Сарапшылар елімізде ортақ құндылық пайда болғанын айтты

7 Қазан 2022, 17:37 1856

Әр мемлекет алдымен өзінің халқының жағдайын жасауы керек

Жақында «AMANAT» партиясы XXIV съезін өткізген болатын. Съезде түрлі мәселелер талқыланып, президенттікке кандидат ұсынылды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым мен саясаттанушы Самат Нұртаза пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz.

Айдос Сарым партия мүшелерімен бірге Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекет басшысы ретінде әрі қарай да қызмет етуін қалайтындарын айтты.

«Біріншіден, біз Президенттің осы кезге дейін Жаңа Қазақстан, Әділетті Қазақстанды құру туралы саясатын қолдайтын партиямыз. Екіншіден, мемлекет басшысының саяси тірегіміз. Сондықтан мемлекетшіл партия ретінде осы реформалардың жүзеге асуын, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бастаған реформасын өзі аяғына дейін жеткізуін қалап отырмыз. Сол себепті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдап, оны кандидат ретінде ұсындық», – деді ол.

Сондай-ақ депутаттың айтуы бойынша, «AMANAT» партиясы съезде кандидатты ұсынудан бөлек, саяси тұғырнама қабылдады. Ең басты қағидасы ретінде Адам, Қоғам және Мемлекетті басты назарға алды. Бұл жөнінде саясаттанушы Самат Нұртаза да жеке пікірін қоса кетті.

«Бұл барша қоғамға қажет қағида деп ойлаймын. Себебі әр мемлекет алдымен өзінің халқының жағдайын жасауы керек. Қазіргі таңда әртүрлі партиялар өзінің кандидатын шығармай, Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынуда. Бұл біздің мемлекетімізде ортақ құндылықтың пайда болғанының бір көрсеткіші», – деді саясаттанушы.

Сонымен қатар Самат Нұртаза партиялармен қоса халықтың басым бөлігі Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент болғанын қалайды деп отыр.

«Қазіргі таңда Қазақстанның айналысында 4 қақтығыс оқиғасы орын алып жатыр. Оңтүстікте Қырғызстан мен Тәжікстан, Батыста Армения мен Әзірбайжан, Солтүстікте Украин мен Ресей, Шығыста Қытай мен Тайваньның арасындағы қарым-қатынас бұзылуда. Ал Қазақстан болса, бейбіт аралдағы жерұйық сияқты ортасында қалып қалды. Осындай аралды сақтай алатын адам әккі дипломат, кәсіпқой маман болуы қажет. Бүгінде бұл орынға лайық Қасым-Жомарт Тоқаевтан басқа тұлғаны көріп тұрған жоқпын. Сондықтан қоғамның өзі де саналы түрде мемлекет басшысын таңдап отыр. Ал Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынған партиялар ішкі бәсекелестікті тоқтата тұрып, мемлекет үшін бас қосты деп білемін», – деді Самат Нұртаза.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: