Сарапшы: Сайлаудағы өзгерістер мемлекеттіліктің жаңа моделін қалыптастырады

27 Қыркүйек 2022, 10:15 1870

Сайлаудың болатындығы жылдың басында болжанған.

Президент жанындағы ҚСЗИ сарапшысы Әсел Назарбетова Мемлекет басшысының кезктен тыс президенттік сайлау өткізу туралы шешіміне қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды El.kz.

«Бұл күтпеген жағдай емес. Сайлаудың болатындығы жылдың басынан бері болжанған. Президент наурыз айындағы халыққа Жолдауында саяси реформалардың болатындығын айтқан болатын. Яғни, саяси өзгерістердің заңды жалғасы ретінде парламенттік, президенттік және мәслихат сайлауын өткізіп, олардың мандатын жаңарту маңызды екендігі айтылды. Сондықтан сайлаудың болатындығы тосын хабар болған жоқ», - деді сарапшы.

Сондай-ақ ол Мемлекет басшысы қыркүйектегі Жолдауында кезектен тыс сайлау өткізетіндігін айтқанда, үш аптаның ішінде басқа саяси күштер өз ойларын жинақтап, ортақ көшбасшыларын немесе сайлау додасына қатысатын тұлғаларды анықтауға мүмкіндіктері болды дейді.

«Саяси процестің заңдылығына қарайтын болсақ, саяси күштер, елдегі партиялар әрдайым дайын болу керек. Халықпен, элоктаратпен әрдайым жұмыс істеп, өздерінің саяси тұғырнамаларын белгілеп, яғни мемлекеттің дамуына, жақсаруына үлес қосатындай болу қажет», - деді.

Әсел Назарбетованың айтуынша, президент өкілеттігінің бір реттік қылып 7 жылдық мерзімге сайлау да Қазақстан тарихында алғашқы жағдай.

«Бұл Қазақстанда жаңа саяси жүйе моделінің қалыптасуына әсерін тигізеді. Сайлауалды тұғырнамада үміткерлер өздерінің бағдарламаларын ұсынып, қазіргі таңдағы еліміздегі өзекті мәселелерді көтеріп, тың идеялар ұсынады. Алдымен жоспар мен бағыт-бағдарды анықтап алу өте маңызды. Кейін 7 жыл мерзім ішінде толыққанды жұмыс істеуге мүмкіндіктер болады. Бұл сайлау қазіргі таңдағы қалыптасқан сыртқы-ішкі факторларға байланысты өте маңызды саяси шара деп айтуға болады», - деді Әсел Назарбетова.


Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: