  

Бөлісу: