Сарыағаштағы 5 жасар қыздың өлімі: қаскөйді бостандыққа жіберген судья жаңа қызметке тағайындалды

11 Қазан 2023, 12:13 1249

Түркістан облысында 5 жасар қызды өлтірген ер адамға жеңіл үкім шығарған аудандық соттың бұрынғы төрағасы Нұрғазы Шетенов жаңа лауазымға ие болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Аталған оқиғадан кейін аудандық сот төрағасы Нұрғазы Шетенов қызметінен өз еркімен кету туралы арыз жазған болатын. Өйткені күдікті сол сот төрағасының тұсында бұрын 10 жыл сотталғанына қарамастан биыл жазда тағы біреудің  басын балтамен ұрып жарғанына қарамастан  үш жыл шартты жаза берген.Оған қоса, аудандық сот төрағасын қызметінен кетіруді бұған дейін Сарыағаштың халқы талап еткен болатын. Алайда, ол жұмыстан біржола шығарылған жоқ. Аудандық соттың қарапайым судьясы қызметін жалғастыра бермек.

Жоғарғы кеңестің ұсынысы бойынша президент жарлығымен Нұрғазы Шетенов Сарыағаш аудандық сотының төрағасы қызметінен босатылды, содан кейін осы соттың судьясы қызметіне қайта тағайындалды, - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.

Бұған дейін Нұрғазы Шетенов аудандық соттың басшысы қызметінен кетуге өз еркімен өтініш берген болатын. Бірақ, оның қандай себеппен өтініш бергені айтылмады.

Еске салайық, шілде айында Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі Қылмыстық кодекстің 99-бабы ("Адам өлтіру") бойынша іс қозғалып, тергеу басталғанын хабарланған болатын.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бас прокуратура мен ішкі істер министрлігіне Сарағаштағы бес жасар қыздың өліміне байланысты оқиғаның мән-жайын мұқият тексеруді тапсырды.

Ақорданың мәліметінше, күдікті бұған дейін кісі өлтіргені үшін 10 жылға сотталған. Биыл сот "адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін" күдіктінің бостандығын 3 жылға шектеген.

Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылында 5 жасар қыздың өліміне күдікті деп қамалған 48 жастағы Сайдолим Гаийбназаровты «Адам өлтіру» және «Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» бабымен кінәлі деп тауып, өмір бойына түрме жазасын кесті. Сот үкімі күшіне енгеннен соң сотталушыға кастрация жасалатын болды. Сот бұған қоса, айыпталушыны жәбірленуші жаққа 100 млн теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттеген болатын.

Равиль Ашығали
Бөлісу: