Сантехниктен меценатқа дейінгі жол: Болат Назарбаев кім еді?

13 Қараша 2023, 16:00 7527

Бүгін, 13 қарашада, тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған інісі Болат Назарбаевтың қайтыс болғаны расталды. 70 жасында дүниеде өткен Болат Әбішұлы көптен бері ауырып жатқан. Өткен аптада оның ағасы жағдайын білу үшін ауруханаға арнайы барғанын да жазғанбыз, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бүгін Болат Әбішұлының өмір жолына шолу жасап көрсек. Иә, ол туралы ресми деректер көп емес, оның кеңестік заманда совхозда қатардағы сантехник екені ғана айтылады. Бірақ жұртшылық арасында оның көл-көсір байлығы жайлы әңгіме көп. Мұны экс-президенттің інісі де аса жасырған емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын оның ұлының сүндет тойына ұлан-асыр көкпар беріп, көпшілікке қалтасынан шығарған бір бума долларды таратып жатқанының видеосы тарап кеткен. Ал бұл іс-шараға ол жас әйелімен бірге тікұшақпен келіп, күзет пен полицияның қоршауында отырды.

Сантехник болып бастап, меценат болып шыға келді

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ КСР-нің тізгінін қолына алған сәттен бастап оның інісінің де жағдайы жақсара түскені анық. Бұлай дейтініміз, сол кезде ол Қаскелеңдегі нан зауытының директоры болып тағайындалған. Ал Нұрсұлтан Әбішұлы тәуелсіз Қазақстанның президенті атанған соң кіші Назарбаевтың немен айналысқаны туралы дерек жоқ. Десе де араға біраз жыл салып ол талай жылжымайтын мүлік пен бөлшек сауда, ауыл шаруашылығы және консалтингпен айналысатын компаниялардың иесі болып шыға келді.

Талай базарды жекешелендіріп алғаны да айтылғанымен, оның парқына барып, тексеретін де ешкім табылмады. Бізде базар деген көлеңкелі бизнес қой, ондағы келіп-кетіп жатқан қаражатты ешкім қадағалай да алмайтын. Дегенмен биыл Болат Назарбаевтың соңына түскен прокуратура органдары Алматыдағы ірі сауда орындары соған тиесілі болғанын ресми мәлімдеп, заңсыз иеленген орындар қайтарылатынын хабарлады. Оның ішінде бізді редакция талай рет жазған «Алтын орда» базары да, «Барыс» автокөлік базары да бар.

Алматы облыстық соты «Барыс» автотұрағы орналасқан 37,6 гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару туралы үкім шығарды. 2004 жылдан 2019 жылға дейін мемлекеттік жерлерді Қарасай ауданы мен Қаскелең әкімдіктері, сондай-ақ ауданның жер қатынастары бөлімі жеке меншікке бергені атап өтілді. Жер учаскелерін сатып алу-сатудың жеті шарты жасалған. Ал осы жылдың наурыз айында Қарасай ауданының прокуратурасы бұл мәмілелерді жарамсыз деп тануды талап етті. Сот материалдарды зерттеп, қадағалау органының талабын қанағаттандырған.

Айтпақшы, Болат Назарбаев кәсіпорын қызметіне де «қолын сұғып» көрген. 2000 жылы ол «Қазақмыс» корпорациясының директорлар кеңесінің мүшесі атанғаны жайлы ақпарат тараған. Мыс өндірумен айналысатын ірі компанияның басшысы – Владимир Ким, дегенмен оппозициялық басылымдар оның елімізде сол кездегі ең ықпалды отбасына тиесілі болғаны туралы жазады. «Азаттық» радиосы жазған мақалада Ким «Назарбаевтың сенімді өкілі» деп көрсетілген болатын. Дегенмен оның тегі бұл компания басшылығының тізімінде көп тұрған жоқ.

Ал 2014 жылы Назарбаевтың RBK банкінің акционерлері қатарынан табылды. Биржа сайтында Болат Назарбаевтың акциялардың 7,83 пайызына иелік ететіні көрсетілген болатын. Алайда 2017 жылы бұл банк қызметі тығырыққа тіреліп, оның бірқатар бұрынғы басшысы абақтыға жабылғаны белгілі.

Бұдан бөлек kz.expert басылымы 2019 жылы жариялаған мақаласында оның «Қорғас» шекара бекетін толық қадағалайтынын жазған. Дегенмен ол ресми түрде әлі еш жерде расталған жоқ. Оның алдында дәл осы басылым кіші Назарбаевтың рейдерлікпен айналысып, бөтеннің мүлкін басы-көзі жоқ тартып алатынын мәлімдеген.

Естеріңізде болса, осыдан бірнеше ай бұрын депутат Бақытжан Базарбаев Болат Назарбаевтың кесірінен бүтін бір ауыл жекенің қолына өтіп кеткенін айтқан.

Бақытжан Базарбек бассыздықтың кесірінен бір отбасы 9 мың гектар жерді иемденіп алғанын алға тартты.

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында Асысаға деген ауыл бар. Онда 11 мың гектар жайылым жер бар еді. 2013-2015 жылдар аралығында Болат Назарбаев қойған әкімнің заңсыз қаулысының салдарынан 11 гектар жайылымның 9 мың гектары бір отбасының жекеменшігіне өтіп кеткен. Әкесі – 2 300 гектар, үлкен ұлы – 1 370 гектар, ортаншы ұлы – 1 340 гектар, ортаншы қызы – 1 260 гектар, кіші қызы – 1 760 гектар және оның күйеуі 1 670 гектар жерді иеленді. Осылайша, бір ауылдың жері бір отбасы мүшелерінің жекеменшігіне және жер пайдалану құқығына өтіп кеткен, - деді депутат.

Қайырымдылық қоры

Болат Әбішұлының өз атын ақтап алу үшін игі іске атсалысқаны да бар. 2020 жылы «Информбюро» жарнама құқығы негізінде жариялаған материалда кіші Назарбаев қоғамның осал топтарын қолдауға «Салиқалы ұрпақ» атты қор құрып, бұл қор мұқтаж жандарға арналған үйлер және мешіттер салумен айналысатынын атап өткен.

Отбасы

Ал жеке отбасына келсек, бұл тақырыпқа қатысты да алыпқашпа әңгіме көп. Ресми түрде Болат Назарбаевтың бір әйелі бар – Гүлжан Назарбаева. Екеуі бір шаңырақ астында 50 жыл бірге өмір сүрген. 2020 жылғы 30 маусымда Гүлжан Әбішкелінінің бақилық болғаны туралы ақпарат тарады.

Көпшілік Болат Назарбаевтың сүйіктілерінің саны есепсіз болғанын айтады. Жыл басында өзін Болат Әбішұлының тоқалымын деп таныстырған Динара Әлжан сұхбатында тіпті аналардың өздері қыздарын Болат Назарбаевқа «өткізу» үшін кезекте тұратынын тілге тиек етіп еді.

Ал оның алдында БАҚ-та Болат Әбішұлының Майра Құрманғалиева есімі біраз тақырыпқа арқау болған. Деректерде Әбішұлының әйелдерінің бірі деп келтірілетін Құрманғалиева АҚШ-тағы бірнеше қалада жылжымайтын мүлік үшін соттасқаны айтылды. Сот инстанциясының құжаттары бойынша, Болат Назарбаев бұл нысандардың біразын өзіне қайтарып алған.

Кейіннен Болат Әбішұлы Гүлнұр Назарбаеваны көпшілік орындарға жиі ертіп баратын болды. Болат Назарбаевты «күйеуім» деп атаған Гүлнұр әлеуметтік желіде қымбат сыйлықтардың суретін жиі жариялайтын. 2009 жылы қиылған неке 2021 жылы бұзылды деген дерек бар. Сонан соң Гүлнұр Уахапқызы тегін ауыстырып, хиджаб киіп, 33 жастағы өзбек кәсіпкері Азиз Ниязовтың жары атанған. Бұл жұп қазір Дубайда тұрады, балалары бар. 

Болат Назарбаев – бұрынғы президенттің мемлекеттік қызмет атқармаған санаулы туыстарының бірі. Бірақ Болат Назарбаевтың ересек балалары лауазымды қызмет атқарған.

Ұлы Нұрбол Назарбаев Алматы облысының прокуратурасы мен ІІБ-де басшылық қызметтер атқарса, 2017 жылы бизнеске ауысып, Prime Capital Holding инвестициялық қорының төрағасы атанған еді.

Ал тұңғышы Гүлмира Әбішева Алматы Әділет департаменті бастығының орынбасары болды, Алматы қалалық сотында, Алматы облыстық сотында судья болып жұмыс істеді, Алматы Жетісу аудандық сотының төрағасы, Алматы облысы Қарасай ауданының ауданаралық әкімшілік соты төрағасы да болды.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: