Сарапшы: Ұлттық құрылтай – ұлттық идеологияны көтеретін негізгі алаң

Кеше, 13:03 138

Ұлттық құрылтай – ұлттық идеологияны қалыптастырып, оны бекемдейтін алаң. Өйткені келелі жиында ұлттың тағдыры мен болашағына тікелей әсер ететін маңызды мәселелер қозғалады. Осы тұста тарихшы Темірғали Аршабеков ұлттық құрылтайдың маңызы туралы баяндап берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысы 2022 жылдың 16 наурызындағы «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты жолдауында «Ұлттық құрылтай» құруды ұсынған болатын. Содан бері құрылтайдың үш отырысы өтіп, 300-ге жуық маңызды мәселелер талқыланған болатын. Оның бәрі қазір республикалық деңгейде жүзеге асырылып, Парламент қабырғасында тиісті заң жобалары қабылданып жатыр. Өткен жылдың өзінде 9 құжат түзетіліп, кейбірі қайтадан қабылданды. Тарихшы Темірғали Аршабековтың айтуынша, қазақ елінің тағдырымен астасқан мәселелерді шешу жолында «Ұлттық құрылтайдың» атқаратын рөлі жоғары.

Президенттің 2022 жылғы 16 наурыздағы жолдауынан кейін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі таратылған болатын. Бұл кеңес те өз кезегінте тиісті жұмыстарды атқарған еді. Ал сол жұмыстарды одан әрі жүйелеп, ауқымды түрде халықпен етене араласу арқылы жүргізу үшін оның орнына «Ұлттық құрылтай» құрылған болатын. Жалпы ұлттық құрылтай дегеніміз не? Қазақ елінің басынан небір нәубеттер өтті. Осының барлығының шешімі ұлттық құрылтай арқылы шешіліп отырған. Түркілердің тарихында құрылтай сөзі кеңесу дегенді білдіреді. Түп тамыры осы сөзден шығады. Тарихты алып қарасақ, бүкіл әлемді билемек болған Шыңғысханның өзі осы құрылтайда хан болып сайланған. Ал қазақ тарихында өзімізге белгілі «Ақтабан шұбырындыда» алғаш рет үлкен құрылтай болып, қазақ елін қорғау жолындағы маңызды шешімдер қабылданған. 1726 жылы алғаш рет Түркістанда өткен осы құрылтайда жоңғар шапқыншылығына тойтарыс беру туралы шешім қабылданған болатын. Тарихтағы өткен екінші құрылтайда да Абылайды үш жүздің ханы етіп сайлау мәселесі талқыланған еді. Жалпы тарихты алып қарасақ ел тағдырына тікелей қатысты мәселелер талқыға түсіп, кеңесу арқылы шешімін тапқан, – деді Темірғали Аршабеков.

Тарихшының айтуынша ұлттық құрылтай – ұлттық идеологияның бастауы деп айтуға толық  негіз бар.

Ұлттық құрылтайға мемлекеттік шенеуніктерден бөлек халық арасынан қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері мүше болады. Сондықтан да бұл  құрылтайда халықтың ішінде айтылмай тұрған идеологиялық сұрақтар көтеріледі. Бұл құрылтайдың өзі бір жеке мемлекеттік институттың рөлін атқаруына дәнекер десек болады. Сондықтан да бұл ұлттық идеологияны көтеретін негізгі алаң, – деді тарихшы.

Сарапшының айтуынша, ұлттық құрылтай өтетін орын да тегіннен-тегін таңдалмайтын көрінеді. Бәрінің өзіндік бір себептері бар.

Ұлттық құрылтай деген атынан көрініп тұрғандай мұнда талқыланатын мәселелер халық пен билік арасында атқарылатын қоғамдық саяси жұмыстар. Сондықтан оның өтетін орны да үлкен мәнге ие. Мәселен, осыған дейін өткен Ұлытау өңірі қазақ хандығының құрылуында, Кенесарының өан болуында қазақ тарихының кіндігі болған жер. Ал Түркістан болса, бүкіл түркі әлемінің астанасы, киелі орыны болған тарихи маңызы бар өңір. Дәл сол сияқты Атыраудағы Сарайшықты алып қарасақ та үлкен тарихи мәнге ие орын, – дейді Темірғали Аршабеков.

Айта кетейік, осыған дейін ұлттық құрылтай үш рет өтіп, ел үшін маңызды деген мәселелер көтерілген болатын.

Ынтымақ Толқын
Бөлісу: