Семейде жол ережесін бұзғандарды автоматты түрде анықтайтын 5 құрылғы орнатылады

4 Қазан 2023, 02:02 588

Үкімет отырысында жол қауіпсіздігі мәселесі көтерілді. Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев өз баяндамасында өңірдегі жол-көлік оқиғаларының көбеюіне ықпал ететін факторларға тоқталып, оларды азайту бағытында атқарылып жатқан шаралар туралы айтып берді, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Абай облысы құрылуымен облыс орталығы Семей қаласында, көлік құралдарының ағыны күрт артқан. Оның ішінде тиісті қызметтерді алу, әкімшілік рәсімдерден өту шеңберінде келген көліктер де бар. Мысалы, 2022 жылғы қыркүйекте Семейде тәулік ішінде көлік ағыны орта есеппен 100 мыңды құраса, 2023 жылғы қыркүйекте бұл көрсеткіш екі есеге ұлғайған.

Тағы бір маңызды себеп – облыс көлемінде транзиттік ағынның артуы және халықаралық, республикалық маңызы бар автожолдардың стандарттарға сәйкес келмеуі. Абай облысының аумағы Қытай Халық Республикасымен және Ресей Федерациясымен шектеседі, оның бойымен республикалық маңызы бар ұзындығы 543 км «Омбы – Майқапшағай» тас жолы өтеді. Бүгінда автожолда көлік ағыны тәулігіне 8 мыңға жуық автокөлікті құрайды. Бұрын көлік ағыны тәулігіне 6 мың болатын. 

Жаз мезгілінде республикалық жолдардың аталған аумақтарында Алакөлге қарай туристтік автокөлік ағыны ұлғаятынын ескеру қажет, өз кезегінде бұл да жол-көлік оқиғаларының көрсеткіштеріне әсерін тигізеді және облыстың шекаралас аудандарында жанар-жағар май тапшылығын тудырады, - деді Нұрлан Ұранхаев.

Жол көлік оқиғаларыр азайту мақсатында облыс орталығында 1500 мыңнан астам «Сергек» камерасы іске қосылған. Жылдың соңына дейін «Екин-Патрол» және «Сергек – Патруль» жол ережелерін бұзғандарды автоматты түрде анықтайтын 5 аппараттық-бағдарламалық кешенін сатып алу жоспарланған.

Семей қаласындағы барлық жол белгілерінің 50% ауыстырылды, бұл 3 мыңнан астам бірлікті құрайды. Сондай-ақ 1300-ге жуық жаңа жол белгілері орнатылды, - деді аймақ басшысы.

Абай облысының әкімдігі жол қауіпсіздігін арттыру және жол-көлік оқиғаларының санын азайту үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр.

Перизат Саденова
Бөлісу: