Сәтбаев университетінің ғалымдары ванадий аккумуляторының прототипін жасап шығармақ

25 Қаңтар, 09:41 746

Сәтбаев университеті Физика-техникалық институтының жас ғалымдары – ғылыми қызметкер Арман Өмірзақов пен PhD докторы Әлжан Байменов ванадий аккумуляторында қолданылатын ванадий электролитін тазартып өндірудің отандық технологиясын жасауда, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Яғни литий-ионды аккумуляторларында өрт және жарылыс қаупі өте жоғары болғандықтан ванадий аккумуляторлары литий-ионды аккумуляторларға балама бола алады. Ал ванадий аккумуляторлары қауіпсіз ғана болып қоймай, сондай-ақ олар экологиялық тазалығымен де ерекшеленеді. Себебі олар ұзақ уақыт қызмет етіп, қайта өңдеуге және қайта пайдалануға болатын электролиттерді утильдеуді қажет етпейді.

Алынған нәтижелерге сәйкес, алдағы уақытта ванадий аккумуляторларының өндірісін қолға алу жоспарлануда. Себебі күн мен жел энергиясын бірлесіп пайдалану жаңартылатын энергия көздерінің экономикалық тиімділігін ондаған есе арттырады және жоғары деңгейлі экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

Әлемдік тәжірибеде тотығу-тотықсыздандыратын батареялар үшін ванадий электролиттерін өндіру қарқынды дамуда, өйткені ванадий аккумуляторы – мәңгілік энергия қоймасы ретінде жұмыс істейді, ал оның жұмыс температурасының диапазоны 10-40 градусқа дейін болады.

Ванадий аккумуляторлары энергия сақтау қоймалары ретінде үнемі экологиялық таза, жылдам және тұрақты энергиямен қамтамасыз етіп отырады. Аккумуляторлардың жаңа буыны жоғары сенімділікпен, сақтау тұрақтылығымен және өте жылдам уақыт реакциясымен сипатталатын болады, әрі оларды күнделікті энергетикалық жүйелерде қолдануға болады. Кез келген электр қуатының үзілуі кезінде олар резервтік қуат көзі ретінде сезімтал жүйелердің жұмыс істеуіне мүмкіндік береді, сонымен қатар сенімді және мықты электр желісі жоқ жерлерді электр көзімен қамтамасыз етуге кепілдік бере алатын қабілетке ие.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: