Сарыарқаның төрі, еліміздің индустриалдық жүрегі – Қарағанды облысы

31 Желтоқсан 2019, 12:37 17230

Сарыарқаның төрі, еліміздің индустриалдық жүрегі, ерекше рухани энергетикасы, көне дәстүрлері бар ірі мәдени орталықтың бірі әрі бірегейі – Қарағанды облысы.

Бұл күні облыстағы Қазақстан халқы ассамблеясында 49 этномәдени бірлестік, 216 Қоғамдық келісім кеңестері, Журналистер мен сарапшылар клубы, 165 Аналар кеңестері, Жаңғыру жолы жастар қозғалысының өңірлік штабы, қалалар мен аудандарда облыстық қоғамдық бірлестіктердің 4 филиалы және 23 бастамашыл тобы, 3 Достық үйі жұмыс істейді.

Халық пен билік арасында алтын көпірге айналған қоғамдық келісім кеңестері бұл күнде этносаясат саласындағы мәселелердің шешілуіне ғана емес, этносаралық қарым-қатынасты зерттеуге үлес қосуда. Ал, Аналар кеңесі жанұя институтын қалыптастыруға ұйытқы болып, отбасы құндылықтарын насихаттап, қоғамдағы көпбалалы, аз қатмылған отбасыларға ерекше назар аударады. Кеңес құрамындағы жетістікке жеткен әйел кәсіпкерлер мотивациялық тренингтер өткізіп, өз кәсібін ашам деген жас аналарға грант бөлуді дәстүрге айналдырды.

Қоғамдық сананы жаңғыртудың маңызды элементтерінің бірі медиация екенін ескерсек, Достық үйінде ашылған медиация кабинеті бітімгершілік жүйесін насихаттап, көптеген даулардың тиімді шешілуіне мұрындық болуда. Бүгінде мұнда кәсіби және кәсіби емес медиаторлардың қатысумен 600-ден аса дау шешілген.

Халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға бағытталған «Қайырымдылық керуені» акциясы бір жылға созылып, ай сайын қазақ ұлтының әдет-ғұрыптарымен ұштастырылған болатын. Атауларының өзі айтып тұрғандай, әр айға бөлінген акция аясында 5206 шара өтіп, аз қамтылған, көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға 949,5 млн. теңгеге көмек көрсетілді. Қаңтарда – «Сарқыт», ақпанда – «Сыбаға», наурызда – «Шашу», сәуірде – «Асар», мамырда – «Қамқор», маусымда – «Тоқымқағар», шілдеде – «Ерулік беру», тамызда – «Жылу», қыркүйекте – «Көрімдік», қазанда – «Бата», қарашада – «Бес жақсы», желтоқсанда – «Кәде» деп аталып, көңілі жарым, жағдайы жоқ отбасыларға көмек көрсетіп қана қоймай, келешек ұрпақтың бойында жанашырлық, көмек қолын созу сияқты рухани құндылықтарды сіңірудегі ролі үлкен.

Қазақстан халқы Ассамблеясы өткізетін «Қайырымдылық керуені» форумында қарағандылық меценаттар Бекзат Алтынбеков, Көңілбай Шүкенов, Витаутас Верасимявичус, Иван Георгиади «Жомарт жан» төсбелгісімен марапатталды. Бұл марапат – меценаттық және қайырымдылық қызметін дамытуға сіңірген еңбегі үшін көтермелеу мен қоғамдық танудың белгісі.

2017 жылы Арқа журналистерінің басын қосып, ортақ мүдде жолына жұмылдырған Қарағанды облысы Қазақстан халқы ассамблеясының Журналистер мен сарапшылар клубы құрылған болатын. Клуб мемлекеттік саясатты жетілдіру, этносаралық келісім мен қоғамдағы тұрақтылықты нығайту бойынша мақалаларды, этносаралық сипаты бар тақырыптарды дұрыс мазмұндау бойынша БАҚ үшін ұсынымдар әзірлейді. Құрамына республикалық және өңірлік БАҚ-тың этносаралық тақырыпқа жазатын 22 журналист пен этносаралық қатынастар саласындағы сарапшылар, этномәдени орталық өкілдері кіретін клуб мемлекеттік төзімділікті, этносаралық, конфессияаралық келісімді, азаматтық бірлікті, патриотизмді және рухани-мәдени тұтастықты нығайтуға ықпал етуде ауқымды шаралар атқаруда.

Қарағанды облысы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ тапсырысымен тоқсан сайын «Достық аймағы» журналы жарық көреді. Форматы жағынан республикалық деңгейде әзірге жалғыз басылым бүгінде оқырмандары тарапынан оң бағаға ие болған. Ассамблеяның көп функционалды assembly.kz веб-порталының жұмысы өз алдына бөлек дүние. Аймақ жаңалықтары үздіксіз жарияланатын сайтта Ассамблея жұмысы туралы толдық мағлұмат алуға болады. Журналистер және сарапшылар клубымен тығыз жұмыс істейтін журнал жұмысы да, сайт та мемлекеттік саясаттың үлкен бір бағыттарының бірі. Сондықтан, клубқа мүшелікке енген әр журналистің қаласынан шыққан ұлтаралық, дінаралық татулық тақырыбындағы мақалалар тұрғындардың осы саладағы сұрақтарына толық мағлұмат береді. Биылға жыл бойынша, 3446 материал жарық көрсе, оның 592-і республикалық, 2346 облыстық және 2754-і аудан, қалалық БАҚ та жарияланды. Әлеуметтік желіде 2210 пост пен мақала шықса, 20 бейнеролик дайындалып, облыстық телеарналарда арнайы телехабарлар көрсетілді.

Тағы бір маңызды құрылым – Қарағанды облысы Қазақстан халқы ассамблеясының Жаңғыру жолы жастар қозғалысы. Тәуелсіздік жылдары жас көшбасшылардың тұтастай тобын тәрбиелеп шығарған облыстық ҚХА өткізген тағылымды іс-шаралар аймаққа ғана емес, республикада да кеңінен танымал. Осы мәселенің маңыздылығын ескере отырып, 2017 жылы облыстық Ассамблея кеңесі Жастардың үйлестіру кеңесін құрды.

Бүгінгі таңда Қарағанды облысының штабы өңірдің жас тұрғындарын бейбітшілік пен келісім саясатына тартуға, ҚХА мақсаттары мен міндеттерін түсіну картасын жасауға, этносаралық және конфессияаралық келісім ұғымдарының мән-мағынасын ашуда белсенді жұмыстар жүргізіп, «Nur Otan» партиясының ҚОФ «Jas Otan» жастар қанатымен белсенді қарым-қатынас орнатты. Бірлескен күш-жігердің арқасында облыстық ҚХА құрылымдарының жас көшбасшылар пулы құрылды. Аймақтың жоғары оқу орындарының басшылығымен бірлесе отырып, «Жарасым» студенттік клубтары ашылды. Алғашқы клуб Қарағанды медицина университетінде құрылса, биыл Абай қаласындағы 14 мектеп-лицейінде де ашылды. Ал, басты жетістіктердің бірі – Елбасының еңбек отаны – Теміртау қаласында «Жаңғыру жолы» қалалық штабының ашылуы. Ал, жобалар арасынан Достық үйінің негізінде «Bilim Ortalygy» зияткерлік аймағының ашылуын атап айтуға болады.

Биылғы жылдың қаңтар айында Қарағанды медицина университетімен бірлесіп аймақтың 8 жоғары оқу орындарының белсенді студенттерін біріктірген «Сарыарқа жастары» атты студенттердің облыстық форумы өтті. Оның аясында жастар стартаптарының көрмесі бүгінде жергілікті билік пен бизнес-құрылымдардан қолдау тапты.

Елдегі мәдени-тілдік ортаны одан әрі үйлестіруді, рухани ортақ құндылықтардың, мақсаттар мен міндеттердің бірлігін қамтамасыз етуге бағытталған «Қазақтану», «Мәміле», «Мың бала», «Бұқарекең жырлайды», «Даланың дара данасы», «Күлтегін жыры. Ұлы Дала дастаны», «Елтану», «Қоғам қайраткері Жұмабек Тәшенов атындағы байқау» сияқты жобаларды іске асыруда.

