Алдағы өтетін кезектен тыс Президент сайлауы билік пен қоғам арасында қызу талқыланып жатыр. Эксперттер бұл сайлау маусым айында өткен референдумда қабылданған өзгерістердің нәтижесін іс жүзінде толықтай жүзеге асыру уақытының шегі болмақ деп тұжырымдайды.
Қазақстан Республикасы Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, саясаттанушы Қазбек Майгелдинов те өз пікірімен бөлісіп, халықты әр жанның үміті ақталатын әділетті дауыс беруге шақырды.
«Дауыс берген кезде ең маңыздысы тұрақтылық пен бірлікке және саяси дамуға дауыс беретінімізді ұмытпауымыз керек. Өйткені қазіргі дүрбелең заманда бізге ең бастысы ішкі саяси және мәдени қоғамдық бірлігімізді жоғалтып алмауымыз қажет. Бұл тұрғыда бізге мықты президент, күшті парламент, есеп беретін үкімет деген қағиданы жүзеге асыру маңызды болып отыр. Күшті мемлекеттің негізі – саяси партиялардың жаңадан пайда болуы, сайлау нормаларының өзгеруі арқылы халықты билікке қатыстыру. Бұл дегеніміз – саяси мәдениетті арттыру мақсатында жасалып жатқан саяси реформалардың негізгі нәтижесі», – дейді саясаттанушы.
Жаңа Қазақстан мен келер сайлау қоғам үшін үлкен жаңашылдықтар әкеледі деп күтілуде. Жоғарыда аталып өткендей, жаңа заң нормалары ішкі саяси өмірдің жанданғанын көрсетеді. Осы ретте сарапшы саяси жүйенің құрылымдық бағыттарын да айқындай түсті.
«Кезектен тыс сайлаудан күтетін негізгі бағыт – еліміздегі жаңа саяси жүйенің алғашқы қадамы ретінде көрініс табуы. Соңғы 3 жылда жүргізілген саяси реформалар қазіргі таңда іс жүзінде жүзеге асып жатыр. Осы президенттік жүйені, парламенттің, одан әрі үкімет және басқа да саяси жүйенің құрылымдық бағыттары толықтай қайта құрылатын болады. Қазірдің өзінде сайлау туралы заңға өзгерістер, еліміздегі аралас пропорционалды-мажоритарлық тұрғыда сайлау жүйесінің енгізілуі, жергілікті өзін-өзі басқарудағы орталықсыздандыру, президенттің өкілеттілігін шектеу сияқты жаңа нормалардың іс жүзінде жүзеге асуын көре аламыз», – деді ол.
Сондай-ақ, қазіргі таңдағы көршілес елдерде, әлемде орын алып жатқан геосаяси тұрақсыздықтың контекстінде ел тұрақтылығының, елдің бірігуінің бір көрінісі ретінде президенттік кезектен тыс сайлаудың маңыздылығы үлкен рөл атқарып тұрғанын атап өтті.
«Конституциялық реформа кезінде Президенттің біраз өкілеттілігі шектелді. Оның ішінде туыстарының, жақын туысқандарының мемлекеттік басшы бола алмауы туралы, сонымен қатар президенттің бірқатар өңірлерде өкілеттілігі шектелген болатын. Нәтижесінде мұның барлығы 30 жыл бойы қалыптасқан кейбір президенттік биліктен толықтай ажырау, кету бағытында жасалып отырған қадамдардың бірі. Соның ішінде Президенттің 5 жылдық екі мерзімге емес, бір рет 7 жылдық мерзімге өтуі де үлкен саяси шешім. Әділетті Қазақстан құру алдын жаңа партиялар да пайда болып жатыр. Алдағы парламент сайлауына басқа жаңа саяси партиялардың келуін күтеміз», – дейді сарапшы.
Бүгінде сайлау науқаны қарқынды іске асып жатқанын байқап отырмыз. Кандидаттар ұсынылып, партиялармен қатар қоғамдық қозғалыстар да үлкен белсенділік танытып жатыр. Бұл ретте саясаттанушы халықтық коалиция құрылғаны жайлы да сөз қозғады. Оның мемлекеттілігімізді одан әрі нығайту жолында жасалған маңызды қадамдардың бірі екенін айтып, әрқашан осындай бірлікте боламыз деген сенім білдірді.
«Қазіргідей күрделі кезеңде бізге ортақ пайым, ауызбіршілік пен бірлік ауадай қажет. Барлық саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар халық үшін жұмыс жасайды. Әрине оппозициялық топтар да бар. Дегенмен де олардың әлі бірлесіп кандидат ұсынбай отырғандығы қандай да бір оппозициялық күштің қалыптаспағанын көрсетеді. Әлеуметтік реформалар қазірде табысты іске асырылып келеді. Одан әрі де солай болады. Оған қоса, барлық азаматқа тең мүмкіндік қағидасына басымдық берілуде. Біз ең бастысы әділетті Қазақстанды дамытатын басшы таңдауымыз қажет», – деді саясаттанушы Қазбек Майгелдинов.