Сайрам ауданында былтыр «Ауыл аманаты» бойынша 207 жоба қаржыландырылды

16 Наурыз, 15:25 660

"Ауыл аманаты" жобасы – ауыл-аймақ халқының табысын арттырып, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Түркістан облысы Сайрам ауданында аталған бағдарлама арқылы мемлекеттен қолдау тауып, кәсібін дөңгелетіп отырғандар саны артып келеді. Былтыр ауданда 207 жоба мақұлданып, оған 1,2 млрд теңге қаржы берілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Аудан әкімі Арман Сәбитовтің айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасына былтыр Сайрамда Ақбұлақ, Жібек жолы, Қайнарбұлақ және Көлкент ауылдық округтері енген. Былтыр ауданда бұл бағдарлама аясында 261 азамат жобасын ұсынған. Соның ішінде 207-сі қаржыландырылған. Оның 201-і (құны 1 175,9 млн теңге) мал шаруашылығы саласына тиесілі. Яғни, жалпы жоба санының 97 пайызын құрап отыр. Үш жоба (құны 14,4 млн теңге) өз кәсібін ашу бағытына бағытталса, қалған үш жоба балық шаруашылығын (құны 17,8 млн теңге) дамыту аясында қаржыландырылған. Бұл туралы аудан басшысы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг кезінде айтқан болатын. 

Мемлекеттен қолдау тапқандардың бірі -  Ақсукент ауылының тұрғыны Махмут Пірәтов. Ауыл тұрғыны былтыр 10 сотық жер алып, 5 бассейн қаздырған. Онда 35 мың форель балығының шабағын жіберген. Кәсіп иесі енді уылдырықтан шабақты өздері шығаруды көздеп отыр. Ол үшін арнайы аппарат та алып қойған.

Ауыл тұрғыны балық өніміне ішкі нарықта сұраныс жоғары екенін айтады. Алдағы уақытта бассейн көлемін арттырып, шабақ өндіретін цех салуды көздеп отыр. Ол үшін қажетті жер телімі де дайын.

Жалпы Сайрам ауданында «Ауыл аманаты» аясында атаулы әлеуметтік көмек алушыларға қолдау көрсету жұмыстары да қарқын алып келеді. Мәселен, былтыр бұл мақсатта 11 әлеуметтік көмек алушыға 48,3 млн теңге несие берілген. Ал 2024 жылы Арыс, Қарамұрт, Қарасу, Манкент ауыл округтерінен 100 азаматты жобаға қатыстырып,
866,1 млн теңгеге қаржыландыру көзделіп отыр.

Айта кетейік, 11 ауылдық округ, 42 елдімекені бар ауданда бүгінде 236 мыңнан астам халық тұрады. Бұл облыс халқының 11%-ын құрайды.

Өткен жылдың қорытындысымен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында тұрақты серпін сақталып, барлық көрсеткіштер жоспарға сәйкес орындалған. Атап айтар болсақ, жалпы өңірлік өнім көлемі 257,8 млрд теңгеге жетіп, өсім 107%-ды құраған. Жалпы өнімнің ішінде 54,3%-ы ауыл шаруашылығы саласына тиесілі болса, 18,9%-ы өнеркәсіп, 19,7%-ы сауда саласының үлесінде.

Ауыл шаруашылығы саласы бойынша былтыр ауданда  139,9 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, облыстағы өнім көлемінің 12,1 пайызын құраған. Осылайша Сайрам өңірдегі өзге аудан, қалалар арасында көш бастаған.

Әкімдік ұсынған мәліметке сүйенсек, ауданда мал шаруашылығы жақсы дамыған. Жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің 84,5 млрд теңгесі немесе 60,4%-ы мал шаруашылығы саласына тиесілі. Барлық шаруашылықтарда мал басы көбейген. Ет өндірісі 3,2%-ға, сүт өнімі 11,6%-ға артқан.

Оқи отырыңыз: 

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: