Біздің қоғамда жазу, сөйлеу мәдениетіміздің төмендеп кеткені жасырын емес. Бұл жөнінде филолог ғалымдар, жазушылар мен журналистер мәселе көтеріп, айтып та, жазып та келеді. Солардың арасында филология ғылымының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлының орны ерекше. Шерубай Құрманбайұлы тек тіл мәдениеті бойынша ғана емес, тіл біліміндегі терминология, архаизмдер, жаңа сөздер, алаштану жөнінен сүбелі еңбектер жазып жүрген жан-жақты ғалым.
Біз бүгін PhD доктор, Абай университеті, Немат Келімбетов атындағы Түркітану орталығының ғылыми қызметкері Мәрлен Әділовтің ғалым Шерубай Құрманбайұлының 60 жас мерейтойы қарсаңында ұстазы туралы жүрекжарды жазбасын ұсынғанды жөн көріп отырмыз.
Ағай бізге 2006 жылы сабақ беріп, жолымыз сол кезде алғаш рет түйісті. Ол кезде мен бірінші курста едім, бізге ең мықты ғалымдар сабақ береді деп мақтанатын едік. Мақтанбауға себеп те жоқ емес, Рымғали Нұрғали, Мырзатай Серғалиев, Ақселеу Сейдімбек, Болатжан Әбілқасымов, Мәуен Хамзин, Тұрсын Жұртбай, Диқан Қамзабекұлы бастаған елге белгілі профессорлардан тәлім аламыз деп мәз болып, жар салдық. Соның ішінде ерекше тоқталғымыз келетін ұстазымыздың бірі белгілі ғалым, бізге бірінші курстың алғашқы семестрінде «Тіл біліміне кіріспе» пәнінен сабақ берген филология ғылымының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы. Ағай бізге жай сабақ беріп қана қойған жоқ, жалпы лингвистикадағы негізгідерін бойымызға сіңірді, тілдік норма, сөз мәдениеті бойынша жөн сілтеп, бағыт көрсетті. Шынында біздің жолымыз болды, олай деуіме себеп, ағайдың бір жылдық ЕҰУ-дағы қызметі біздің оқуға түскен уақытпен тұспа-тұс келді. Группаластармен кездескенде әлі күнге дейін ағайдың бізге ұстаздық еткенін мақтана айтамыз. Шерубай ағай ҚазМУ-де мүйізі қарағайдан ірі ғалым-корифейлерден, ұлағатты ұстаздарынан үйренгенін бізге үйретті, әсіресе фонетикаға келгенде Сапархан Мырзабековтің тәлімін бізге жақсы жеткізді. Сөзді әуезділігін сақтау, емле ережелері, дыбыстардың дұрыс айтылуы, екпін, үндестік заңы, ерін үндестігі туралы тұжырымдарын құлағымызға құйып, санамызға мәңгі өшпестей салды. Тіл маманының бірінші кезекте тілді шұбарламай, сөз бен сөйлемді әуезді етіп, ерін үндестігіне сай сөйлеу керек дегенін еш ұмытпаймыз. Осы күнге дейін ағай экран алдына шығатын, газет журналистерінің, кейбір әртістердің қате қолданыстарын түзеп отырады, соның айғағы ретінде оның «БАҚ және сөз мәдениеті» (2020), «Сөзтүзер» (2021) атты еңбектері шықты.
Қырағы оқытушы, сабақта аз уақыт, бірер сәттің ішінде отыз студенттің қарымын анықтап, баға беріп үлгерді, кімнің қалай сөйлеп, тіл мәдениетін қаншалықты сақтайтынын байқап, қадағалап отырды. Әрқайсымыз ағайдың алдында сөз саптауымызды түзеп, барынша әдеби тіл нормаларын ұстануға тырыстық, оның өзінде емледегідей қиналып тілді бұрып айтпай, жұлдыз деп жазылса «жұлдұз» деп оқу, түлкі болса «түлкү», ми деп емес «мый» деп әуезділікті сақтап, жазуға байланып қалуға болмайтынын ұқтырды. Сөйтіп жазуға ғана қадалып қалмай орфоэпия ережелерін қатаң ұстану қажет екендігін жеткізді. Оқу орнынан тек білім және ғылым емес осындай тағылымды тәлім алып шықтық. Бұл бір жағынан ағайдың болашақ мамандарды алдын ала дайындап, ертең көп алдына сөйлегенде, БАҚ саласында қызмет етсе ескеріп жүрсін дегені екен. Әлі күнге дейін Шерубай Құрманбайұлынан дәріс алған шәкірттер сөз мәдениеті, тілдік нормаларды ұстануда қатеге бой алдырмайды. Жоғарыдағы сөйлеу ережелеріне, ерін үндестігіне кейін түркітануға келгенімде де ерекше мән беріп, зерделей бастадым, қазақтың ескі жазба тілінде жазылған шығармаларда, Радловтың сөздігіндегі қазақша сөздер, тіпті Абайдың қолжазбаларында мәтіннің ерін үндестігіне сәйкес жазылғанына мән беріп, ағаймен «Абай тілінің ерекшеліктері» кітабын бірге жазғанда фонетика тарауында осы мәселені ерекше қаперге алдық. Ағай байқампаз, қате дыбыстағанды, аңдамай сөйлеп қалғанды тез байқайды. Біздің аты-жөніміздің де журналда қазақша жазылмағанын көріп, ескертіп отырды. Біз оны мектепте ескермей, құжаттағыдай жазылғанына мән бермей жүре беріппіз. Оны да бізге Шерубай ағай алғаш ескертті. Шерубай Құрманбайұлы журналда «ов», «ова»-сыз жазылған фамилияларға келгенде оларды айрықша атап, ал тегі орыс үлгісімен жазылғандарға келгенде одан ертең-ақ бас тартқымыз келетіндей «шымшып» жеткізеді. Мәселен, Марлен деген атымды Мәрлен деп айтатын, осы күнге дейін солай өзім де айтып келем, ол қанша жерден Маркс, Ленин деген екі есімнен қысқарған болса да, екінші буындағы жіңішке дыбыс алдыңғы жуан дыбысқа әсер етіп, Мәрлен деу керегін сонда ұқтым. Осылайша бірінші курста Әдебиеттануға кіріспе пәнінен профессор Мәуен Хамзин сабақ беріп, болашақ филологтардың бойына әдебиеттану бойынша өшпес білім нәрін құйса, Тіл біліміне кіріспеден лингвистиканың негіздерін егжей-тегжейлі үйреткен профессор Шерубай Құрманбайұлы болды. Біздің филолог болып қатыптасып, лингвист зерттеуші болуымызда ағайдың осындай зор еңбегі сіңді, лингвистиканың әліппесін ашқан алғашқы ұстаз болды.
Ағай 2007 жылы мемлекеттік қызметке ауысып, біз де «жетімсіреп» қалдық. Сол сабақты берген басқа апайдың бойынан ағайдың ұстаздық ерекшелігін іздеп қалатын болдық. Дегенмен ұстаздың сол жылдардағы шығармашылық, қызметтік жолындағы зор жетістіктеріне тамсанып, сүйсініп, қуанып жүрдік. Арасындағы ғылыми жиындар, конференция, семинарларда көріп қалғанда амандасып, алдынан қанша студент өткен, танымас дегендей әр көргенде «сіз бізге 2006 жылы сабақ бердіңіз» деп мәз боп айтып жүрдім.
2019 жылы Түркиядағы докторантурамды аяқтап елге оралдым. Еуразия университетінің Қазақ тіл білімі кафедрасына соққанымда ағайды тағы көріп қалдым. «Зерттеп жүрген тақырыбың қандай?» деп сұрады. «Көнерген сөздер» дегенімде «менің де көркем шығармалардан теріп, зерттеп жүрген архаизмдерім бар» деп қойды. Содан екі-үш ай өткенде университеттегі әріптес-досым хабарласып: «Шерубай ағай тіл маманын іздестіріп жатыр, соғып тілдес» деген соң алып-ұшып бардым. Құдай оңдап жолым болып, жұмысқа қабылданып, ағаймен әріптес атандық. Әріптес дегенім, тікелей бастығым болса да менің жаңа ғана докторлығымды қорғап ғылымға дайындықпен келгенімді бағалап, ұсақ-түйек күнделікті жұмысқа, аудармаға салмай ғылыммен айналысуыма жағдай жасады. Академик ғалым ғылыми пікірлерімізді тыңдап, өз ақылын айтып, жазғанымды бақылап, ақыл-кеңесін беруден жалықпады. Бұдан мен «осы жігіт қызмет қуып, ғылымынан ажырап қалмасын» деген ақ адал ұстаздық ниетті ұқтым. Ағай талай мықты зерттеушілердің қызмет, мансап қуып, талантының басқа арнаға кетіп жатқанын жиі айтып, ғылымға адал болуға шақырды. Мен де ағайдың қанша үлкен қызметте жүрсе де ешқашан ғылымнан ажырамағанын байқадым. Күндіз қызметте жүрсе, түнде көз майын тауысып, сүйікті ісімен айналысатына куә болдым. Қолы қалт етсе, жолда жүрсе де, кезекте тұрса да, ұшаққа мінсе де, жанынан кітап-газетті тастамайды. Солардан тілдік ерекшеліктер, көнерген және жаңа сөздер, қате қолданыстарды анықтап, теріп, соларды тереңдеп зерттеп жүрді. Аянбай еңбек етудің арқасында әр бес жылда жаңартып, мәліметтері толықтырылып шығарылып отыратын «Жаңа атаулар мен қолданыстар» кітабын шығып тұрады. Әр көнерген сөздің түпкі мағынасы ажыратып, талдап, тілге енген немесе қаламгерлер, журналистер, жекелеген тұлғалардың қаламынан туып жатқан авторлық қолданыстар мен жаңа сөздерді әрдайым тіркеп, мағынасын анықтап отыру өте маңызды. Бұл михнатты міндетті ағай алып, олардың барлығын тіркеп қана қоймай, мағынасын ажыратып, ұтымдыларын тілге енгізуге бір кісідей атсалысып келеді. Мұндай игі істі біздің елімізде ағай істеп жатса, басқа туыстас елдерде бұған мән беріп, тіркеп жатқандар шамалы. Академик ғалым Алаш қайраткерлерінің де ұсынған жаңа сөздері мен терминдерінің әрқайсысына анализ жасап, тілге енбегендердің өзін қайта талдап, олардың тізімін жасады. Ғылымның түрлі салалары дамыған сайын терминдерге сұраныс көбейіп, сол беріліп талданған дайын терминдер шетінен қолданысқа енері сөзсіз. Қаламгерлер ұсынған ұтымды жаңа атаулар мақала немесе жазбада бір рет қана қолданылып, ұмытылып кетуі мүмкін. Ғалымдар соларды теріп, түпкі семантикасын ашып сөздікте көрсететін болса, журналистер болсын, қоғамдық сала өкілдері, я болмаса оқытушы, сала мамандары, тіпті терминтанушылар, тілді зерттеушілер сол сөздікке сүйеніп, содан таңдап алған сөзін қолданса, олар халыққа, көпшілікке жетіп, сөздің қолданыс аясы кеңейеді. Ғалымның осы қызметі тілдің болашағы үшін үлкен қызмет деп білемін. Ұстазым әріптестерімен бірлесіп «Мұқағали тілі сөздігін» құрастырғанда да ағайлар сөздерді тек өлеңдерінен ғана алмады. Ақынның прозалық шығармалары мен күнделіктерінен де жиып, бәрін қосып үлкен сөздік жасады. Сол сөздіктерге енген сөздер біздің тіліміздің бай сөздік қорын одан сайын молайта түседі. Көлемді ұжымдық еңбек «Қазақ тілінің кірме сөздер сөздігі» де Шерубай Құрманбайұлының бастамасымен қолға алынып жазылды. Сөздікте 9000-ға жуық кірме сөз қамтылған. Бұл кітап бізде жарық көрген алғашқы көлемді кірме сөздер сөздігі ретінде құнды. Неге десек, осы уақытқа дейін қазақ тіл білімінде кірме сөздер сөздігін жасау ісі қолға алынбай келді. Кірме сөздер теріліп берілген санаулы ғана сөздік бар. Олар негізінен, араб-парсы тілдерінен енген кірме сөздерге арналған. Алайда әлем тілдерінен енген сөздер молынан қамтылған кірме сөздердің мұндай үлкен сөздігі әлі жасалған жоқ еді. Бұл еңбек сол олқылықтың орнын толтыратындай сәтті бастама деуге негіз бар.
Ағай жаңашылдыққа қарсы келмейді, кез келген нәрсенің жөні, дұрысы болса оны қабылдайды. Жастар пікіріне құлақ асады, бірақ тұжырым-пікірлер ұлт, тіл тағдырына қарсы болып, қисынға келмеген жағдайда ондай теория-тәжірибелермен келіспейді. Оларға қарсы өз ұстанымын дәлелмен жеткізеді. Кеңес мектебін көрген кейбір ғалымдар кейде баяғы ұстанымдарынан бас тартпай, ол ойын ту етіп, өмір бойы ұстанып жүреді. Бұл тұрғыдан келгенде біздің ұстазымыз кеңес тұсында жабық тақырып саналып, зерттеуге, аттарын атауға ешкімнің батылы бармаған тың тақырыпқа алғашқылардың бірі болып барып, Алаш қайраткерлерінің мұрасын үздіксіз зерттеп келеді. 2008 жылы ХХ ғасыр басындағы қазақ терминологиясы мен ғылым тілін терең зерделеген «Алаш және терминтану» атты монографиясы жарық көрді. «Қазақ білімпаздарының тұңғыш сиезі», Орысша-қазақша әскерлік атаулары», «Пән сөздері», Н.Төреқұлұлының «Жат сөздер» сияқты жанкештілікпен жазған көптеген еңбектерін, қазіргі жазуға көшіріп, алғы сөздері мен түсініктерін жазып, ғылыми айналымға шығарды, қалың елге жеткізді.
Алаш қайраткерлері сол кезеңде-ақ бодандыққа қасқайып қарсы тұрды. Олар патшалық, советтік билік бұғаулап, жаныштаған халқын дербес ел етіп, еркіндік, азаттық үшін күресті. Әлі күнге дейін барлық ғылым саласында бірдей белгілі бір тарихи кезеңдегі қателіктерді терең талдап, сол тарихтан сабақ алып, одан арылудың жолында қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр деу қиын. Тәуелсіздік таңы атқанда ғылымға келген буын өкілі Шерубай Құрманбайұлы тіл саясаты мен лингвистика ғылымында ашық айтылмай, жасырынып келген көптеген фактілерді ашып, құрсаулаған советтік идеологиядан арылып, азат ғылымға ұмтылғандардың алғашқы легінде болды. Ғалым ата қанымен бойына біткен күш-қайрат, ерік-жігер, табандылығы мен біліміне сүйене отырып, тіл ғылымы саласындағы саясатқа таңылған тарих шындығын дәлелдеуге көп еңбек сіңірді. Ғалымның «Алаш және терминтану» еңбегінде Кеңес кезеңіне дейінгі тілдік даму, терминологиялық қор қазақ елінің азат көзқарасымен, түркі тілдерінің бірізділігін сақтауға бағытталғандығы жан-жақты дәлелденеді. Кейінірек бұндай игі бастамаға тосқауыл қойылып, советтік саясаттың ұлттық әдеби тіл дамуы мен сөздік қор қалыптастыру ұстанымдары мен қағидаттарын басқа арнаға бұрып, өзгестер енгізгенін тіл деректері негізінде баяндайды. Мұндай өте маңызды еңбекті Анкарадағы Ататүрік негізін қалаған «Түрік тілі құрымы» (тікелей президентке бағынатын мемлекеттік түрік тілі (тілдері) институты) 2023 жылы түрік тілінде «Alaş ve Terminoloji» деген атаумен жарыққа шығарды. Алаш қайраткерлерінің жанкешті еңбегі, ұлт тілін дамытудағы ғылыми бағыты, олардың терминология бойынша бірегей ұстанымдары енді жүз миллион аудиторияға жетті.
Академик ғалым, бүкіл ғылыми дәреде мен атақты алдым, осымен тоқтатайын демей, әрдайым тынымсыз ізденіс үстінде жүреді. Осыға өзім сан мәрте куә болдым. Бір ғана мысал: ұшаққа мінгенде біз кино көруге асықсақ, ағай жолда кітапты серік етеді. Оқып қана қоймай, сондағы тілдік ерекшеліктерге мән береді. Белгілі бір қаламгер тілінде тәте сөзі «әке» мағынасында қолданылса оның неге солай қолданылғанын анықтауға асығады, я болмаса бүгінгі әдеби тілдегі ержету етістігі қыз балаға қатысты айтылса оның да себебін іздейді. Ағай осындай ойларын маған жеткізіп, Абайдың тілінде солай қолданылатынын айтып, ақын тіліндегі қазіргі әдеби тілден өзгеше қолданыстардың түп-төркінін іздеп, бірлесіп еңбек жазуға кірістік. Соның ішінде қатын сөзінің ақындарда тек жағымды мағынасында жұмсалуы, Абай қазіргі тіліміздегі белсенді «ет» етістігінің сирек пайдаланып, «қыл» сөзін жиірек қолдануы, «-тұғын» есімшесінің актив қолданысы, ақын тіліндегі дөрекі сөздердің этимологиясы, дыбыстық говорлық ерекшеліктердің (шүйінші, есітті, айналды, суғару, дүзу, сыр жалаңаш т.б.) тарихы, Абайдағы «тәте» сөзінің түпкі семантикасы деген мәселелерді Шерубай Құрманбайұлы көтеріп, Абайдағы қолданыстардың тілдік құбылу емес, көне түркі тіліне тән ерекшеліктер екенін дәлелдеді. Ағай Абайдың тілдік ерекшеліктерін айтқанда ақынның қай өлеңін де жатқа айтады. Кез келген мысалды шумағымен еш жаңылыспай жеткізетіні мен үшін таңғаларлықтай болғаны жасырын емес.
Шерубай Құрманбайұлы тек өз саласында ғана емес, өмірде де сондай жан-жақты, сегіз қырлы бір сырлы болмыс иесі. Ол ән де айта алады, өлеңді мақамына келтіріп оқиды, керек жерінде би билеп те береді, тамаша спикер, естелік жазып, өлең де шығарады, ал спортқа бейімдігі өз алдына жеке әңгіме. Шерубай Құрманбайұлы қай салаға барса да үлкен жетістікке жетер еді. Құдай оңдап тіл біліміне келгені осы саланың дамытып қана қоймай, үлкен мектеп қалыптастырды. Тіл тарихынан бастап терминология, лексикография, неологизм, архаизм, алаштану, тіл мәдениеті, аударматану секілді лингвистиканың бірнеше саласын қатар зерттеп, мемлекеттік тілдің тұғырын көтеріп, оның жарқын болашағына қызмет етіп жүрген ірі ғалым, қоғам қайраткері, белгілі тұлға. Ләйім ұстаздың қаламы талмасын, еңбектері ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, ел игілігіне жарасын. Көпшілік ықыласына бөленіп, ғылымға қызмет ете берсін! Шерубай ағай өз балаларына да, бізге шәкірттеріне де мансап-қызмет уақытша, ал істеген ігі іс пен шығармашылық мұра, ғылыми еңбек мәңгілік екенін Абай, Әлихан, Ахмет, Мағжан, Мұқағали мұраларын мысал етіп әрдайым айтып отырады. Мерейлі жасқа келіп жатқан ұстазымызға бізде еңбектері ел игілігіне жарап, ұрпақтан-ұрпаққа құнын жомағай жете берсін деп тілейміз. Ғалым-ұстаздың қаламыңыздан туған еңбектері бүкіл қазақ баласына, түркі әлемі жұртшылығына қызмет етіп, өзі өнегелі ұрпағы, мазмұнды ғылыми шығармашылығымен мың жасасын!