«Санжар ақтық сында осалдық танытты деп ойламаймын». Бас бапкер пікір білдірді

15 Ақпан, 10:14 1356

Бокстан Болгарияның София қаласында өткен «Странджа» кубогы аяқталып, Қазақстан құрамасы үш медальмен елге оралды. Аталған турнирде Санжар Тәшкенбай 51 келі салмақта күміс медальге қол жеткізді. Бас бапкер Мырзағали Айтжанов Санжарға қатысты өз ойын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Бұл турнирде қазақстандық боксшылар сапынан Дулат Бекбауов (67 келі) алтын, Санжар Тәшкенбай (51 келі) күміс, Тұрсынбай Құлахмет (80 келі) қола жүлдегер атанды.

Санжар жаңа салмаққа жақында ғана өтті. Оған әлі бір жыл да толмады. Әр спортшының жаңа салмаққа бейімделуі әртүрлі болады. Біздің спортшымыз жас болса да, атағы, шеберлігі бар боксшы. Сондықтан ертерек қалыптасады деп ойлаймыз. Финалда әлемдік деңгейдегі мықты спортшының бірімен кездесті. Ақтық сында да осалдық танытты деп айта алмаймын. Өзіне лайық өнер көрсетті, – деді бас бапкер. 

Десе де Санжардың жанкүйерлері боксшыдан бұдан да жақсы нәтиже күткен еді. Мырзағали Айтжанов қолдаушыларының бұл пікіріне қатысты былай деді:

Бірақ Амиттің жасы да, спорттағы тәжірибесі де үлкен. Санжар Тәшкенбай оның қасында жас бала. Бәрі алда. Әрбір жарысқа, әрбір нәтижеге күйіп-пісудің қажеті жоқ. Жанкүйерлерден түсіністікпен қарауды сұраймыз. Келешекте Санжардың бұл салмақтағы үздік нәтижелерін көре бастайтынымыз анық, – деді Айтжанов. 

Айта кетейік, қазіргі таңда бокстан Қазақстан құрамасы Италияда өтетін лицензиялық турнирге дайындалуда.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: