25 Қаңтар 2016, 09:43
Сайлау кезінде үміткерлер, яғни кандидаттар жеңіске жету үшін түрлі амал-тәсілдер жасайды: өзін-өзі жарнамалайды, қарсыластарына қарсы әрекеттер жасайды, қажетті адамдармен уақытша дос болады, сыйлық таратады және т.б. Міне осындай әрекеттерді сайлаудағы саяси технология деп атайды.
Жалпы, саяси технологияның негізгі үш түрі бар: ақ, сұр және қара. Соңғы екеуі лас технологияға жатады.
Лас технология – қарсылас үшін жағымсыз және өзі үшін жағымды имидж жасау мақсатында жасалатын әдістер жиынтығы болса, соның ішіндегі қара технология көп жағдайда заңға қайшы әрекет болып табылады, ал сұр технология заңға тікелей қайшы емес, бірақ жанама түрде қарсыласқа қара күйе жағу жөнінен біріншісінен қалыспайды.
Қазақстанда лас саяси технологиялардың қарқынды түрде қолданылуы 90 жылдардың аяғынан басталады және де уақыт өте келе өз қажеттілігін жоғалтуда. Соған қарамастан қара PR-дың кейбір элементтері осы күндері де қолданылады. Солардың ішінде ең көп таралғандары:
Бірінші. Қарсыластың мүмкіндігін төмендету үшін аттас адамдарды үміткер ретінде енгізу. Мәселен, бір сайлау округінде Нұрлан Қойшыбаев және Қуат Жылқыбаев (үміткерлердің аты ойдан шығарылған) деген екі азамат бір-біріне басты қарсылас атанады. Осы кезде Қ.Жылқыбаев Нұрбол Қойшыбаев, Нұрбек Қойшыбаев, Нұркен Қойшыбаев және т.б. аты-жөні ұқсас адамдарды тауып алып сайлауға қатыстырып қояды. Бұлардың сайлауға қатысуы жасанды, десек те мұндай әрекет Нұрлан Қойшыбаев үшін үлкен соққы болады. Себебі, сайлауға барған кезде Қойшыбаевқа дауыс береміз деп келгендер, ондай Қойшыбаевтардың бірнешеуі бар екендігін көргенде қатты шатасады. Бұл өте күшті технология, әсері де өте жақсы.
Мұндай жағдайда Қойшыбаевқа не істеу керек? Үгіт-насихатқа арналған қаржының біраз бөлігі жұмсалып қойды, сайлауға дейінгі уақыт болса күннен-күнге азайып барады.
Осы кезде, қолданылған лас технологияны қарсыластың өзіне соққы ретінде пайдалану қажет. Лас технологиялар көп жағдайда сайлаушылардың саяси сауаттылығы төмен жерлерде жасайды. Сол үшін қысқа уақыт аралығында халықтың сауаттылығын ашу қажет. Жасалынып отырған әрекеттің лас екендігін, оны тек әлсіз кандидат жасайтынын халыққа білдіру керек. Осыдан кейін бұл жаман амалды кім қолданғанын айтпай-ақ қоюға болады. Халық өзі-ақ түсініп алады.
Қосымша қорғаныс ретінде Қойшыбаев сайлаудағы реттік нөміріне сайлаушылардың назарын аудару қажет. Мәселен, ол сайлау қағазында 2-ші тұрса, «Нөмірі 2-ші үміткерге дауыс бер. Өйткені ол – Нұрлан Қойшыбаев» деген секілді жарнамаларды көбейту дұрысырақ болады.
Ал тарихтан мысал келтіретін болсақ, қазіргі таңда жұмысына шектеу қойылған Қазақстан Коммунистік партиясының күшін азайту үшін Қазақстан Халықтың Коммунистік партиясы құрылды.
Екінші. Жарнаманы шектен тыс пайдалану. Сөзсіз мұндай қадамға жарнаманың негізгі субъектісі бармайды, оны тек қарсыластар жасайды. Мәселен, белгілі бір үміткердің (партияны да үміткер ретінде қарастыруға болады) суреті, ұраны, бағдарламасы дәлме-дәл көшіріліп, жарнаманың басқа нұсқасы шығады. Содан кейін әлгі жарнамалық қағаздар тұрғындардың үйінің есігіне, автокөліктерінің алдыңғы терезесіне оңайшылықпен кетпейтін желіммен жабыстырады. Әрине, мұндай жарнамадан соң кез келген адам ашуланады. Нәтижесінде, аталған үміткердің имиджіне нұқсан келеді.
Үшінші. Арнайы тапсырып бойынша, белгілі партияға 30 немесе одан да көп адам мүше ретінде кіреді. Дәл осы жалған мүшелер, сайлау науқаны кезінде жарияға жар салып партиядан шығады және бұл әрекет сәйкесінше БАҚ тарапынан белсенді таратылады. Бұл жаңалықты оқыған сайлаушының ойында күдік пайда болады, «Неге олар партиядан шықты?», «Оларға партия не істеді» деген сияқты сұрақтар, нәтижесінде сол партияға деген сенімнің азаюына алып келеді. Байқап қарасаңыздар, мұндай технологияны қазіргі сайлаудан да байқауға болады.
Салыстырмалы түрде әлемдегі ең мықты басқару формасы - демократия, себебі демократиялық мемлекетте билік органдарын халық жасақтайды. Бұл механизмді жүзеге асыру үшін сайлау әдісі қолданылады. Сайлаудың таза, әділетті өтуі демократиялық мемлекеттің негізгі кепілі болып табылады. Сондықтан, жоғары дамыған елдерде сайлауды дұрыс жолмен өткізу бірінші орынға қойылған.
Дархан Өмірбек