Сарапшылар ата-ана жауапкершілігін күшейтуді ұсынды

7 Желтоқсан 2022, 19:34 1307

Балалардың панасыз және қараусыз қалуының алдын алу мәселелері қаралды

Бүгін ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысында балалардың панасыз және қараусыз қалуының алдын алу мәселелері қаралды, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Ұлттық комиссияның сарапшылар тобы өңірлерге барып, осы мәселенің жай-күйін егжей-тегжейлі зерттеді.

Отырыс жұмысына сараптамалық және ғылыми қоғамдастық өкілдері, уәкілетті органдардың басшылары, өңірлердегі әкімдерінің орынбасарлары мен бала құқықтары жөніндегі уәкілдер, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Ұлттық комиссия төрағасы, ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Аида Балаева балалар үшін қолайлы жағдайлар жасау, оларға панасыздық пен үмітсіздік қаупіне ұшырататын факторлардың теріс әсерін болдырмау мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының маңызды бағыты болып табылатынын атап өтті. Осы мақсатта әлеуметтік және профилактикалық шаралар кешені іске асырылуда.

Сондай-ақ мынаны атап өтті: «Балалардың панасыздығы мен қараусыз қалуының алдын алу мәселесі әлі де өткір тұр. Бұл балалардың қараусыз және панасыз қалуының алдын алу кешенін қалыптастырудың жаңа тәсілдерін іздеуді талап етеді. Заңға байланысты барынша азайта отырып, кәмелетке толмағандардың қадағалаусыз қалу тәуекелдерінің алдын алу жүйесін жетілдіру қажет.

«Қазақстандағы отбасын мемлекеттік қолдау негіздері туралы» тұжырымдамасын әзірлеу талап етіледі. Онда отбасын қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары бекітілуге тиіс».

«Қосымша білім беруді және бос уақытты ұйымдастыруда проблема бар. Қылмыс жасаған балаларға арнайы қалпына келтіру әлеуметтік бағдарламалары қажет. Бұл баланың жеке басымен жұмыс істеуге және оны одан әрі қылмыстық жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді», - деді Ұлттық комиссия төрағасы.

Балалардың қараусыз және панасыз қалуының алдын алу саласындағы ағымдағы ахуал және осы саладағы жұмыс жүйесін жетілдіру шаралары туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов сөз сөйледі.

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха ата-аналар тарапынан балалардың мінез-құлқына тиісті бақылаудың болмауы олардың құқық бұзушылық, қылмыс жасауына әкеп соқтыратынын атап өтті. Ағымдағы жылдың басынан бері 73 мың. астам ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта мекемелерде болуына жол бергені үшін 1,5 мыңға жуық ойын-сауық мекемелерінің иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Профилактикалық жұмыстың қазіргі заманғы практикасы қорғау-сақтау тұжырымдамасы қағидаттарына негізделеді және «тәуекел тобындағы» балалар мен отбасыларға әлеуметтік-құқықтық, психологиялық-медициналық-педагогикалық көмек көрсететін әртүрлі ведомстволық мекемелердің кең желісін қамтиды.

БҰҰ Даму бағдарламасының әлеуметтік мәселелер жөніндегі ұлттық сарапшысы Светлана Жақыпова жедел шаралар қабылдау және балалардың панасыздығы/қараусыздығы проблемаларын шешу үшін интеграцияланған әлеуметтік қызметтер институтын енгізу қажеттілігі туралы толығырақ айтып берді.

«Бір цифрлық платформада әртүрлі салалардың (білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, құқық қорғау органдары – әрқайсысы өз құзыреті шегінде) сарапшылары жұмыс істейтін болады. Бұл мұқтаж отбасыларға қажетті мемлекеттік қызметтерді жедел және тиімді көрсетуге мүмкіндік береді. Әрбір назардан тыс қалған істі Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бақылайды. Бұл шешім осындай отбасыларға қолдау шараларын көрсету мерзімдерін және тиісінше мемлекеттік органдардың әкімшілік шығыстарын қысқартуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті спикер.

Отбасылық даму және балалар қауіпсіздігі мәселелері жөніндегі ұлттық комиссияның сарапшылары бірқатар проблемалық мәселелерге тоқталды: ата-ана жауапкершілігін күшейту, ювеналды полицияның рөлін арттыру, кешенді алдын алу шараларын ұйымдастырудың жаңа тәсілдері туралы.

Ұлттық комиссия төрағасы А. Балаева Оқу-ағарту министрлігіне мектептердегі профилактикалық қызмет пен бақылаудың бірыңғай стандарттарын әзірлеп, енгізуді тапсырды. Бұл ретте осы бағыттағы барлық уәкілетті органдардың белсенді дәйекті жұмысы қажет екендігі атап өтілді.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі әлеуметтік осал отбасыларды қолдау, сондай-ақ профилактикалық есепте тұрған кәмелетке толмағандардың бос уақытын ұйымдастыру жөніндегі жұмысқа азаматтық секторды кеңінен тарта отырып, алдын алу шараларын әзірлеуі тиіс.

Балалардың қараусыздығы мен панасыздығының алдын алуда ювеналды полицияның рөлін арттырудың маңыздылығы ерекше атап өтілді. Мүдделі құрылымдар мен жергілікті атқарушы органдарды тарта отырып, қараусыз қалған балаларды анықтау мақсатында тоқсан сайын кең ауқымды рейдтер жүргізуді қайта бастау қажет.

Ұлттық комиссия өңірлік деңгейде балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу саласына толыққанды мониторинг жүргізуді жалғастыратын болады. 

EL.KZ
Бөлісу: