Семейде жалған қоғамдық қор арқылы ақша бопсалап келгендер ұсталды

22 Маусым 2023, 02:35 1181

ІІМ-нің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөліністері Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, Абай облысы прокуратурасының үйлестіруімен Семей қаласының аумағында бопсалаушылардың қылмыстық тобын ұстау бойынша арнайы операция жүргізді. Бұл туралы Polisia.kz сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өздерінің криминалдық қызметін топтың мүшелері ресми түрде тіркелген қоғамдық қорды формальді құру арқылы мұқтаж тұрғындарға қайырымдылық көмек көрсету түрінде жүзеге асырып отырған.

Қордың Instagram әлеуметтік желісінде жеке парақшасы бар. Құрылған күннен бастап қордың есепшотына қаражат түспеген. Күдіктілер қорды қаржыландырамыз деген сылтаумен жергілікті жастардан және есірткі пайдаланатын адамдардан ақша бопсалаған. Кейбір жағдайларда қылмыскерлер өз құрбандарын талап еткен ақшаны алғанға дейін жалдамалы пәтерлерде ұстаған.

Бопсалаудың 7 фактісі анықталды. Арнайы операция барысында 19 тінту іс-шарасы жүргізіліп, суық және травматикалық қару тәркіленді. 18 адам полицияға жеткізілді, олардың ішінде қылмыстық топтың 8 негізгі қатысушысы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, – деді ҚР ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Қуандық Алпыс.

Перизат Саденова
Бөлісу: