Алдағы 19 наурызда өтетін Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлаулары қазақстандық қоғам үшін өте маңызды, өйткені олар Қазақстанның саяси жүйесін реформалауға бағытталған жаңа қадам болғалы отыр. Бұл сайлаулар еліміздің одан әрі дамуына септігін тигізетін жаңа идеяларды дүниеге әкелуі тиіс.
Сайлаулар аралас сайлау жүйесі бойынша өтеді. Депутаттыққа кандидаттар тарапынан бір мандатты округтер бойынша жоғары қызығушылық байқалады. Сондай-ақ партиялық тізімдер бойынша Мәжілісте де, мәслихаттарда да үлкен бәсекелестік күтілуде. Жалпы алғанда, сайлаулар қоғам назарын өзіне аударады. Алдағы сайлауда тек саяси партиялар ғана емес, бір мандатты адамдар да белсенділік танытады.
Сайлаушылардан саналы, байсалды дауыс беру күтіліп отыр. Сайлаушылар сайлау күні басқа шаруаны жиып қойып, сайлау науқаны барысында бағдарламасы өзіне ұнаған, ең лайықты кандидатқа даусын беріп, борышын өтеуі тиіс.
Қоғамдағы өзгерістер Қазақстанның саясатына жаңа адамдар келіп жатқанын көрсетіп отыр. Мысалы, «AMANAT» партиялық тізімі 75 пайызға жаңартылды, саяси аренада бұрыннан келе жатқан партияларда көптеген жаңа тұлғалар пайда болды. Яғни 69 депутат партиялық тізіммен пропорционалды жүйе бойынша, ал 29 депутат бір мандатты сайлау округтері бойынша сайланады.
Жаңа партиялар пайда болды, олар сайлау барысында бәсекелестікті күшейтеді деп күтіліп отыр. Бұл жолы екі жаңа партия – «Байтақ» және Respublica қосылды. Жалпы алғанда, биылғы жылы сайлау процесіне жеті саяси партия қатысады, олардың арасында салыстырмалы түрде жақында құрылған жоғарыда аталған екі жаңа партия бар. Сонымен қатар, сайлауға бұрын сайлауалды жарыстан бас тартқан Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) қатысады. Өткен парламенттік сайлауға бес партия қатысқаны белгілі, олардың тек үшеуі ғана парламенттің төменгі палатасына өткен еді.
Сайлаушылар сайлауалды партиялық бағдарламаларға, бір мандатты округтер бойынша кандидаттардың бағдарламаларымен танысуы керек. Тек таныстық не іш тарту, симпатия бойынша емес, олардың қоғамды дамыту үшін не ұсынатынын қарау қажет. Жақын арада сайлау жарысы басталып кетеді. Бағдарламаның мазмұндық бөлігі өте маңызды. Нақты бағдарламасы бар кандидат және бос уәде бермейтін кандидаттар көбірек дауыс жинайды.
Енді еліміздің сайлау жүйесі Еуропа одағының талаптарына бейімделеді. Парламентке ұсынылған партиялардың қайта кіру мүмкіндігі бірдей. Сонымен қатар, сайлауда саяси партиялардың пайыздық шегі 7-ден 5 пайызға төмендетілді. Бірақ саяси бәсекелестік саясатта жаңа адамдардың бой көтеруі үшін ғана емес, сонымен қатар жаңа идеялардың пайда болуы үшін де қажет.
Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын кезектен тыс сайлаудың жаңа форматы саяси жүйені демократияландырудың көрсеткіші болмақ.
ҚР Президенті Қ-Ж. Тоқаев 2020 жылы мамыр айында орталық газетке берген сұхбатында айтқан «Күшті Президент - ықпалды Парламент - есеп беретін Үкімет» формуласы жүзеге асатын кезең жақындап келе жатыр.