Семей полигоны аймағындағы тұрғындар медициналық тексерістен өте алмай жүр

15 Мамыр 2023, 11:37 1744

Семей полигонындағы 468-ден астам жүргізілген ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтар әлеуметтік қолдау мен медициналық көмек ала алмай отыр. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Фракциясының мүшесі Нұртай Сабильянов Мәжіліс отырысында айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутат Абай облысының тұрғындарымен кездесуі кезінде көтерілген айтылған маңызды мәселелерді атап, Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдады.

Зейнетақыға үстемеақы алу құқығы төтенше радиациялық қауіпті және ең жоғары радиациялық қауіпті аймақтарда тұрып жатқандарға және 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнетке шыққандарға берілген. Ал радиациядан зардап шеге тұрып, басқа аймақтарға көшіп кеткен және зейнетке 1998 жылғы 1 қаңтардан кейін шыққандарда бұндай құқық жоқ, - дейді депутат. 

Депутаттың айтуынша, қосымша еңбекақы және жыл сайынғы қосымша ақылы демалыс тек қана зардап шеккен аймақтарда тұрып жатқан азаматтарға ғана беріледі. Басқа аймақтарға көшіп кеткен азаматтар бұл құқықтармен қамтамасыз етілмеген. 
Сондай-ақ барлық жұмыс берушілер жыл сайынғы қосымша демалысты төлей алмайды және басқа да қажетті төлемдерді толық қамтамасыз етпейді, себебі бұл үшін қаржылық мүмкіндіктері жоқ.   

Зардап шеккендердің барлығы уақтылы медициналық тексерістен өтпеген және оларға тиісті диагностика жасалмаған. Оңалту орталықтарында да ем алу қолжетімсіз, - дейді Мәжіліс депутаты.

Оның айтуынша, ядролық сынақ өткізілген аймақ тұрғындары жиі көтеретін мәселелердің бірі – ол зейнетке шығу жасын төмендету. Одан кейін зардап шеккен азаматтардың көпшілігінің тұрақты жұмыс орны жоқ. Осыған байланысты, олар міндетті медициналық сақтандыру жарналарын төлей алмайды. 

Сонымен қатар, өткен жылдарда осы мәселелерге қатысты депутаттық сауалдарға жауап ретінде Үкімет арнайы зерттеулер жүргізіп, қорытындысы бойынша осы өңірдің азаматтарын әлеуметтік қорғау шараларын жетілдіріп, сондай-ақ сәулеленудің жеке дозасының шамасына байланысты медициналық-әлеуметтік көмек көрсету өлшемдерін қайта қарайтынын атап өткен.  Бүгінгі күні зерттеулер толық жүргізіліп бітті. 

Негізгі мәселелерді атап өткен Мәжіліс депутаты бірнеше ұсынысты қарастыруды сұрады.

Ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды міндетті медициналық сақтандыру жарналарын мемлекет атынан жүзеге асыру; Ядролық сынақтардан зардап шеккен, бірақ елдің басқа өңірлеріне көшіп кеткен азаматтарға заңнамамен көзделген барлық құқықтар мен жеңілдіктерді беру; Зардап шеккен азаматтарға берілетін үстемеақылардың барлық түрлерін екі есеге ұлғайту және жыл сайынғы қосымша еңбек демалысын төлеуге мемлекеттік қолдау көрсету керек, - деді депутат.

Сонымен қатар, барлық зардап шеккен азаматтар толық кешенді медициналық тексеру жүргізу және медициналық оңалту ұйымдарда ем алуына жағдай жасалауы тиіс. Оңалту орталықтары мен мамандандырылған шипажайлардың санын көбейту де негізгі мәселерді шешуге ықпал етеді.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: