Семейде әйел жүк пойызының астында қалып, мерт болды

Кеше, 02:29 444

Семейде теміржол өткелінде қайғылы оқиға болды. Жүк пойызының астында қалған әйел мерт болды, деп хабарлайды abainewskz-ке сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.

Оқиға 14 сәуір күні шамамен сағат 16:30 шамасында Дулатов көшесі бойындағы «Жансая» базары маңындағы теміржол өткелінде болған. 

Куәгер көлігінің бейнетіркегішінен алынған жазбаға сәйкес, әйел тоқтап тұрған жүк пойызының астынан өтпек болған. 16:22-де ол пойыздың толық өтіп кетуін күтпестен, вагондардың арасынан өтпек болады. Алайда небәрі бірнеше секунд өткен соң, 16:22:19-да пойыз қозғалып, әйелді басып кеткен.

Куәгерлер бірден оқиға орнына жүгіріп келіп, әйелді рельстен шығарып алғанымен, ол алған ауыр жарақаттарынан сол жерде көз жұмды.

Көлік полициясы департаменті бұл факті бойынша «Семей» станциясындағы желілік полиция бөлімі Қылмыстық кодекстің теміржол көлігін пайдалану немесе қозғалыс қауіпсіздігі ережелерін бұзу салдарынан адам өліміне әкеп соққан бабы бойынша іс қозғағанын мәлімдеді.

Қазіргі уақытта бұл іс бойынша қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде, – деп нақтылады ведомство.

Асқар Таудай
Бөлісу: