30 Мамыр 2016, 13:18
Қазақстан Республикасы ІІМ Арнайы мемлекеттік мұрағаты Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағатымен бірлесе отырып, Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай — Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың құжаттары көпшілік назарына ұсынылды.
ІІМ көрме барысында келушілердің назарына қуғын-сүргінге ұшырап, кейіннен ақталған азаматтардың істерін, сондай-ақ тергеу барысында айыбы дәлелденбеген істерді ұсынды.
Марат Әбсеметов, Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағатының Бас директоры:
— Бүгін — тарихи күн. Алихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Тұрлыхан Қасенов секілді біртуар азаматтардың құжаттары назарларыңызға ұсынылды. Отызыншы жылдары қазақ халқы нәубетке ұшырады. Осыған қарамастан елімізге вогондап жер аударылып, саяси репрессияға ұшыраған өзге ұлт өкілдерін біздің жұрт шетке тепкен жоқ. Олар қазақ жерінен екінші отан тапты. Көпшілігі біздің елдің азаматтығын алды. Иә, қазақ халқы талай қиындықтарды бастан кешірді. Бірақ біздің еліміз ұлт ретінде жоғалып кеткен жоқ. Сонау Қытайдан — Қырымға дейінгі жерді ата-бабаларымыз найзаның ұшымен қорғап өткен. Назарларыңызға ұсынылып отырған құжаттар сол тұлғалардың елі үшін өмірден өткендігінің дәлелі. Біз осы азаматтарды мақтан тұтуымыз керек.
Марат Демеуов, ҚР ІІМ министрінің бірінші орынбасары:
— Бүгін біз ІІМ-нің атынан осы көрмеге 1937-1938 жылдары 58-шы, 59-шы баптары бойынша сотталған азаматтардың қылмыстық істерін осы көрмеге қойып, көрсетіп отырмыз. Біз бұл құжаттарды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу — осы азаматтардың ерлігі жайлы туған-туыстары, көпшілік жұрт білсін деген мақсатпен орындалды. 2016 жылдан бастап ІІМ қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар туралы ақпаратты ІІМ-нің сайтында жариялау жұмыстарын бастады.
Айта кететін жайт, Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың туыстары процессуалдық емес сипаттағы қысқартылған қылмыстық істер материалдарымен танысуға құқылы, сондай-ақ істегі қолжазбалар, фотосуреттер және басқа да жеке құжаттарды алуға құқылы.
Рүстем Әлпи
Суреттерді түсірген — Нұрбек Әлманбетов