Қатпарлы тарихымызды танып-білуге, азаматтық бірегейлікті, қоғамдық келісімді және Қазақстан халқының жалпыұлттық бірлігін дамытуды көздеген «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» жобасы да жыл сайын дәстүрлі өтеді. Бұл ілкімді жобалардың барлығында этномәдени бірлестік өкілдері ниет білдіріп, белсенді түрде араласады.

Атап айтсақ, жастардың арасында рухани тұрақтылықты дамыту және патриоттық құндылықтарды тәрбиелеу, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру және этнос өкілдеріне қазақ халқының дәстүрін, тарихын насихаттау мақсатында өткен биылғы шараларда Юрий Михуля, Елизавета Седышева, Оксана Менделюк, Жанна Сеченева, Владимир Кузнецов, Тимур Тен, Минара Гучигова жүзден жүйрік шығып, республика бойынша үздіктер қатарынан көрінді. Республика бойынша алғашқылардың бірі болып «Мәміле» сұхбат клубын ашқан да Қарағандының Достық үйі. «Мәмілеге» келушілер саны бүгінде 1699 адам болса, оның ішінде этнос өкілдері аса белсенділік танытуда.

Сондай-ақ, «Ардагерлерді ардақтайық» бағдарламасы аясында облыстық «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп ашқан «Белсенді өмір орталығында» қазыналы қарттардың бос уақыттарын пайдалы өткізу үшін Достық үйінде барлық жағдай жасалған. Компьютер сыныбы, дене шынықтыру, хореаграфия залдары, мемлекеттік және ағылшын тілдерін оқыту кабинеттері бар.

Облыстық Ассамблеяның қолдауымен өңірдің әлеуметтік өзекті мәселелерін шешуге, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға, жеке бизнес ашып, кәсіпкерлік дағдыларын дамытуға және инновациялық идеяларды іске асыруға бағытталған «Social Trust әлеуметтік кәсіпкерлік мектебі» семинарлары өтті. Төрт мәрте өткен мектепте 200-ден аса тыңдаушы дәріс алды. Ал келер жылы, қалада облыс әкімінің қолдауымен «Әлеуметтік кәсіпкерлік» форумын өткізу жоспарланып отыр.

Мемлекеттік тілді үйренем деушілерге Достық үйінде лингафон кабинеті, кітапхана, Ассамблея тарихынан сыр шертетін жәдігерлер жинақталған музей бар. Өнердің әр саласына бейімдеуге арналған «Шабыт» көрме залы, шығармашылық орталықтары, шеберлік сабақтарын өткізуге мүмкіндік жасалған. Орталықтардың басты бағыты – ұлттық құндылықтарды дәріптеп, этностардың қазақи нақыштарға деген қызығушылығын арттыру. Сондай-ақ, Қарағанды облысының этнос өкілдері, архив және статистикалық мәліметтер негізіндегі тарихы туралы құнды ақпарат беретін интерактивті карта дайындалды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасын іске асыруға бағытталған «Арқаның жыршылар мектебі», «Күй керуен» шертпе күй орталығында аймаққа белгілі өнертанушылар, айтыскер азаматтар жетекшілік етеді. Аталған орталықтар мен бөлімдер облыстық Ассамблеяның этномәдени бірлестіктермен ұйымдастыратын шараларының барлығында атсалысады. «Масленица», «Мэрцишор», «Чак-чак», «Сольналь», «Сабантуй», «Славян жазуы күні», «Шевченко оқулары», «Ртвели» мерекелері баршамызға ортақ. Жастар да жаңа жобаларын осында көрсетіп, дамытуда.

Қарағанды облысы Қазақстан халқы ассамблеясы – этностар арасындағы достықтың ғана емес, болашағы біртұтас ұлттың ынтымағы мен берекесінің ұйытқысы, нағыз жанашыр отбасының үлгісі болса, Достық үйі азаматтық қоғам бастамаларының нағыз орталығына айналды. Мұнда 2019 жылы 3200 шара өтті. Атқарылған жұмыс ауқымды болса да, алда міндеттер өте көп. Келер жыл өте маңызды әрі айшықты мерекелерге толы. Ғұлама ойшыл Әбу Насыр Әл-Фарабидің, кемеңгер Абайдың, Ұлы Жеңістің, Конституцияның, Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойларына дайындық басталып та кеткен.

Бөлісу: