Семей орманы резерватының аумағынан тағы да өрт шықты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Орман өрті 4 тамыз күні сағат 14:39-да Долон филиалы Байдәулет орманшылығының 7,8 кварталынан басталғаны белгілі болды. Табиғи апатпен күреске 66 адам (36 орман күзеті, 30 ТЖД қызметкері) және 24 техника, оның ішінде 1 тікұшақ жұмылдырылған.
Өрттің болжамды аумағы - 27 гектар. Қазіргі уақытта өрттің таралуы тоқтатылды, толықтай сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Төтенше жағдайлар министрлігі таратқан мәліметке сәйкес, өртті жедел сөндіру мақсатында Абай облысы ТЖД күш-құралдары дереу оқиға орнына жіберілді.
Әуеден барлау және су төгу құрылғысын пайдалана отырып, Қазавиақұтқару және Қорғаныс министрлігінің тікұшақтары жұмылдырылған.
Қазіргі уақытта ТЖМ мен орман шаруашылығының тартылған күш-құралдарының саны - шамамен 130 адам және 25 техника.
Астана қаласы мен Қарағанды облысынан күш-құралдары өрт орнына қосымша жіберіледі.