Сайлау комиссиясының келісімінсіз кандидаттар жауапқа тартылмайды

10 Наурыз 2023, 11:40 1493

«Адал сайлау үшін» штабы мүшелері БАҚ өкілдері үшін кезекті брифинг өткізді, деп хабарлайды El.kz акпараттық агенттігі.

Штаб мүшесі Жанар Бұқанова сайлау науқаны барысында кандидаттар қызметінің кепілдіктеріне егжей-тегжейлі тоқталды.

«Депутаттыққа кандидаттар тіркелген күннен бастап және сайлау қорытындылары жарияланғанға дейін жұмыстан, әскери қызметтен және әскери жиындардан босатылуға құқылы, жұмыстан шығарылмайды. Олардың келісімінсіз басқа жұмысқа немесе лауазымға ауыстырылмайды, сондай-ақ іссапарға жіберілмейді, әскери жиындарға шақырылмайды», - дейді ол.

Парламент депутаттығына кандидаттар тіркелген күннен бастап сайлау қорытындылары жарияланып, Парламент депутаты ретінде тіркелгенге дейін Орталық сайлау комиссиясының келісімінсіз ұсталып, қамауға, үйқамаққа алынбайды. Оған қоса күштеп әкелуге, сот тәртібімен қолданылатын әкімшілік жазалау шараларына, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасалған жерде ұсталу жағдайларынан бөлек, қылмыстық жауапқа тартылмайды.

«Дауыс беру күні және оның алдындағы күн сот, прокуратура және ішкі істер органдары, сондай-ақ тұрғын үй қорын пайдалану жөніндегі ұйымдар үшін жұмыс күні болып есептеледі. Ішкі істер органдары дауыс беруді өткізу кезінде қоғамдық тәртіп пен сайлау еркіндігін қамтамасыз етеді», - деді «Адал сайлау үшін» штабының өкілі Думан Жампейісов.

Ал штаб мүшесі Әнуарбек Сқақов сайлау комиссияларының азаматтар мен ұйымдардың сайлау заңнамасын бұзу туралы өтініштерін қарау тәртібі мен мерзімдері туралы айтты.

Сондай-ақ ол соттар мен прокуратура органдары сайлау комиссиялары мүшелерінің, азаматтардың, қоғамдық бірлестік өкілдерінің дауыс беруді өткізу мәселелеріне тоқталды. Оның ішінде сайлауға дайындық және оны өткізу кезеңінде келіп түскен сайлау туралы заңнаманы бұзу туралы өтініштерін қабылдауға, дауыс беруге бес күннен аз уақыт қалғанға дейін қарауға міндетті. Ал өтініш дауыс беру күні түсетін болса, бірден қаралуы тиіс.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: