Астанада Әскери сот мерзімді әскери қызметте болған сарбаз Марат Барқұловты атып өлтірген жас офицер Дамир Досовқа үкім шығарды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Дамир Досов Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі (қасақана өлтіру) бойынша кінәлі деп танылып, 13 жылға бас бостандығынан айырылды.
Дамир Досов жазасын қауіпсіздігі орташа деңгейдегі мекемеде өтейді. Ол ұлттық ұлан лейтенанты шенінен айырылды. Сондай-ақ марқұмның ата-анасына 20 миллион теңге өтемақы төлейді.
Қайғылы оқиға «Батыс» өңірлік қолбасшылығы бөлімдерінің жиыны кезінде болған. Сағат 17:10 шамасында лагерь бойынша кезекші, гвардия лейтинанты ПМ 9 мм тапаншасынан оқ атқан. Атылған оқ қатардағы жауынгер Марат Ерболұлы Барқұловтың бетіне тиген. Сарбаз ауруханаға жеткізілгенімен, оны аман алып қалу мүмкін болмады.