Семейлік полицей өрт шыққан пәтерден мүгедектігі бар тұрғынды құтқарды. Бұл туралы Polisia.kz сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Семейдегі Докучаев көшесінде орналасқан үйлердің бірінде өрт болған. Сол уақытта жеке автокөлікпен жұмыстан үйіне қайтып бара жатқан Абай облысы ДП ӘПБ әкімшілік практика бөлімінің бастығы Ернұр Кұтамбаев көп қабатты үйде қатты түтін шығып жатқанын байқаған.
Көп қабатты тұрғын үйдің алтыншы қабатында балкон ашық жалынмен жанып жатқан. Кіреберісте қатты түтін пайда болып, адамдар дүрбелеңге түскен.
Полицейге бейтаныс жасөспірім келіп, пәтерде мүгедек адам бар екендігін, өз бетінше қозғала алмайтындығын айтқан. Көміртегі тотығымен улану қаупін түсініп, ол осы үйдің бір тұрғынынан көмек сұрап, жоғарғы қабатқа қарай жүгіріп, екеуі ер адамды далаға алып шыққан, - делінген мәліметте.