«Саржағал баспасөз» ұғымы қайдан шықты?

30 Маусым 2014, 05:11

Саржағал баспасөз – бағасы қолжетімді және өсек пен сенсацияға (көбіне маңызы төмен сенсациялар), жанжалға сүйенетін баспа құралдарының бейресми сипаттамасы.

Саржағал баспасөз – бағасы қолжетімді және өсек пен сенсацияға (көбіне маңызы төмен сенсациялар), жанжалға сүйенетін баспа құралдарының бейресми сипаттамасы.

 «Саржағал баспасөз» тіркесі орыстың «желтая пресса» сөзінің аудармасы. Ал орыстар өз кезегінде бұл ұғымды ағылшынның «yellow press» сөзінен аударған. Яғни аталмыш тіркестің этимологиясын Қазақстаннан емес, Ресейден емес, тіпті Англиядан да емес, сонау Атлант мұхитының арғы жағасынан іздеу керек.

Ұғым ХІХ ғасырдың соңында Америка Құрама Штаттарында пайда болып, дүние жүзіне тарады. Ол кезде радио, теледидар (және әрине интернет) деген дүниелер әлі пайда болмаған. Сәйкесінше ақпаратты жалпақ жұртқа жеткізудің жалғыз құралы – баспасөз еді. Газет-журналдар бір-бірімен бәсекелесуде барлық амалдарға жүгінетін заман, мейлі ол әділетті болсын, мейлі құйтырқы болсын. Мұндай жағдайда оқырманның назарын тез аударатын нәрсе әрине – сенсация! Сенсация іздеген баспа құралдары мәдениет деңгейін аттап өтіп, қылмыс пен жыныстық қатынас секілді жағымсыз тақырып деңгейіне дейін түсіп кетті.

Алайда ХІХ ақырғы жылдарында қоғам назарын аударудың жаңа әдісі шықты және ол түрлі түсті баспа. Әралуан түске боялған тақырыбы бар газеттер оқырмандарды қызықтырып, тез сатылып жатты. 1896 жылы Джозеф Пулицер есімді азаматтың иелігіндегі New-York World газеті бәрінен озып, алғашқы бетке түрлі-түсті комиксті шығара бастады. Сурет авторы – Ричард Фелтон Ауткот. Комикстің басты қаһарманы бет-бейнесі азиялыққа жақын үсті-басы алба-жұлба бір бала болатын. Ол қалада болып жатқан әрбір оқиғаны бақылап, оларға мазақтай отырып пікір білдіреді. Пікір баланың сары түсті киімінде жазылды. Сол себепті комикс «Сары бала» атанып кетті. 

Дегенмен, бизнесте жиі қайталанатын әрекет мұнда да қайталанды. Идеяны басқа бір танымал журнал New-York Journal (иесі Уильям Рандольф Херст) ұрлап, суретші Ричарда Ауткотқа көлемі жоғары жалақы ұсынып, өздеріне тартып алады. Бірақ та Пулитцер оңайшылықпен берілмей дәл солай сурет сала алатын өзге бір суретшіні жалдайды. Осылайша екі алпауыт газеттің арасында жарыс басталды. Оқырмандар екі жақты да оқыды.

Араға біршама уақыт салып, New-York Press аталмыш екі баспаның жарысына арналған мақала шығарып, ол екеуін «саржағал баспасөз» деп атайды. Бұл атау бұқараға қатты ұнап, тұрақты ұғымға айналды. 

Негізінде, «саржағал баспасөз» ұғымының шығуына байланысты тағы бір нұсқа бар. Бірақ оның тарихы қысқа. Газеттер жалпақ жұртқа арналғандықтан оны шығаруға жұмсалатын қаржы барынша үнемді болуы керек еді. Сол себепті, газетті арзан және сапасы төмен қағазға басу ыңғайлы болды. Бірақ арзан болғандықтан, мұндай газеттер тез сарғайып жатты. Баспасөздің саржағал аталуының бірден-бір себебі осы да болуы мүмкін.

Оқырманға сауал?

Біздің елімізде «саржағал баспасөз» қаншалықты көп? Болса, оларды атын атап, түсін түстей аласыз ба?

Материалды дайындаған: Дархан Өмірбек. 

Бөлісу: