Сайлау демократиялық өзгерістерді нығайтады – депутат

26 Қыркүйек 2022, 15:15 2599

Саяси реформаны жүзеге асырып, сайланатын президент одан арғы дамуда жүйелі шешімдерді қабылдау керек.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мақпал Мыса 20 қараша күні өтетін кезектен тыс Президенттік сайлауға қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды El.kz.

Депутат алдағы өтетін сайлауды соңғы 3 жыл бойғы өзгерістер арқылы саралап шықты.

«Президент сайлауын соңғы үш жылда жүзеге асқан барлық саяси реформалар тұрғысынан қарастырған жөн. 2019-2022 жылдары Президенттің саяси бастамаларының үлкен шоғыры заңнамалық деңгейде іске асты. Енді қазір сайлау арқылы аталған реформаларды нақты орындау, оны бекіту кезеңі туды. Бірінші кезеңде біз Конституциялық реформа өткіздік, референдумда Ата Заңға өзгерістер енгізілді. Одан кейін Президент, Парламент және барлық деңгейдегі мәслихаттарды сайлау қажет. Жаңа қоғам үшін қажетті өзгерістерді заңнамалық тұрғыдан орындап, конституциялық реформаларды іске асыру үшін биліктің барлық тармағын (заң шығарушы билік ретінде - Парламент, атқарушы билік ретінде - Президент және үкімет, сот билігі ретінде - бүкіл сот жүйесі) қайта жасақтау жүзеге асқалы отыр», - деді Мақпал Мыса.

Сондай-ақ ол кезектен тыс сайлауды өткізу Қазақстанның тұтастығын, әлеуеттік жағдайын арттыруға мүмкіндік береді деп отыр.

«Әлем өте тез өзгеріп жатыр. Сондықтан да жедел түрде маңызды стратегиялық шешімдерді қабылдауымыз қажет. Ал сайлауды кейінге ұзартсақ, екіұдай халде жүруге тура келеді. Оған қазір әлемдегі жағдай мүмкіндік бермейді. Саяси реформаны жүзеге асырып, сайланатын президент одан арғы дамуда жүйелі шешімдерді қабылдау керек. Қазіргі халықаралық және өңірлік қақтығыстар кезінде, әсіресе посткеңестік кеңістікте орын алып жатқан жағдайларда мемлекеттілігімізді нығайту ерекше маңызға ие. Саяси жүйе институттарын қайта жаңарту – Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Өз кезегінде сайлау халық бірлігін нығайтуға, азаматтық қоғам мен биліктің үйлесімді әрекет етуіне ықпал ететін болады. Демократиялық және орнықты жаңа саяси модельді қалыптастыру – Қазақстанның тұрақтылығы мен тұтастығын, оның сыртқы және ішкі сын-қатерлерге қарсы тұру қабілетін арттырады», - деп пікір білдірді.

Оған қоса Мақпал Мыса сайлау халқымызды біріктіру үшін өткізіледі деп есептейді.

«Сайлау елімізді біріктіруге бағытталған. Әлемде болып жатқан жағдайды қаперге ала отырып, халқымыз болашақтағы бағыт пен нақты жоспарымызды анық ұғынуы тиіс. Бұл сайлау Конституциялық реформалардың қорытындыларын бекітіп, басқа салалардағы реформаларды жалғастыру және нығайту үшін қажетті уақыт пен сенім мандатын береді. Сонымен қатар алдағы реформалар әлеуметтік және экономикалық бағытты қамтиды», - деді депутат.


Ажар Лаубаева
Бөлісу: