Саясат Нұрбек Қозыбаев университетінің жұмысымен танысты

4 Қыркүйек 2023, 19:22 1055

Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қозыбаев университетіне барды, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Ведомство басшысы білім ордасының профессор-оқытушылар құрамымен және студенттерімен кездесу өткізді.

Ең алдымен, Саясат Нұрбек оқу орнының жұмысымен танысып, жобалау мен жабдықталудың ең жоғары озық стандарттарына сәйкес салынған жаңа оқу-зертханалық корпусында болды. Айта кетсек, оқу корпусында жас зерттеушілердің практикалық білімін арттыруға арналған 60-тан астам жаңа зертханалар бар. Олардың 20-ы инженерлік, 20-ы жаратылыстану-ғылыми және агротехнологиялық, 10-ы медициналық бағытта қызмет етеді.

Университеттің профессор-оқытушылар құрамымен және студенттерімен кездесуде министр Қазақстанда жоғары білім мен ғылымды дамытудың негізгі басымдықтары туралы айтты. Сондай-ақ СҚУ туралы өз көзқарасымен бөлісті.

Қозыбаев университеті – өзгерістен қорықпайтын, сапамен астасып жатқан тарихы терең, болашағы зор университет. Ол еліміздің жоғары оқу орындарының тізімінде беделді орын алады, - деп атап өтті Саясат Нұрбек.

Министр университеттің жатақханаларына барып, студенттермен әңгімелесті. Айта кету керек, СҚУ-да үш жеке студенттік жатақханасы бар. Орындардың жалпы саны – 1372. Биыл барлық жатақханаларда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қажетті жиһаздар мен тұрмыстық техника сатып алынды. Саясат Нұрбек Қозыбаев университетінің 1200 орындық жаңа жатақхана ғимаратының құрылысымен танысты.

Жатақхана өз есігін 2024 жылдың 1 қыркүйегінде ашады деп жоспарланып отыр.

Берік Арманов
Бөлісу: