28 Шілде 2014, 10:16
ХIХ ғасырдың орта кезінде Ресей үкіметі қазақ жерін отарлау ісіне шұғыл кірісіп, Сібірдегі шептерін «Қалмақтардан қорғану үшін» деген сылтаумен Есіл өзені бағытындағы шекарасын кей тұстарда 200250 шақырым созып «Горькая линия» («Ащы белдеу») жүргізгенін тарихтан жақсы білеміз. Қазіргі Қорған облысының Половинка, Лебяжье, Макушино, Мокроусов, Петухов, Түмен облысының Қазан ауданы жерлеріндегі қазақтарды (КерейУақ рулары) зорлық, қорқыту, алдаумен Ертіс өзені сыртындағы Құлынды даласына көшірді. Осы бір уақиға туралы Сегіз сері:
Құлындыға төрт жүйе елің көшіп,
Баласы Керей-Уақ бағың тайды.
Ол жерге барғаннан соң тұрып қалмай,
Алтайға ауамыз деп тартты қайғы, – деп жазған. Жоғарыда аталған «Ащы белдеу» қазіргі Жамбыл ауданы жерінен Қостанай – Петропавл тас жолы бойымен жүргізілген. Шекараны күзеткен казактарға «Ащы белдеуден» қазақ жері бағытында он бір шақырым жер тиесілі болған. Осыны пайдаланған казактар он бір шақырым емес, 2030 шақырым жерлердегі қазақтың шұрайлы жерлерін тартып алған. Патша отаршылдарының бұл заңсыздық істері жергілікті қазақтардың наразылығын тудырып, қолдарына қару алғызды. Жамбыл ауданы жерінде Баян бай Ақшаұлы, Марал ишан Құрманұлы, Шақшақ би, Сартай батыр Көшекұлдары, Алдай Сексен батыр Жабайұлдары бастаған қазақ жасақтары отаршылдармен ашық соғысқа шығып отырды. Бұны айғақтайтын құжаттарды Тобыл, Омбы қаласы архивтерінен кездестіруге болады. Осы жолғы әңгімені Сартай Көшекұлына арнадық.
Көшебе Толыбай сыншыдан – Қарабас (Қожаберген жыраудың туған ағасы), Қарабастан – Асқап батыр, Асқап батырдан – Көшек батыр, Көшектен Сартай туады. Сартай Көшекұлының атақонысы қазіргі Айымжан мен Островка селоларының арасындағы бұрынғы Қожаберген, кейін Мола лы, Шөптікөл аталатын көлдің маңы болған. Преснов бекінісі казактары он бір шақырым жер бізге тиесілі деген желеумен Сартайды атақонысынан ығыстырмақ болады. Бұған көнбеген Сартай қол ұстап казактармен ашық соғысып отырған. Найза, қылыш, жабайы құралдармен қаруланған Сартай жауынгерлерінің саны 150ге жетіп, Преснов станицасының өзіне қауіп төндіріп отырған. Бұл жөнінде Сегіз сері «Туған еліме» дейтін өлеңінде:
Туған ел, сіздер үшін болып алаң,
Дұшпанға қарсы аттанған Сартай бабам.
Талқандап ата жаудың бекінісін
Ер болды халайықтан алғыс алған, – деп жазған. Қатты сескенген Преснов станицасы басшылары өздерінің жазалаушы отрядының шамасы жетпегендіктен, Тобыл қаласынан арнайы армия бөлімін алдыртады. Жасырын келген қарулы отряд 1821 жылдың тамыз айында алаңсыз отырған Сартай ауылын оқтың астына алады. Сартай батыр жасағы жан аямай соғысқанмен, қапыда келген күші басым жауға қарсы ештеңе істей алмайды. Сөйтіп бүкіл ауылды қырып кетеді. Сартай батыр 150 сарбазы, 17 баласымен оққа ұшады. Ауыл адамдарын тегіс өлтіріп, ауылды өртеп жібереді. Өздері де біраз солдаттарын даласында көмусіз қалдырып, шұғыл аттанып кетеді. Жергілікті халық бүкіл ауылды қырып кеткенін келесі күні ғана білген екен. Бұндай қырғынды көрмеген халық аза тұтып, осы Шөптікөлдің дөңінде қаза тапқан ауыл адамдарын жерлеген екен. 1821 жылғы осы қанды оқиғаның ізіндей қазір де осы көлдің дөңінде қабірлері сақталған. Көлдің аты осы оқиғадан кейін Молалы көл деп аталады.
Бұл қайғылы оқиға жергілікті халықтың орыс отаршылдарына қарсы ашуызасын тудырды. Сартай батырдың туысы Шақшақ би және оның балалары, оның ішінде Сегіз серінің әкесі Баһрам батыр, Марал ишан, Алдай Сексен батырлар отаршылдармен ашық соғысты.
Сегіз серінің жазалаушы отрядқа қызмет етуден бас тартуы, орыс әскерімен қақтығысып қалуы, сөз жоқ, атадан келе жатқан кек болуы керек. Осы оқиға туралы Сегіз сері «Туған еліме» атты өлеңінде былай деп жазған:
Ер Сартай жау әскерін кескілеген,
Жай өлмей, көп жендетті ала өлген.
Он жеті ұлы, жүз сарбазы көп соғысып,
Дұшпанға өлмей, тірі берілмеген.
Оларды зеңбірекпен атқылаған,
Өлігін қылышпен шапқылаған.
Қолына түскен малды алдына сап,
От қойып, ата дұшпан кете берген.
Өрт шалған солдаттарға қарамаған,
Жерлеуге өліктерін жарамаған.
Өзінің адамына мейірімсіз жау
Кісі деп басқаларды санамаған.
Туған ел, бұл сұмдықты көрдіңіздер,
Қайғырып Сартай үшін жүрдіңіздер.
Осындай айуандыққа барған жаудың
Ешкімді аямасын білдіңіздер.
Бұл оқиғаны көпшілік біле бермеуі мүмкін. Тарихтың қойнауында қалып қойған бұл тарихи қайғылы оқиғаны Кеңес өкіметі кезінде айтуға мүмкін болмай келді, өйткені Ресей мемлекетіне тіл тигізу Құдайға тіл тигізумен бірдей болды. Шыңырау түбінде қалған осындай шындықтарды шығарудың уақыты енді туғанда жасырып қою ұлтыңа жасаған қиянатпен бірдей деу керек.
«Ащы белдеу» («Горькая линия») бойына орналасқан, әсіресе, Жамбыл ауданының қазақтары отаршылдардың құрығына бірінші түсіп, құлдықтың қасіретін бірінші болып тартты.