Сарыарқаның алтын тәжі – Қарқаралы

25 Тамыз 2020, 10:57 13729

 Қос ғасырға тең тарихы бар Қарқаралы

Қарқаралы – ешбір қалаға ұқсамайтын, өзіндік кескін-келбеті, сәулеттік өзгешелігі, бай тарихы бар өңір. Бір қаланың өзі - мыңдаған туристерге жәдігерін ұсына алатын эскпонаты көп орталық. Елді мекен Қарағанды қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 220 шақырым жерде, теңіз деңгейінен 815 метр биіктікте орналасқан.


Тарихқа көз жүгіртсек, құла түзде құлан, арқар жайылып, орман-тоғайымызда аю мен бұлан жортқан замандарда бұл өңірде жер бетіндегі ең алғаш мекендеген адам баласы болған деседі. Тіпті, жыртқыш жануардың ең алғашқы тұқымдасы динозаврлардың болғанын да тарих ақиқаттап отыр мыс. 


Оған дәлел ретінде қала басындағы «Суық бұлақ», «Үш үңгір» қазба орындары келтіріледі. Қала іргесіндегі Кент тауларының Талды қорымынан табылған «Алтын адам» жәдігері де – көне сақ, ғұн тайпаларының дәуірлеу кезеңінің белгісі іспетті. Бұған қарап арқа төсіндегі Қарқаралының 2 мыңжылдан астам тарихы бар, ескі жұрт деуге әбден болатын сияқты.


19-ғасырдың екінші жартысында жері шұрайлы, жайылымы малға, қойнауы кенге бай Қарқаралы Орта Азия мен Қытайдан Сібірге баратын керуен жолының торабы ретінде маңызды сауда, кәсіпшілік және мәдени - ағарту орнына айналды. Мұнда саяси тұтқындар жер аударылды. 


Қарқаралының солтүстігіндегі Қарасор көлінің жағасында 1848 жылдан 1930 жылға дейін белгілі Қоянды жәрмеңкесі өтіп тұрды. Қарағайлы қорғасын-барит кен-байыту комбинатының салынуына, оған теміржол мен тас жолдардың жүргізілуіне, қалада ауыл шаруашылықтың дамуына және айналасында көптеген дем алыс орындарының пайда болуына байланысты Қарқаралы жедел е бастады.


Қазіргі таңда қала төңірегінде бірнеше санаторий, туристік база, оннан астам демалыс үйі, бес оқушылар лагері орналасқан.


Шынында қасиетті Қарқаралы топырағында ұлтымыздың мақтаныштары болған ұлы тұлғаларымыз туып өскен. Бұл жер қазаққа қорған болған атақты Қаз дауысты Қазыбек бидің, бай-шонжарлардың озбырлығына қарсы найзағайдай үн қатқан, ержүрек ақын-сазгер Мәди Бәпиұлының, шертпе күйдің атасы Тәттімбеттің, от ауызды, орақ тілді Кенже бидің, ақын Шөженің, XX ғасырдың басында Қазақстанда жаңа үкімет орнату жолында аянбай күрес жүргізген, алаш арыстары Нығмет Нұрмақ, Жақып Ақбай, Әлімхан Ермек, Мәдіғали Тәтімнің, қазақ ән өнерін әлемге паш еткен Әміре Қашаубаевтың, жезтаңдай әнші Жүсіпбек Елебековтің, дауылпаз ақын Қасым Аманжоловдың, халық жазушысы Әлжаппар Әбішевтің, Халық қаһарманы, тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтың туған жері саналады.


Қарқаралы атауының шығу төркіні

«Қарқаралы» сөзінің шығу төркініне үңілер болсақ, ол туралы тарихы туралы деректер асып жетерлік.


Пікірлер де әртүрлі, дәлелдер де бірнешеу. Бір аңызда Баян сұлу осы маңда қарқарасын түсіріп алып, жердің осылай аталуына себеп болған деседі. Негізге «Қарқараң сөзінің алынуы дұрыс сияқты. Бұл белгі ханды, ел билеген көсемдерді басқалардан ерек қылып көрсету үшін пайдаланған, «қарқараң, «тәж» мағынасын білдіреді. Ендеше, Сарыарқаның сайын даласындағы бұл таулар ханның басына киген алтын тәжі сияқты, қарқарадай болған соң, бұл өңір халық аузында «Қарқаралы өңірі аталып кетуі әбден мүмкін.


Қарқаралының кербез де сұлу, көрікті тауларының алыстан қарағандағы пішіні қыз-келіншектердің бөркіне ұқсайды. Жергілікті өлкетанушылар, қала атауы осыдан шыққан деседі.


Дей тұрғанмен Қарқара атауын қоя тұрып, «Қарқаралы» деген сөздің ұғымын ашатын болсақ, көне қаланың өзін, оны қоршай біткен әсем табиғатты да айтамыз. Олай дейтініміз – бар сұлулық пен әсемдікті бойына жинаған бұл өңірді талай ақын жырға қосқан.


Жанақ ақынның «Қыз берген қарқарасы түсіп қалып, тау атын Қарқаралы қоя сапты» дейтін жыр жолдары да бар. Бұл Қарқаралы атауының сәукеле, қарқара мағынасындағы деректер негізінде жазылғанын аңғартады. 


Қарқаралы ұлттық табиғат паркі

Сарыарқа­ның інжу-маржаны – Қар­қаралы таулары. Оның тұмса табиғаты мен саф ауасы адамның тәнін емдеп, жанын жазады. Осы ғажайыпты келешек ұрпаққа мирас қылып қалдыру мақсатында 22 жыл бұрын Қар­қара­лы ұлттық табиғат паркі құрылды.


Орталық Қазақстандағы жануар­лар әлемі мен өсімдіктер дүниесінің негізгі бөлігі осы парк аумағын мекен­­ етеді. Сонымен қатар мемлекеттік парк қарамағына «Бектауата мен Белдеутас» зоологиялық қаумалдары бекітілген.


Табиғат паркінің өсімдіктер әлемі сегіз жүзден аса түрден тұрады. Олар­дың бесеуі Қазақстан­­ның Қызыл кітабына енген. Ал жануар­лар дүниесінде 46 сүтқорек­ті мен 25 құс­ түрі мекендейді. Жануарлар мен құстар­дан арқар, қара ләйлек, бүркіт, үкі, ер­ге­жейлі бүркіт, дала сұржыланы, Иг­натов гольяны Қазақстанның Қызыл кітабына енген.


Парк көлемінің жалпы аумағы 112 мың гектарды құрайды, оның осыншама кең аумағын 75 мемлекеттік инспектор мен таби­ғат нысандары мен кешендердің ин­же­нері, орман шеберлері қорғап, қадағалайды.


Қарқаралы мемлекеттік ұлттық пар­кі­нің бірінші кезектегі мақсаты – фауна мен флораның табиғи мекендерін қор­ғау. Сонымен қатар туризмді дамыту.


Қарқаралы маңындағы Шахтер, Тасбұлақ, Апан, Інжу-маржан және тағы басқа демалыс орындарына еліміздің әр жерінен жыл сайын турис­тер көп­теп ағылып кеп жатады. Олардың көбі Шайтанкөл, Бассейн көлі, Қалмақ қорғаны, Үш үңгір, Қызылтас, Кімасар шатқалдарын қызықтап қайтады.


Сонымен қатар Тасбұлақ шатқалында орналасқан табиғат мұражайы - парк мақтаныштарының бірі. Бұл 1983 жылы салынған екі қабатты ағаш ғимарат. Мұндағы таныстыру залында көптеген сүт коректілер мен құстардың бейнелері орналасса, ботаникалық залда сирек кездесетін өсімдіктер ұсынылған. Осы мұражай аумағында орналасқан 82 гектар зоологиялық вольерде марал, сарық, кербұғы, шудалы қодас, доңыз сияқты жануарларды тірідей көруге болады.


Тау сайларынан бұлақтар басталып, шағын өзендер бастау алады. Шағын суқоймалары, суға толы гранитті жартас шұңқырлар кездеседі.


Аймақтың ауа райы континентті, күн сәулесі көп түседі. Жазғы жауын-шашын қысқы уақыттан басым және жазда жиі құрғақшылық болып тұрады.


Бұл өлкенің табиғаты әсемдігімен жаныңды жаулап, небір түрлі – түсті формаға енгін құз жартастар қиялдарға жетелейді. Осындай бір таулардың шатқалында кірер аузы үшбұрыштанып келген үлкен «Тас шатыр» үңгірі бар. Атақты Мәліксай қойнауында белгілі «Үш үңгір» бар. Ерте кезде бұл өңірдің орманында аю менен қасқыр жортып, сан алуан құс біткен ұяласа, өлкелерінде түз тағысы құлан, керілген кер марал, құлақтарын қайшылап, елеңдеген ерке елік жайлап, жыртқыштардың әсемі – жолбарыс та жүгірген деген ақпарат бар.


Көк таулардың арасынан ерекшеленіп, көз тартып тұратын осы төңіректің ең биік, әсем шыңы, Қарқаралының символындай болған бір кездері «Жиренсақал «Комсомол шыңы деп аталса, бүгін халық оны «Қарқаралы шыңы» деп атайды. Қай жағынан келіп қарасаң да бұл шың әр түрлі формаға еніп, құбылып, кескін келбетін өзгертіп тұрады. Аттары бірінен бір өткен Бұғылы, Шаңкөз, Көктөбе таулары шынында, жер ананың «Қарқарасы сияқты.
Қарқаралының оңтүстік-шығысында Кент таулары, ал одан шығысқа қарай Балқантау сілемдері жатыр. Осылардың барлығы да ғажап сұлулықтың мекені.


Қарқаралыға табан тіреген ғұламалар

Қарқаралының ақ қайың мен жасыл терек зерлеген шұрайлы өлкесі ерте кезден-ақ оқымысты-ғалымдардың, саяхатшы-зерттеушілердің көңіліне ұялап, көзін қызықтырған. Қазақ халқының тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлиханов, Қарқаралы округінде екі рет - 1855 және 1863 жылдары болды. Қызмет бабындағы сапарын ол халықтың ауызекі аңыз-әңгімелерімен, ән-жырларымен танысуға арнады. Ш.Уәлиханов мал шаруашылығы жөнінде бірсыпыра қызықты материалдар жинады. Оның «Қарқаралының сыртқы округтері болыстарының қысқы көші-қоны» деген еңбегі осы тақырыпқа арналады.


Атақты саяхатшы П.П.Семенов-Тяньшанский редакторлығымен 1865 жылы басылып шыққан «Ресей империясының Географиялық-статистикалық анықтамалық сөздігі» Қарқаралының атағын асқақтата түсті. Қалың оқырман қауым алғаш рет Қарқаралының сұлулығы туралы, әлі де зерттетлмеген үңгірлер мен қорғандардың құпияларына ынтыға түсті.


Орыстың саяхатшысы Г.Н. Потанин өзінің жолжазба естеліктерінде, бұл өңірде болғанда сол кездегі көпес Рязанцевтің үйінде тоқтаған. Бұл ғимарат бүгінгі ұрпаққа сол қалпында жетті.


Қазақтың мың әнін жинаумен тарихта аты қалған атақты музыка зерттеушісі А. Затаевич Қарқаралы өңіріндегі құйма жыраулар ауызынан 154 ән жазып алған екен.


Ал Қарқаралы табиғатына тікелей байланысты «Сұлушаш» поэмасын Сәбит Мұқанов 1928 жылы дүниеге әкеліпті.


Қазақтың алғашқы ағартушы, қоғам қайраткерлері Ахмет БайтұрсынұлыМіржақып ДулатұлыӘлімхан ЕрмековӘлихан БөкейхановЖақып АқбаевНығмет Нұрмақов бұл өңір тарихына өз таңбаларын қалдырған.


Сонымен қатар мұнда талантты әншілер мен артістер Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Жантөре Шанин, Қалибек Қуанышбаев, М.Уәлиева өз өнерлерін, ал Қажымұқан Мұңайтпасов болса күрес бәсекесін өткізіп тұрды деген деректер бар.


Құнанбай мешіті мен Абай тоқтаған Көктебел үйі

Киелі Қарқаралы талай ғұлама ғалымдардың табанының ізі қалған сырға толы шежіресімен де қастерлі. Мұны кезінде қазақтың біртуар перезенті Қаныш Сәтбаев: «Алтайдан Карпатқа дейінгі ұлан-байтақ далада дәл Қарқаралы топырағындай қасиетті жер жоқ» деп дөп басып бағалаған болатын. Міне, осы бір киелі мекеннің қасиетіне қасиет, тарихына тағылым үстейтін есімдердің бірегейі – Құнанбай қажы мен хәкім Абай тұлғасы.

Құнанбай мешіті - Қарқаралы қаласында құрылысы 1850 жылы басталып, келесі жылы салынып біткен мешіт. Оны салу жөнінде 1847 ж. әңгіме қoзғалып, арасында Күшік-Тобықты баласы Құнанбай бар, 16 болыс қол қойған. 1849-52 жылдары Қарқаралы округіне аға сұлтан болған Құнанбай құрылыс жүргізу ісін өз қолына алып, тыңғылықты аяқтаған. Сол себептен де Қарқаралы шаһарындағы шежі­релі һәм қасиетті мекен, 170 жылға жуық­тайтын тарихы бар еңселі мешіт тікелей Құнанбай қажы есімімен байланысты.


Кейінірек мешіт жанынан медресе, шәкірттер үшін жатақ, молдалар үйі бой көтереді. Құнанбай мешіті Қарқаралы округіндегі ислам дінін уағыздауға, балалардың қара танып, сауат ашуына көп қызмет еткен. Мешітке көзіңде Абай да барып тұрған.

Құнанбай мешітінің күтімсіздіктен тозып, жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрған кесенені қайта қалпына келтіру үшін 1989 жылы қарашада облыс, аудан жұртшылығының шақыруымен Алматы қаласынан Қазақтың мәдени-тарихи ескерткіштерін қорғау және қайта жабдықтау конструкторлық жобалау институты мен Көркем-сурет Ғылыми-реставрациялау өндірістік бірлестігінің мамандары 1991 жылы Құнанбай мешітін алғашқы қалпына келтірді.

Егемендік алған тұс­та­ры алғаш рет «Жібек жолы» жобасы не­гізінде мемлекеттен қаржы бөлініп, «Абай­дың мұражайы» деген бағдарлама аясын­да қайта ашылды.

Қар­қа­ралымен тығыз байланыстырып тұрған Құнанбай қажы мешітінен бө­лек, мұндағы тағы бір құнды жәдігер – Абай дәм татқан атақты татар көпесі Халиолла Бекметовтің «Көктөбел үйі». Мешітке соғып, Абай үйіне кірмей кетуге болмайды. Сол секілді Абай үйінің табалдырығын мешіт­тен бұрын аттамайтын киелі өлке­нің жазылмаған өз тәртіп-заңы бар.

Жазба деректерде кеңінен сөз болатындай, болашақ ұлы ақын Қарқаралыға жиі атбасын бұрып тұрған. Қасиетті өлкені Шыңғыстаудан кейінгі екінші атамекені санаған. Қарқаралының Абай жү­ре­гіне айрықша жақын болуының үлкен бір себебі – ақынның анасы Ұл­жан Қара­кесек руының қызы болса, алған жары Ділдә да әріде Қаздауысты Қазы­бек би, беріде Тіленші бидің ұрпағы Алшын­­байдың нәсілі екені белгілі.

Абайдың Қарқаралыға алғашқы са­па­­ры негі­зінен мешіттің құрылыс жұ­мыс­тары бас­талған кезеңмен тұспа-тұс келе­ді. Оны ақын жиі түсіп, қонақ болатын татар көпесі Халиолла Бекметовтің көктөбел ағаш үйінің маңдайшасында жазылған: «Бұл үйде 1850 жылы ұлы ақын-ағартушы Абай Құнанбаев болған» деген дерек растай түседі. Егер ақынның 1845 жылы өмірге келгенін ескерсек, онда Абайдың Қарқаралыға алғаш 5 жа­сын­да табан тигізгеніне көз жеткізуге болады. Ал бұл уақыт әкесі Құнанбай қажы­ның Қарқаралыға болыс болып сайланып, мешіт құрылысымен қызу айналысып жатқан уақытын көрсетеді. Оны Мұхтар Әуезов те «Абай жолы» роман-эпопеясында жақсы суреттейді.

Бірнеше жыл бойы баптап, арнайы кептірілген үлкен бөренелерден қиюластырып салынған тарихи жәдігердің тағы бір ерекшелігі – үйді салу барысында шеге атаулы мүлдем пайдаланылмаған. Білетін адамдар Халиолланың қора-жайы қандай үлкен болса, дастарқаны да сондай мол, ел-жұртқа аса сыйлы болғандығын жиі сөз етеді. Адамгершілігі мен қайрат­кер­лігі де өз алдына бір төбе. Тіпті, Құнан­бай қажы мешіт құрылысын қолға алған­да Халиолла Бекметов тарапынан руха­­ни һәм қаржылай көмек күшіне ие болған.


Құнанбай қажы салдырған мешіт пен Абай тоқтаған үйдің алдында мыстан құйылған биіктігі 4 метрлік мүсін бой көтерген. Үстіміздегі жылдың мамыр айында ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына орай дүниеге келген өнер туындысы салтанатымен көз бен көңілді қатар баурайды. Композиция авторы Сәкен Дәулетбаевтың айтуынша, ескерткіш медреседен үйге оралған жас Абайды әкесінің қарсы алып тұрған сәтін суреттейді. Бір-біріне іргелес орна­лас­қан Құнанбай қажы мешіті мен Абай тоқ­таған үйді үйлесімді үндестірген мү­сін шын мәнінде Қарқаралыдағы Құнан­бай мен Абай дәуірі атмосферасын әсерлі бейнелейді.

Будда храмы ма, әлде «Қыз әулие» мазары ма?

Қарқаралыға кімдер қызықпады дейсіз. Қазақ үшін қиын кезең болған XVI-XVII ғасырларда Қарқаралыны жоңғар-қалмақтар басып алған. Сондықтан болар шежіре дастандарда Қарқаралы мөлдір махабаттың өлкесі деп әспеттелсе, тарихи деректерде жоңғар-қалмақтарға мекен болған жер деп айтылады. Оған дәлел: Кент таулары бойында орналасқан Қызыл кенші сарайы.


Ескі Кент қаласының орнында орналасқан сарай кішігірім жазықта, барлық жағынан жартасты таулармен қоршалған. Сарай – XVI-XVII ғасырлардан қалған архитектуралық қалдықтар жәдігері. Ол Қарағандыдан 260 шақырым жерде, Қарқаралы ауданының Кент тауының шығыс жағында, Қызылсу өзенінің бойындағы Қызылкент шатқалында орналасқан.
Қызыл кеніш сарайының құрылысы осы уақытқа дейін қаз-қалпында сақталған. Өз уақытында бұл екі қабат етіп салынған, айқыш тәріздес архитектуралық ескерткіш. Құрылыс материалына, осы өңірдің қызыл тасы қашап салынған.

Қызыл кеніш сарайы 15 гектардан астам жерді алып жатыр. Өз дәуірінде сарайда шамамен 5000-ға жуық адам мекен еткен болса керек. Қалада сауда ісі жақсы дамығаны байқалады. Оған себеп археологиялық қазба жұмыстары аясында сарайдан сауда орындары, сырт мемлекеттерден келген сауда бұйымдары табылған. Бұдан бөлек бұл жерде мекендеген халықтың ғибадатханасы болған. Оны археологтар 2011 жылы ашып, Қызыл кеніш орнында үлкен қала болғандығын және үлкен топырақтың астынан Будда храмын тауып алады.


Бір қызығы бұл ғибадатхана табылмай тұрып, жергілікті халық, әлгі орында Қыз әулие мазары деп, басына барып тәу етіп, қасиетті жер деп қастерлеп жүрген болса керек. Сөйтсе, Қыз әулиенің қорымы деп жүргендері топыраққа көміліп қалған Будда храмы болып шығады.

Қазба жұмыстары барысында табылған жәдігерлердің көпшілігі жергілікті жердің жағдайына сай келмейді. Олардағы ою-өрнектер Моңғол елінің лама храмдарындағы дүниелерді әшекейлеу үшін қолданылатын өрнектермен ұқсас. Соған байланысты зерттеушілер бұл будда дінінің лама тармағын ұстанушылардың ғибадатханасы болған деген қорытындыға келіп отыр.

Әулиекөл қалай Шайтанкөл болды: аңыздың төркіні қайда?


Шайтанкөл теңіз деңгейінен 1200 м биіктігінде орналасқан ұзындығы 60 метр, ені 40 метр болатын су қоймасы. Тереңдігі жайлы мәліметтер әрқилы. Қайбір жылы шетелдік ғалымдар арнайы аппарат түсіріп, көл тереңдігін тексермекші болған. Онысы 300-ден 500 метрге дейін жетіпті, - дейтін сөздер де бар. Соған қарағанда, көл сөнген жанартаудың кіндігінде жатқан секілді. Орташа тереңдігі 2 метр.


Суы мөлдір, сіңбейді, түбі тастақ, ешқандай ағын су келіп қосылмайды. Оңтүстік, батыс, солтүстік жағаларын қоршап тұрған жартастардың биіктігі 10 м және одан да биік. Қар, жаңбыр суымен толығады.


Жауын-шашын мол жылдары артық су шарасынан асып, оңтүстік жағасындағы науа тәрізді арнамен ағып кетіп отырады. Жан-жағын қарағай, қайың, терек, таңқурай, тасжарған, тобылғы, тағы басқа бұта өскен қалың ну орман көлеңке түсіріп, көл суын көп буланудан сақтап тұрады.


С.Мұқановтың «Сұлушаш» поэмасында осы көлдің көркі әдемі өрнегін тапқан. Жазда көл — әйгілі демалыс орны.


Аты ғана емес, заты да та­лай тылсым мен жұмбаққа арқау бол­ған Әулиекөлдің Шай­танкөлге айналғанға дейінгі тарихында адам түйсігі түсініп бол­мас қан­шама сыр жатыр.


Шайтанкөл турасында ел арасында айтылған аңыздар жетерлік. Өлкетанушылардың айтуынша, көлді басқа емес, әулие Жиренсақалдың өзі солай деп атаған дейді. Халық арасында сол жайында аңыздар көп. «...Өте ерте заманда орман-тоғайлы осынау өңірге Жиренсақал әулие келіп, ел аралайды екен. Әулие биік таулардың бірінің шыңын мекен еткен-мыс. Күндердің күнінде ол Шайтанкөлге барған. Көлге жақын келсе, су ішінде дене тұрқы адамға келетін сары түсті қос мақұлық шомылып жүрген көрінеді. Түсініксіз тілде өзара сөйлескен әлгі екеудің бірі екіншісін «Әбілет, Әбілет!» деп атаса, екіншісі оған «Жәбілет!» дейді екен. Әулие бұлардың ерлі-зайыпты шайтан екенін біліп, олардың көбейіп кетуінен қауіптеніп, дұға оқып, айғай салғанда, қос шайтан зым-зия жоғалып кетіпті. Одан кейін әулие көл басына жиі келіп, дұға оқиды екен. Көлдің «Шайтанкөл» атану   ы содан екен» деседі.


Ал тағы бір аңыз Шайтанкөлді құ­пияға толы крест оқиғасымен байланыс­тырады. Жазба деректерде сақталған мәліметтерге сүйенер болсақ, жағдай былай болыпты. Осыдан бір ғасыр бұрын көптің өтінішімен Михайл есімді қарқаралылық архиерей жергілікті жұрттың зәре-құтын әбден алып бол­ған үрейлі мекенді жын-періден алас­тату мақсатында көлдің батыс жаға­лауындағы қойтасты тесіп, крест орнатады. Алайда, көп ұзамай, ол крест тылсым күштің әсерімен суға құлап батып кетеді.


Осыдан біраз жыл бұрын архиерей Михайлдың Шайтанкөлді аластағанына 100 жыл толған тұста Қарағанды өңірінің бір топ азаматтары көл түбіндегі зілтемірді қайыра алып шығуға ынта білдірген. Алайда бастамашыл топ қаражат таба алмады ма, әлде өзге геосаяси себептерге тоқталды ма – крест су түбінен шығарылған жоқ.


Шайтанкөл бұл өңірде жалғыз емес. Дәл осындай таудың биік шыңдарындағы түзілген көлдер ретін азды-көпті бассейн көлдер тізбектейді. Биік таудың басында, қабырғалары тіп-тік болып, қолмен қойғандай жартастармен көмкерілген көлдер, шын

ында да, табиғи бассейн тәрізді. Шайтанкөл мен Бассейн сияқты көптеген үлкенді-кішілі көлдерді көк таулардың адам аяғы баспаған биік шындарында жиі кездестіруге болады. Көлдің ғылыми, тарихи, туристік маңызы зор.




Рауан Искалиев
Бөлісу: