Сайлаудың сәттілігі оның ұйымдастыруына байланысты

20 Қараша 2022, 19:05 1189

Сарапшылар сайлау туралы өз пікірлерін білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина сайлау белсенді өтіп жатыр деп есептейді.

«Сайлау саяси процесс ретінде бірнеше маңызды қызметті атқарады. Біріншіден, сайлау билік органын демократиялық қалыптастыру тәсілі ретінде саяси режимді легимитизациялау мен сенім арттырудың құралы ғана емес, азаматтар өз сұранысын, қызығушылығын ой-елегінен өткізудің, қоғамдық нығаюдың, биліктің азаматтармен кері байланысын қамтамасыз етудің, саяси мәдениетті қалыптастыру және дамытудың, саяси өмірге қатысу үшін дағдыларға ие болудың негізгі құралы деуге болады. Екіншіден, сайлау – жаңа мақсаттар мен бағдарламалардың, азаматтарды толғандыратын сұрақтар мен мәселелерді, жалпы әлеуметтік-экономикалық, саяси курсты шешудің тәсілі», – дейді сарапшы.

Сондай-ақ ол бүгінгі сайлау халықты нығайтып қана қоймай, ел тағдырына бей-жай қарамайтынын білдіреді деп отыр.

«Сайлауды өткізу үнемі үлкен ұйымдастырушылық жұмысты талап етеді. Бұл процедура мына сатылардан тұрады. Сайлауды белгілеу, сайлау округтерін құру, сайлау комиссиясын қалыптастыру, үміткерлерді ұсыну, сайлаушылар тізімін құру, сайлау алдындағы үгіт-насихат, сайлауды өткізу, сайлау қорытындысын жасау, сайлау нәтижесін халыққа жариялау. Осы кезеңдердің барлығында сайлау комиссиясы жүйесінің, атап айтқанда Орталық сайлау комиссиясының, аумақтық сайлау комиссиясының, учаскелік сайлау комиссиясының бірыңғай жөнге келтірілген жұмысы қажет. Жалпы, сайлау қоғамдық өмірге белгілі бір мерзімділікті, өткен жолдың қорытындысын жасап, болашаққа үңілуге мүмкіндік береді», – деді ол.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: