Сарапшы: Декларация - егемендіктің жаршысы

25 Қазан, 11:51 412

Қазақстан Республикасы президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы басқару институтының директоры, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Зулфухар Ғайыпов Республика күні қабылданған декларацияның маңызы жайлы айтып берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстан халқы араға 13 жыл (бір мүшел жас) салып қайта оралған Республика күнін үшінші рет тойлап жатыр. Тәуелсіздіктің жаршысы болған бұл мерекенің қалың бұқара үшін маңызы зор. Республика күні – еліміздің игілігі мен баға жетпес құндылығы. Мемлекетіміздің мәйегі, дербестігіміздің дәйегі болған Егемендіктің арқасында еліміз толайым табыстарға қол жеткізді.Береке-бірлік, бейбіт тірлік қалыптастырған мемлекет ретінде әлемге танылдық. Еліміздің халықаралық деңгейде айбыны асып, абыройының тасуы - Тәуелсіздік шапағаты, - дейді Зулфухар Ғайыпов.

Сарапшы Республика күнінің тарихы тереңде жатқанын атап өтті.

Мереке тарихына кішкене тоқталар болсақ, алғаш рет Республика күні мемлекеттік мереке ретінде 1995 жылы қазанда жарияланды. Бұл жарлыққа ҚР тұңғыш Президентті Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған болатын. 25 қазан Республика күні болып кездейсоқ таңдалған жоқ. Өйткені 1990 жылдың дәл осы күні Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесінің №307-XII жарлығымен Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылдады. Декларацияда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының егемендігі жарияланып, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері анықталды. Егеменді мемлекеттіліктің іргелі қағидаттары ретінде Қазақстанның жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді, - дейді сарапшы.

Оның айтуынша, 2009 жылы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер» туралы заңына өзгерістер енгізілді. Соның нәтиежесінде Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталды және бұл әдеттегі жұмыс күніне айналды.

2022 жылдың 16 шілдесінде ұлт ұясы Ұлытауда өткен алғашқы Ұлттық Құрылтайда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мереке мәртебесін Республика күніне қайтаруды ұсынды. «Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды... Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек» - деген болатын. Президенттің тапсырмасымен сол жылы қыркүйек айының ортасында Қазақстан Республикасының Парламенті "Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" заңына түзетулер енгізді. Құжатқа сәйкес, Республика күні, яғни 25 қазан – ұлттық мерекеге, ал Тәуелсіздік күні, яғни 16 желтоқсан – мемлекеттік мерекеге айналды. Бұл әділетті де маңызды және тарихи шешім болды, - дейді Мемлекеттік басқару академиясы басқару институтының директоры.

Ғайыпов атағандай, Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі шынтуайтына келгенде осы күннен басталады.

Сондықтан бұл күнді ұлттық мереке ретінде бекіту мемлекеттілік пен егемендік тұрғысынан маңызды да заңды қадам.Қазіргі кезде Әділетті Қазақстанды құру жолында қыруар істер атқарылуда. Еліміздің саяси-экономикалық бағытында жаңғыртулар қолға алынды. Демократиялық үрдістерді дамытуға, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған бұл өзгерістердің қоғам мен әлеует үшін маңызы зор.Жаңғыру жолына түскен жас мемлекет ретінде елдегі ұлтаралық қатнастағы бірлігіміз бен тірлігіміз жарасып, Қазақстанды мекендеген барлық  азаматтардың құқықтары мен олардың еркіндігін қамтамасыз ете отырып, Президентіміз көтерген «Адам мемлекет үшін емес, мемлекеттің игілігі адам үшін» деген қағидасын қолдайық. Тек сонда ғана жаһандану заманының көшінен қалмай, жасампаз мемлекетке айналамыз, - дейді о.л

Зулфухар Ғайыпов барша отандасын Республика күнімен құттықтады.

Ардақты әлеумет. Ұлық мереке Республика күні баршаңыздың отбасыңызға бақ дарып, ырыс ұяласын. Ел іргесі аман, келешегіміз кемел болсын, - деп түйіндеді ол.

Еске салсақ, 1990 жылдың дәл осы күні қазақ кеңестік социалистік республикасы Жоғарғы Кеңесінің No307-XII жарлығымен Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданған болатын.

Айдана Мұрат
Бөлісу: