Семейде суға батып бара жатқан екі адам құтқарылды

6 Маусым 2023, 03:15 729

Семей қаласында құтқарушы суға батып бара жатқан баланы аман алып шықты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, соңғы екі күнде Семейде суға батып бара жатқан 2 адам құтқарылды.

Бірінші оқиға Мұрат саяжайының маңындағы Ертіс өзенінде болған. 45 жастағы ер адам отбасымен жағалауда демалып жатқан кезде батып бара жатқан адамды көріп, дереу көмекке ұмтылған. Мас күйде болған 36 жастағы азаматты судан шығары алған ол алғашқы медициналық көмек көрсетті. Жедел медициналық жәрдем дәрігерлері зардап шеккен адамды тексергеннен кейін қалалық полиция басқармасының қызметкерлеріне табыс етті, - делінген ақпаратта.

Екінші оқиға Шүлбі кентінде болды. № 6 өрт сөндіру бөлімінің қызметкері Алтынбек Әлімжанов суға батып бара жатқан баланы құтқарып қалған.

Кенттегі «Жанай» демалыс базасында келе жатқан азаматтық қорғау кіші сержанты суға тұншығып батып бара жатқан баланы байқады. Ол ұзақ ойланбастан, көмекке жүгірді. Киімін шешпестен суға секірді. Баланы жағаға шығарып, оған алғашқы медициналық көмек көрсетті. Содан кейін бала ата-анасына тапсырылды. Қазір оның жағдайы жақсы, - делінген хабарламада.

Перизат Саденова
Бөлісу: