Сарбаздарға ҰБТ-сыз оқуға түсу сертификаты табысталды

5 Қараша, 06:34 303

Ұлттық ұланның Алматы қаласында орналасқан 3650 әскери бөлімінің сарбаздарына еліміздің жоғарғы оқу орындарына түсуге арналған тегін білім гранттарының арнайы сертификаты табысталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат  агенттігі aqshamnews.kz-ке сілтеме жасап. 

Тегін білім алуға мүмкіндік беретін гранттар жауынгерлік қызмет және жауынгерлік дайындық барысында ерекше көзге түскен сарбаздарға берілген.

Ұлттық ұланның 3650 әскери бөлімінде әр ер азаматтың міндеті болылып табылатын Отан алдындағы парызымды атқарып жүрмін. Әскерге келіп, армандаған жоғарғы оқу орнына түсуге мүмкіндік алып отырмын. Болашағыма жол ашқан, Отан қорғаушы ретінде қалыптасуыма көмектесіп, тәжірибесімен бөліскен командирлеріме ерекше алғыс білдіремін, – дейді грант иегері Төленді Қалмұхамбет.

Ол еліміздегі беделді оқу ордасының бірі – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түсуді жоспарлап отыр. Айта кетейік, мұндай грантқа қол жеткізген сарбаздар енді еліміздегі таңдаулы оқу орындарына ұлттық бірыңғай тестілеуден өтпей-ақ түсе алады.

Жас сарбаз әскер қатарына келгенде өзінің қай оқу орнына түскісі келетінін көрсетіп баянат жазады. Біз оны «Срочник 2.0» цифрлық платформада көрсетеміз. Бұл сертификат нақты мамандыққа берілмейді. Ертең үйіне жеткеннен кейін қандай мамандық бар, өздері таңдау жасайды. Шектеу жоқ, – дейді бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Фахритдин Абдрахманов. 

Сарбаздарға берілетін сертификат екі жылға дейін жарамды. Осы уақыт ішінде талапкер таңдаған жоғарғы оқу орнына барып тіркелуі тиіс. Оларға шәкіртақы төленіп, жатақханадан орын да беріледі.

Зарина Арман
Бөлісу: