Сарбаздардың әскери бөлімді өз бетінше тастап кетуінің себептері талданды

28 Қаңтар, 23:38 873

«Өміріңді сақта» ведомствоаралық бағдарламасы аясында Алматы өңірлік гарнизонының әскери полиция қызметкерлері құрамалардың, әскери бөлімдердің заң қызметтерінің бастықтарымен және Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының жеке құрамымен сабақ өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, әскери полиция басқармасы алдын алу бөлімінің бастығы әділет подполковнигі Берік Жарасов мерзімді қызметтегі сарбаздардың әскери бөлімді өз бетінше тастап кетуінің, әскери қызмет өткеруден жалтаруы немесе одан бас тартуының себептерін талдап, осындай құқық бұзушылықтардың алдын алу жөнінде практикалық ұсыныстарын жеткізді.   

Оның әріптесі, әкімшілік практика бөлімінің бастығы әділет подполковнигі Әсем Адамбекова «Айыппұлсыз жаңа жыл» акциясы аясында әскери қызметшілерге әкімшілік заңнама талаптарын атап өтті. 

Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбына да ерекше назар аударылды. Бұл туралы жиналғандармен ҚР ІІМ әскери-тергеу басқармасының аға жедел уәкілі капитан Нүркен Әділбаев әңгімелесті. 

Соңғы уақытта қоғамда отбасындағы, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық тақырыбы шиеленісе түсті. Мұны назардан тыс қалдыра алмаймыз. Профилактикалық әңгімелер, сабақтар аясында әлеуметтік бейнероликтерді, фильмдерді көрсетеміз, қылмыстық және әкімшілік кодекстердің баптарын жеткіземіз, – деді әскери полиция басқармасы алдын алу бөлімінің бастығы әділет подполковнигі Берік Жарасов. 

Жалпыға бірдей құқықтық білім беруді әскери полиция басқармасының қызметкерлері тұрақты түрде жүргізеді. «Өміріңді сақта» ведомствоаралық бағдарламасының негізгі мақсаты – әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жарақаттануды азайту. Бағдарламаны іске асыру бойынша жұмыс 2025 жылға дейін шамаланған.

Баян Әжмұхан
Бөлісу: