Семейде бірқатар спорт нысаны жөндеуден өтеді

Бүгiн, 00:20 145

Абай облысының әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы бірнеше спорт мекемесін аралап, өзекті мәселелерімен танысты, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.

Аймақ басшысы алдымен №2 олимпиадалық резервтің балалар мен жасөспірімдерге арналған мамандандырылған спорт мектебіне барды. Мұнда 677 бала 11 спорт түрі бойынша жаттығады. Спортшылар халықаралық және республикалық жарыстарда 451 медаль жеңіп алған.

Мектепте екі спорт залы бар. Алайда спорттық және көркем гимнастика залдары заман талабына сай келмейді. Спортшылар үстел теннисімен жертөледе айналысады. Кикбоксинг, таэквондо, ауыр атлетика сынды басқа спорт түрлерінің өкілдері білім мекемелерінде немесе жеке залдарда жаттығуға мәжбүр. Сондықтан нысанға қосымша ғимарат салу қажеттігі туындап отыр. Аймақ басшысына негізгі ғимаратқа жапсарластыра салынатын нысанның жобасы таныстырылды. 

Облыс әкімі дене шынықтыру және спорт басқармасының ғимаратында да болды. Мұнда басқармаға қарасты 11 спорттық мекеме орналасқан. 380 адам жұмыс істейді. Нысан 1985 жылы салынған. Содан бері жөндеу көрмеген. Футбол залы да жаңғыртуды қажет етеді.

Осы ғимаратта аймақ басшысына басқарманың тапсырысымен әзірленген ақпараттық портал таныстырылды. Порталдың мақсаты - өңірдегі спортқа бейім балаларды анықтау. Жоба барлық мектептермен бірлесе жүзеге асырылады. Облыс әкімі бастаманы қолдап, ақпараттық порталды іске қосу қажеттігін айтты.

Аймақ басшысы қазіргі уақытта бос тұрған бұрынғы колледж ғимаратын да аралап көрді. Спорт басқармасы өкілдері облыс әкіміне мұнда ғимаратқа зәру спорт түрлері бойынша залдар ашу туралы ұсыныс білдірді.  Бұдан өзге облыс басшысы «Локомотив» стадионын да аралады. Бұл аумақта көпсалалы спорт кешені мен жатақхана салу жоспарланған. Жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптамаға ұсынылған. 

Облыс әкімі барған келесі нысан - олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің күрес залы. 1936 жылы салынған ғимаратта балалар грек-рим күресімен айналысады. 

Жалпы спорт мектебінің қарамағында бірнеше филиал мен спорт залдары бар. Барлығын қоса алғанда 1349 бала 15 спорт түрімен шұғылданады. Әлем және Азия чемпионаттарының жүлдегерлері бар. Жарыстардан 362 медаль иеленген. Күрес залының ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді. Жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген.

Жақсылық Үшкемпіров атындағы №1 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 1328 спортшы 9 спорт түрімен шұғылданады. Әртүрлі деңгейдегі жарыстардан 446 медаль иеленген. Мекеме қарамағында дене шынықтыру-сауықтыру кешені, күрес залы, жатақхана, «Достық» спорттық лагері бар. Қазіргі таңда спорт кешені жанынан оқу ғимаратын ашу қажеттігі туындап отыр. Себебі, тәрбиеленушілер өзге мектептерге қатынап оқиды.

Ғимарат 2011 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген. Спорт кешенінің төбесінен су өтіп, қабырғаларында жарықшақ пайда бола бастаған. Нысан ішіндегі бассейн қалада жылыту маусымы аяқталғаннан кейін жұмысын тоқтатады.

Облыс әкімі олимпиадалық резервтің қысқы спорт түрлеріне арналған мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жұмысымен де танысты. Мұнда 247 бала шаңғы, биатлон және конькимен жүгірумен айналысады. Әртүрлі жарыстардан 103 медаль иеленген. Оның ішінде халықаралық жарыс жүлдегерлері де бар. Алайда спортшылар заман талабына сай келмейтін алаңдарда жаттығуда. 

Аймақ басшысына жаңа, халықаралық стандарттарға сәйкес келетін шаңғы-роллерлік трассасын салу туралы ұсыныс айтылды. Облыс әкімі Семейдегі спорт нысандарын жаңғырту, жаңадан салу бойынша тиісті шешім қабылданатынын атап өтті.

Бүгін облыс орталығындағы 10-ға жуық спорт нысанының жағдайын көріп, өзекті мәселелерімен таныстым. Өкінішке қарай, спортшыларымыз заман талабына сай келмейтін залдарда жаттығып жүр. Мен аралаған спорт мекемелерінің барлығы күрделі жөндеуді қажет етеді. Қаншама жылдар бойы назардан тыс қалған. Соған қарамастан спортшыларымыздың жетістіктері көңіл қуантады. Алдағы уақытта қаладағы спорт ғимараттары бойынша тиісті шешім қабылдаймыз. Ешқайсысы назардан тыс қалмайды. Ағымдағы және күрделі жөндеуді бастаймыз. Жаңа спорт ғимараттарын салатын боламыз,- деді облыс әкімі. 

Асқар Таудай
Бөлісу: