Сайлауға Партиялық емес байқау орталығының 22 мың байқаушысы қатысады

18 Қараша 2022, 12:00 1618

Партиялық емес бақылау орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов байқаушылардың сайлау учаскелерінде жұмыс істеуге дайын екенін айтты

20 қараша күні өтетін Президент сайлауына Партиялық емес байқау орталығының 22 мыңнан астам байқаушысы қатысатын болады, деп хабарлайды El.kz.

Партиялық емес бақылау орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов байқаушылардың сайлау учаскелерінде жұмыс істеуге дайын екенін айтты.

«Осы бағытта айтарлықтай жұмыстар жүргізілді. Біз еліміздің барлық өңірлерінде 22 мыңнан астам адамды қамтитын байқаушыларды жинадық. Орталық пен аймақтық филиалдар байқаушыларды толық қамтыған 300-ге жуық оқу іс-шараларын өткізді. Оқу процесінде сайлау заңнамасының негіздеріне ерекше көңіл бөлінді», - деді Төлеген Күнәділов.

Сондай-ақ төраға 20 қараша күні сайлаудың әділ өтуіне кедергі жасайтын жағдайлар орын алатын болса, байқаушылар бірден ескерту жасауы тиіс деп отыр.

«Байқаушылар дауыс беру күні қандай да бір заң бұзушылық болғанын байқайтын болса, сайлау төрағасы немесе комиссиясы мүшелеріне ескертуі керек. Ал қатаң заң бұзушылық орын алып жатса, онда 2 дана акт толтырылады. Біреуі сайлау комиссиясының төрағасына, екіншісі біздің ұйымға беріледі», - деді ол.

Сайлау күні бақылаушылар әр учаске ашылғаннан уақыттан бастап дауыстарды санау аяқталғанға дейін болады. Олар берген деректерді Партиялық емес байқау орталығы әлеуметтік желілерде жариялайды.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: